Аида Балаева: ешкім БАҚ-тың ішкі саясатына араласа алмайды

cover

Аида Балаева БАҚ бас редакторларына жарияланған материалдар бойынша қанша рет жеке өзі үндеу тастады? Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты бөлудегі ашықтық қашан орындалады? Дәурен Абаев кезінде әзірленген БАҚ туралы заң жобасы не болды? Бір жыл ішінде қанша интернет-ресурстар бұғатталды? Мемлекеттік құрылымдардың БАҚ-тың редакциялық саясатына араласуы ше?

Әңгіменің әлқиссасын мемлекеттік тапсырыстардан бастайықшы. Бұл мәселеге қатысты сын көп айтылады. Неге тұнықтық, ашықтық жоқ бізде?

Мемлекеттік тапсырысқа қатысты сұрақ қашан да көп қойылып жатады. Сіз де әңгімені осы тақырыптан бастадыңыз. Бәрін дұрыстап түсіндіріп берейін. Мемлекеттік тапсырыс мемлекет саясатын жүргізудің ең басты механизмі. Бұл дегеніміз мемлекет үшін ғана тиімді оқиғаларды жариялау емес, халыққа керекті, маңызы бар қоғамдық үрдістерге қатысты ақпарат беріп, хабардар ету.

 

Аида Балаева о госзаказе, цензуре, блокировке сайтов и Uzyn Qulaq

Мәселен: ұлттық жоба деңгейіне көтеріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды алайық. Мұның барлығы халық үшін жасалып жатқандықтан бұл бағдарламалар жайлы біліп қана қоймай, оған атсалысу керек. Жеңілдікпен тұрғын-үй алу, әлеуметтік осал топтарға арналған жәрдемақы туралы ақпарат, еңбекпен қамту мәселесі халыққа керек. Мұның барлығын баспасөз арқылы бермесе, халық қалай біледі? Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік ақшаның қайда кетіп жатқанын білуге толық құқылы.

БАҚ үшін бұл қызықты тақырып емес. Сондықтан оны біз журналистердің мойнына жүктеп қоя алмаймыз. Бұл тақырыптарды ешкім де тегін жазып бере салмайды. Оны тегін жазуға ешкімді міндеттемейміз де. Сондықтан да, арнайы ақпараттық мемлекеттік тапсырысты БАҚ-тың бағын байлап отыр деп айта алмаймын. Керісінше, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – оңтайлы шешім деп ойлаймын.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тұнықтығы мен ашықтығына, оны әр салаға бөлудегі шынайылық жайлы айтар болсақ, оны да біз ешқашан жасырған емеспіз. Оларды барынша БАҚ-тың қатысуымен шешуге тырысамыз.

- Енді мемлекеттік тапсырысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бақылайтын бола ма?

Дұрысырақ айтсақ, үйлестірумен айналысады. Бұрын мұндай өкілеттігіміз болмаса, қазіргі күні заңды негізде құқылымыз.

— Десе де, отандық БАҚ мемлекеттік тапсырысты орындауға келіскен соң, оларға билік өз айтқанын істетуге тырысатын кездер де болады. Яғни олардың не жазып, не қоятынын өздері шешеді дегендей...

— Менің бұл қызметте жүргеніме бір жылдан асты. Ешбір редактор мені өз құқын асыра пайдаланды деп айыптай алмайды. Қандай да бір мақаланы алғызып тастау деген болмапты. Болмайды да. Қазір кез-келген ақпарат әлеуметтік желіде жария болып жатады. Сондықтан бірдеңені жасырып қалу мүмкін емес.

Ал қоғамдық ортада үлкен талқыға түскен, оқырмандар мен көрермендердің наразылығын тудырған дүниелердің орны бір бөлек. Мұндай кезде ақпарат ағынына жауапты министр болғандықтан, әріптестер арасында бұл мәселені талқылауға толық құқым бар. Мәселен, «Қалаулым» мен «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қатысты халық тарапынан көп сын айтылып, көрермен наразылығын тудырды. Онда да әңгімеміз тек ақылдасып, пікірлесу сипатында өрбіді.

Аида Балаева о госзаказе, цензуре, блокировке сайтов и Uzyn Qulaq

— Басқа мемлекеттік ұйымдар Бұқаралық ақпарат құралдарының, қандай да бір редакцияның ішкі тіршілігіне араласа ала ма?

