«Фукидид қақпаны»: Си Цзиньпин Трампқа нені ескертті?
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 жылдан кейін Қытайға мемлекеттік сапармен қайта барды. Бейжіңде оны Си Цзиньпин қарсы алды. Қос лидердің кездесуі әлем назарын аударды. Себебі бұл жай дипломатиялық сапар емес — АҚШ пен Қытай арасындағы үлкен геосаяси және экономикалық тартыстың жаңа кезеңі болуы мүмкін. Orda.kz тілшісі үш күндік сапардың себебі мен ықтимал шешімдері туралы баяндайды.
Кездесу барысында Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас «бұрын-соңды болмаған деңгейге» шығуы мүмкін екенін айтты. Ол Си Цзиньпинді «ұлы көшбасшы» деп атап, «онымен дос болу — мен үшін мәртебе» деді.
Ал Си Цзиньпиннің жауабы одан да маңызды болды. Қытай басшысы екі ел арасындағы қарсыластықтың екі тарапқа да зиян әкелетінін айтып, мемлекеттер «бәсекелес емес, серіктес болуы керек» деді. Сонымен қатар ол Трампқа «Фукидид қақпанынан» аулақ болуды ескертті.
«Фукидид қақпаны» деген не?
Бұл — халықаралық саясаттағы белгілі теория. Оның мәні: жаңа күшейіп келе жатқан мемлекет бұрыннан әлемде үстем болып тұрған державаны ығыстыра бастағанда, екі елдің арасындағы бәсекелестік соғысқа ұласуы мүмкін.
Грек тарихшысы Фукидид
Терминнің негізі ежелгі грек тарихшысы Фукидид жазған Пелопоннес соғысы туралы еңбекте жатыр. Ол кезде Афина күшейіп, Спарта өз билігін жоғалтудан қорқа бастаған. Фукидидтің әйгілі сөзі бар:
«Соғысты сөзсіз еткен нәрсе — Афинаның күшеюі және одан Спартаның қорқа бастауы».
Қазіргі заманда бұл теорияны америкалық саясаттанушы Грэхам Аллисон қайта танымал етті. Ол бұл ұғымды әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекені сипаттау үшін қолданды.
Яғни Қытай экономикалық, технологиялық және әскери тұрғыдан күшейіп келеді. Ал АҚШ әлемдегі басты держава ретіндегі орнын жоғалтқысы келмейді. Осындай жағдайда сенімсіздік күшейіп, санкциялар, сауда соғыстары, технологиялық шектеулер және жанама қақтығыстар көбейеді. Соңында үлкен соғыс қаупі пайда болуы мүмкін.
Трамп Бейжіңге не үшін барды?
Сырттай қарағанда бұл жай қос лидердің кездесуі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде дәл осы келіссөздер әлем экономикасының болашағына әсер етуі ықтимал. Өйткені қазіргі әлемде күрес тек қарумен емес, технологиямен де жүріп жатыр.
Мысалы, жасанды интеллект — ChatGPT сияқты жүйелер, әскери бағдарламалар, роботтар және болашақтағы экономиканы басқаратын технологиялар. Мұндай жүйелер жұмыс істеуі үшін өте қуатты компьютерлік чиптер қажет.
Чип — телефонның, компьютердің, көліктің, дронның және спутниктің «миы». Онсыз қазіргі техника жұмыс істемейді. Кім чип өндірісін бақыласа, болашақ технологияны да сол басқарады.
Ал сирек кездесетін металдар электр көліктеріне, әскери техникаға, смартфондарға, батареяларға және өндіріс саласына қажет. Мысалы, вольфрам зымыран, ұшақ қозғалтқышы және ауыр өндірісте пайдаланылады. Қазір әлем елдері дәл осы ресурстар үшін күресіп жатыр.
Сондықтан Трамп бұл жолы Қытайға жай қонақ ретінде барған жоқ. Ол америкалық бизнеске қажет технология мен ресурстар мәселесін шешуге тырысып жатыр. Онымен бірге Бейжіңге Илон Маск, Тим Кук және Дженсен Хуанг сияқты ірі бизнес өкілдерінің баруы да бекер емес. Себебі дәл осы компаниялар Қытай зауыттарына, өндірісіне және маңызды шикізатқа тәуелді.
Қазақстанға мұның қандай қатысы бар?
Қазақстан бұл келіссөздерге қатысып жатқан жоқ. Бірақ оның салдарын міндетті түрде сезеді. Егер АҚШ пен Қытай технология мен ресурстар үшін күресті күшейтсе, Орталық Азияның маңызы арта түседі. Себебі аймақта уран, мұнай, газ және түрлі стратегиялық металдар бар. Сонымен қатар Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік жолдар да осы өңір арқылы өтеді.
Яғни Қазақстан үлкен державалардың назарындағы аймаққа айнала береді. Бірақ мүмкіндікпен бірге қауіп те өседі. Себебі ірі державалар арасындағы тартыс күшейген сайын, олардың аймаққа қысымы да артады.
Сондықтан Трамп пен Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі кездесуі — жай дипломатиялық рәсім емес. Бұл — болашақтағы әлемдік тәртіп пен экономиканың қалай өзгеретінін анықтауы мүмкін келіссөз.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық