«Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?

Тістелген дене, жұлынған уыс-уыс шаш пен жұлып тастаған тырнақтар, сынған мұрын мен қол. Бұл жантүршігерлік сипаттама — небәрі 22 жасар қыздың соңғы демі шығарда көрген қорлығы. Алматыда Amir тұрғын-үй кешенінде жетінші қабаттан құлап қайтыс болған Ақнәр Гүлістанның жақындары полицияның қателігін жайып салды. Қайтыс болар алдында пәтерде оны қорлап, қинаған тағы екі қыздың болғанын дәлелдейтін барлық бейнежазбаларды елемеді. Полиция ешқандай негізгі дәлелдерді іске тіркемек түгілі жақындары күдікті деп санайтын екі қызға тек куәгер дәрежесін беріп қойды.
Orda.kz тілші марқұмның жақындары өткізген баспасөз мәслихатына қатысып, Ақнәр Гүлістанның соңғы күні қалай өткенін біліп қайтты.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың шілдесінде болды. Ақнәрдің анасы Гүлістан Хамиттің айтуынша, қызы жайлы «өз еркімен секірді» деген сөзге мүлде келіспейді. Анасы Ақнәр сол түні өзге екі қызбен бірге болған, алайда телефон арқылы байланысқа шыққан кезде бөтен адам тұтқаны көтеріп, қызымен сөйлестірмегенін айтты. Содан кейін Ақнәрдің әпкесіне күмән тудыратын дауыстық хабарламалар келген, онда: «Қызды тұншықтырып өлтіріп жатыр» деген сөздер жазылған.
Сол түні болған оқиғаның айғағы ретінде анасы келтірген дәлелдер мен айғақтардың барлығын өз күштерімен жинаған. Гүлістан Хамиттің айтуынша полицияға осыншама дәлел мен дәйекті әкеліп отырса да, олар мардымды әрекет жасамай отыр. Ақнәрдің денесін жерлеудің алдында мұсылманша жуындырғанда денесін тістелеген іздерді, қолының сынғанын, тырнағының жұлынғанын көрген. Алайда, ресми сот-медициналық сараптама тек құлақ маңындағы сызатты ғана тіркеген екен. Оған қоса қыздың телефоны отбасына қайтарылғаннан кейін, анасы ішінен азаптау көріністері түсірілген бірнеше бейнежазба тапқан.
Сол түні Ақнәрмен бірге болған екі қыз сол кезде Қытай азаматы болды. Артынша іс қозғалып, оларға қорғауға құқығы бар куә ретінде статус берілді. Осы аралықта екі қыздың бірі Қазақстан азаматтығын алған екен. Оның үстіне марқұм қыздың жақындары олардың оқиғадан кейін еш кедергісіз елден шығып кіріп жүргендерін жеткізді.
ЖАРҚ ЕТКЕН ҒҰМЫР
Ақнәр Хамит — 2002 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген, алайда балалық шағы мен жастық кезеңі Қазақстанда өткен. КИМЭП университетінде білім алған, бірнеше тілді меңгерген полиглот. Бұған дейін аудармашы болып жұмыс істеп, Қытайдан киім әкеліп, оны сатумен айналысқан.
Марқұмның әкесі Хамиттің айтуынша, 2024 жылғы 20 шілдеде түн жарымында белгісіз бір қыз Ақнәрдің телефонынан әкесіне және нағашы әпкесіне хабарласып, Ақнәрді біреулердің ұрып-соғып өлтіргелі жатқанын, ал өзінің тығылып отырғанын жеткізген. Сәлден соң байланыс үзіліп, қайта қоңырау шалынғанымен, әлгі қыз телефонын көтермей қойған. Кейін сол нөмірден мессенджер арқылы тағы да Ақнәрге қауіп төніп тұрғаны туралы хабар келіп, одан кейін мүлде байланыс үзілген.
Араға көп уақыт салмай, марқұмның телефонынан нағашы әпкесіне бір адам хабарласып, өзін полицей екенін айтып, қыздарының терезеден құлап кеткенін жеткізген. Ауыр жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген Ақнәрдің сол жерде ақтық демі үзілген.
Іс бойынша куә ретінде танылған екі қыз Ақнәрдің университетте бірге оқыған таныстары. Екеуі де ҚХР-да дүниеге келген этникалық қазақ. Марқұмның анасы Гүлістан Хамиттің айтуынша, WeChat желісіндегі әңгімеге қарап, Ақнәр сол түні ол қыздардың пәтеріне киім көрсетуге барған болуы мүмкін деп ойлайды. Екеуі де сол түні ішімдікке сылқия мас болған. Ал Ақнәрдің сау болғанын сараптама растаған.
АЗАЛЫ АНАНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
«Қызымның денесінде сау жері жоқ. Бірнеше тырнақтары сынып, бір саусағының тырнағы түбімен жоқ. Белінен төмен түскен ұзын шашының жартысы жоқ болса, қалғаны жуындырғанда уыс-уыс болып түсті. Сол қызымның бір уыс шашын әлі күнге сақтап жүрмін. Денесін тістеген, қылқындырған да іздер анықталды», – дейді Гүлістан Хамит.
Сонымен қатар, Ақнәрдің анасы тергеуге қатысты көптеген сұрақтары бар екенін әрі тергеушінің әрекетсіздігіне наразы екені айтты. Сонымен қатар, Гүлістан Хамит барлық дәлел мен дәйекті туыстарымен бірге жабылып жүріп әр жерден тірнектеп жинаған.
«Тергеушілер екі қыздан жауап алмаған. Ақнәрдің терезеден құлағанын көрген адамдардан да жауап алынбады. Оның ішінде бір блогер бар. Ол сол күні өзінің әлеуметтік желісінде қыздың құлағанын, оның алдында айқайлаған дауыстар шыққанын да айтты. Маңайдағы камераларды қарап, оқиғаның қалай болғанын құрастыруға тырыстық. Бәріне өзім жүгіріп, сол жердегі камералардың жазбаларын жинап, тергеушіге тапсырдым. Олар болса, оның бірін де іс материалына тіркемеген. Адвокаттарымның өтініш хаттарын жауапсыз қалдырды. Әдетте қылмыс болған жерді тергеу кезінде жауып, ешкімді кіргізбейді. Ал пәтерді полицейлер қарағанға дейін екі қыз ол жерді жуып-шайып, тазалап тастаған. Пәтерден қызыма тиесілі бірде-бір зат таппадым. Құжаттары, банк карталары, ақшасы, алқа-бұйымдары, жеке заттарының ешбірі жоқ. Тек әжетхана қағазын тастайтын жерден қызымның уысталған шашын таптым. Тексеру үшін ол екі қыздың телефондары тәркіленбеген, ұзамай екеуі де телефонын ауыстырып жібергені белгілі болды. Ол екі қызды мен әлі күнге дейін көрмедім. Ал менің Ақнәрімнің телефонын полицейлер арада қырық күн өткенде ғана берді. Ол жерден қызымды аяусыз азаптаған бейнежазбаларды тауып алдым. Оларды да іске тіркемей отыр», – дейді азалы ана.
Сонымен қатар, бұл істе ең маңыздысы прокурор екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарған. Бірақ ол қаулының орындалмағанына да біраз уақыт өткен, екеуі де бостандықта, тіпті біреуі Қазақстан азаматтығын алған.
Сондай-ақ, Ақнәр Хамиттің туыстары егер екі қыз кінәлі болмаса бізден келіп кешірім сұрап, бізбен диалогқа келіп, сөйлесер еді дейді.
«Біз полиция бөліміне барғанымызда, Ақнәрдің жан тапсырғанына екі сағат қана уақыт өткен. Сол аралықта олардың ол екі қыздың қорғаушылары бар екенін өзіміз көрдік», – деді Ақнәрдің ағасы.
Қазіргі уақытта істі қолға алған заңгер Инга Иманбай оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалғанын айтты. Ол бұл факті «Адам өлтіру», «Азаптау» баптары бойынша саралануы керек деп санайды. Іспен бастапқыда Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы айналысып, кейін іс қалалық департаментке өткен. Қаралы оқиға болған күні Ақнәрмен бір пәтерде болған екі қыз қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған. Дегенмен жоғарыда айтып кеткендей, прокуратураның ол екі қызды уақытша қамау изоляторына алсын деген қаулысы бүгінге дейін орындалмаған, қыздар бостандықта.
«Тергеу органдары Ақнәрдің анасының қолындағы бар дәлелге мән бермей оны іске тіркемей, не мардымды жауап қатпай отыр. Бұл дәлелдер Ақнәр құлағанға дейін азапталғанын көрсетеді. Қыз құлаған кездегі жан-жақтан алынған бейне бақылау камерасындағы бейнежазбалар мен Ақнәрдің телефонынан табылған азапталған әрі жетінші қабаттан құлардың алдындағы жанұшыра айқайлаған бейнежазбаларды барлығы оны біреу терезеден лақтырып жібергеніне дәлел бола алады», – деді Иманбай.
Orda.kz осы істің қалай өрбитінін бақылап, ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Індет, токсикоз және тұншығу: Маңғыстаудағы каспий итбалықтарының жаппай қырылу себептері айтылды
- «Тәуелділік тәуекелі»: Ресей салған алғашқы АЭС-ке Қазақстан жалғыз иелік ете ала ма?
- Сарапшы Ерлан Батырбеков неге Қазақстанда АЭС-ті «Росатом» салады деген сұраққа жауап берді
- Алматы маңында пойыз бен жол талғамайтын көлік соқтығысты
- «30 миллиондық таңғы ас»: Бейбіт Атамқұловтың ұлы ірі қарыз үшін бизнесменмен соттасты
- Қазақстан Елшісі Зеленскийге сенім грамотасын тапсырды
- Әйгілі мұнайшы, қоғам қайраткері Жақсылық Жанғазиев дүниеден өтті
- Киіктерді қырғандар босатылады да Мәсімов пен есірткі жасырғыштар — шықпайды: жаппай амнистия кімдерге қатысты?
- Иран ядролық қарудан бас тартып, Израильге шабуыл жасауды тоқтатуға дайын
- Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы 200-300 долларға дейін көтеріледі
- Шілдеде қосымша демалыс күні болады
- Си Цзиньпиннің келуі Астанадағы кептелістерге себеп болады
- АҚШ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын Украинадан Таяу Шығысқа ауыстырды
- Израиль - Иран қақтығысы: Дубайдан шыға алмай қалған қазақстандықтар үйлеріне оралады
- Неліктен Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей салады?
- Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламент сайлауы — жай ғана қауесет пе, әлде шындық па?
- Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядағы әскери оқуы: Қазақстанның әуе қорғанысы Ресейге қаншалықты тәуелді?
- Жаман иісті жоғалтып, мердігерлерді жазалау керек: Сатыбалды Алматының тағы бір ауданын аралап көріп, тағы да көңілі толмады
- Иран Израильге зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар қолданып шабуыл жасады
- Қазақстан мен Ресейдің ботаник ғалымдары «мәңгілік шөбін» тауып, сенсациялық жаңалық ашты