—  Мүмкін емес. Құрылтайшылардан басқа ешкім БАҚ-тың ішкі саясатына араласа алмайды.

— Өткен жылы аккредитация мәселесі көтерілді. Қазір брифингке, баспасөз-конференциясына қатысу үшін аккредитация алған қиын, журналистер ыңғайсыз сұрақ қоя алмас үшін микрофондары өшіріліп жатқан жағдайлар тіркелген. Жаңа тәртіп орнатқаннан бері жағдай күрделене түскен сияқты.

— Мен бұл сөзіңізбен келіспеймін. Бұл ережелер осы саладағы үрдістердің жылдам жүргізілуіне септігі тиді. Модерация мәселесі үлкен дау тудырды. Менің ойымша, бұл жерде журналистердің құқығына ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Өйткені ол шараны ұйымдастырушылар үшін барлық сұрақтардың қойылып, тақырыптың толық тартқатылғаны маңызды.

Мәселен, «Ақпараттық қолжетімділік» заңы талқыланып жатыр дейік. Осы кезде бір журналист тақырыпқа қатысы жоқ сұрақ қойып, әңгіменің басын басқа жаққа бұрып әкетпек болады. Мұндай кезде басқалары тақырыпқа қатысты сауалдарға жауап алғысы келіп отырады. Олар өз сұрақтарына жауап алуға құқылы деп ойлаймын.  

Аида Балаева о госзаказе, цензуре, блокировке сайтов и Uzyn Qulaq

Брифингте үнемі әлеуметтік маңызы бар тақырыптар көтеріледі. Мәселен, пандемия тұсында халықтың екпеге қатысты сұрақтары көп болғандықтан, Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық Министрлігі аптасына үш рет брифинг өткізіп тұрады. Осы кезде бір журналист ауыл шаруашылығына қатысты сұрақ жолдаса, бұл қаншалықты орынды?!

— Орталық коммуникациялар қызметіне неге сіздің басқармаңыздағы шенеуніктер шығып, сауалдарға жауап бермейді? Министр Цой болсын, санитарлық дәрігер болсын, сіздер дайындап берген ақапаратты ғана айтады. Дұрыс түсіндім бе?

— Жоқ. Ақпарат дегеніңіз ерекше, құнды өнім. Кәсіби мамандардың аузынан шыққан сөздің ғана салмағы болады. Ал біздің агенттік олар айтқан ақпаратты көпшілікке жеткізеді.

Бір жыл бұрын кездескенде сіз анонимдік арналар тарапынан деструктивті ақпарат болған жағдайда мемлекет қатаң шаралар қолдануы мүмкін екенін мәлімдедіңіз. Танымал Uzyn Qulaq анонимді телеграм-арнасы атын өзгертті. Бұл арнаны деструктивті ақпарат көзін таратқан соң жауып тастады ма? Бұл мәселеде «өз жұмысын» сәтті орындаған кісілер марапатқа ие болыпты деген әңгімелер де айтылды...

— Мен қауесеттерге түсініктеме бермеймін. Біреулердің марапат алғанының мұнда не қатысы бар? Uzyn Qulaq телеграмм арнасы өзіңіз атап өткендей жабылған жоқ, тек атауын өзгерткен. Ал деструктивті және фейк ақпараттармен барлық әлем күрес жүргізіп жатыр. БҰҰ теріс ақпарат ағынын ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді деп шешті. Бұл мәселеде неге біздің ел шет қалуы керек?

Демек, бұл арнаның жойылып кетуіне сіздің басқармаңыздың еш қатысы жоқ дейсіз ғой...

— Өкінішке қарай, болмаса, көпшіліктің қуанышына орай десек те болады, Телеграм мен Фейсбук ресми бұқаралық ақпарат құралы болып саналмайды. Олар қалайша мемлекеттің қатысуымен жабылады? Қазіргі уақытта ондай арналардың талайы ашылып, жабылып жатыр. Оның барлығына министрлік жауапты дей алмаймыз ғой.  

— Сіз деструктивті ақпараттың жазаланатыны туралы айттыңыз. Бір жыл ішінде қанша БАҚ немесе пабликтерге тыйым салынды?

— Біз-құқық үстемдігі мен гуманизм принциптерін құрметтейтін заманауи мемлекетпіз. Заң бұзылмаса, жайдан-жай ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Мұндай жағдай орын алса, бірден сотқа тартылмай, ескерту жасалады.

Біздің басты міндетіміз – мониторинг. Бұған қатысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Егер теріс контент анықталса арнайы шаралар жүргізіледі. Ондай ақпарат көздерін құқық қорғау ұйымдарына хабарлаймыз, олар тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Егер сізге нақты статистика қажет болса, олар ашық ақпарат көздерінде бар. Жыл басынан бері 3162 мақалаға тыйым салынды. Оның 164 есірткі насихаты, 404 – терроризм мен діни экстремизмге үгіттеді, 48 – жалған ақпарат және т. б. 2020 жылы заңнаманы бұзған 23 мың материал анықталды. Олардың 30 пайызы жойылды. Оның 21 мыңнан астамы терроризм, діни-этникалық экстремизм туралы, 137 – есірткі өнімдерін насихаттап, тарату, 731 – порнография, қатыгездік, суицид туралы, 293 – жекелеген тұлғалардың, биліктің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, 641 – жалған ақпарат тарату.

Сонымен қатар, шетелдік meduza.io, lentaruss.ru, eadaily.com, pukmedia.com, iton.tv, tsargrad.tv, rossia.org, velikoross.org, sputnikipogrom.com, panorama.pub сынды сайттарға тыйым салынды. Олар ұлтаралық дүрдараздық тудыратын мақалалар мен жалған ақпарат таратқан.

Сіздің министрлікке келгеніңізге бір жыл болды. Дәл осы тұста карантин басталды. Денсаулық министрлігімен тығыз байланыс орнаттыңыздар. Бұл жылдың қорытындысын қалай шығарасыз?

—  Пандемия салалық журналистиканың қаншалықты қажет екенін көрсетті. Біз денсаулық саласын жақсы білетін журналистің жоқ екенін анықтадық. Оның басқа салаларға да қатысы бар. Бір жыл ішінде меморандумға қол қойып, журналистерді бірнеше бағыт бойынша оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар денсаулық сақтау, экология, ауыл шаруашылығы, этносаясат және дін. Журналистердің бұл бағыт ерекшеліктерін терең білуі - тақырыпқа қатысты кәсіби деңгейде ақпарат таратуына мүмкіндік береді.  

Журналистердің біліктілігін арттыру – өте маңызды. Теріс ақпарат ағыны көбейгенде журналистің кәсібилігі өте маңызды рөл ойнайды. Мен кәсіби журналистиканың дамығанын қолдаймын. Бұл бағытта көп жұмыс жүргізіп жатырмыз.

https://www.youtube.com/embed/5wC_hs8FJyQ

— Сіздің алдыңыздағы министр ғаламторды бұғаттап, әлеуметтік желіге шектеу қойды. Қазір ондай шектеулер жоқ. Президент аппаратында жүрсе де, Дәурен Абаев жаппай екпе алу мәселесін көтерді. Бұрынғы министрдің қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министріне әлі де ықпалы күшті ме?

— Оның барлығы ойдан шығарылған. Менің алдымда отырған адам, тәжірибелі медиа менеджер, мемлекеттік тұлға. Ол қазір мемлекеттік саясаттың идеологиялық бағытына, соның ішінде ақпараттық жұмыстарға жетекшілік етеді. Әрине, оның елдегі оқиғаларды назарында ұстап, өзекті тақырыптарға қатысты пікір білдіргенін дұрыс деп білемін. Сондықтан, біз мемлекетіміздің жоғары шенділердің ашықтығын қолдаймыз.

Соңғы сұрақ, қандай БАҚ оқисыз? Қайсысын ұнатасыз?

— Мен өте ерте тұрамын. Сондықтан әр таңым интернет-басылымдарын оқумен басталады. Ал Министрлікке таңнан түрлі басылымдар, газет-журналдар келеді. Қазақстандық бұқаралық ақпарат көздерімен қатар шетел ақпаратын да бақылап отырамын. Әлбетте, БАҚ пен әлеуметтік желі мониторингі бар. Солар арқылы ақпарат ағынын да қадағалаймын. Яғни барлық отандық басылымды оқимын. Жұмысым сондай.

Авторы: Сырым Иткулов

Аударған: Сабина Зәкіржанқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар