Жалған вакциналау паспортын сатқандар ұсталды

cover

Алматыда жалған вакциналау паспортын жасап бергені  үшін ақша алған бұрынғы медбике ұсталды.

Бұл туралы  Orda.kz дереккөзі  Первый канал Евразия екенін көрсетіп хабарлайды.

Шамасы  жалған паспорттар вакцина туралы құжат керек, бірақ екпенің өзін  алуға батылы бармағандарға қажет болған. Жақында қалада вакциналау паспортын электронды түрде алу қызметі пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Телеарна тілшілері сатып алушы ретінде «сатушыға» хабарласқан.

Нәтижесінде олар екі жыл бала күтімі демалысында отырған емхана медбикесіне шықты. Ол вакцинаның алғашқы дозасын  алғандығы туралы растауды 15 мың теңгеге  жасайтындығын айтқан,  дегенмен алатын ақшаның көлемін  клиника өзгертуі мүмкін екенін де ескертеді.

Журналистер құжатты сатып алу үшін ақша аударады. Бірнеше минуттан кейін монитордан коронавирусқа қарсы вакцинаны «алғандығы» көрсетілген фотосурет келді. Осыдан кейін журналистер полиция мен әкімдік қызметкерлерімен бірге делдалды ұстауға барды.

Медбике ұсталды. Оның телефонында әртүрлі адамдардың жеке куәліктерінің фотосуреттері табылды. Бұның бәрі оның делдалдық қызметіне қажет  - ол «вакциналанған» науқас туралы ақша мен мәліметтерді жинап, оларды № 21 емхана дәрігеріне өткізіп отырған. Дәрігер өз кезегінде мәліметтерді ақпараттық жүйелерге енгізумен айналысқан.

— Ақша мен жеке куәліктерді дәрігер Индираға беріп отырдым, деректерді мәліметтер базасына сол енгізген. Кеше таңертең ол менімен байланысып, ақшаны қайтарып беріңіз деді. Содан кейін ол маған бір-бірімізді танымайтын секілді болайық деп, болған іс  туралы ешкімге айтпауымды ескертті. Мен бұл іске бірінші рет қатысып отырмын, - деді ол.

Ал аталған емхана қызметкері қашып кетті. Ол қазір іздеуде.

— Бұл факт  ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша тіркелді. Жедел іс-шаралар кешені өткізілді, қазіргі кезде әр қатысушының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық істі жүргізуді Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасы жүргізеді, - деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция қашқан дәрігерді ұстау уақыт талабы екенін атап өтті. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазірдің өзінде қанша қазақстандық жалған вакциналау төлқұжатын ала алғаны белгісіз. Ішкі істер министрлігі жалған вакциналау паспортын жасағаны үшін ғана емес, оны қолданғаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар