Еліміздегі халыққа берілген несиелер көлемі 4,4%-ға қысқарды

cover Фото: Айқын

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан халқына берілген жаңа несиелер көлемі 4,4%-ға азайды. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 9%-ға өскен болатын, деп хабарлайды Orda.kz.        

Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) баспасөз қызметі хабарлады.

«2026 жылдың бірінші тоқсанында бөлшек несиелеу нарығы тұтынушылық сұраныстың әлсіреуі, нақты жалақының төмендеуі, қатаң ақша-несие саясатының сақталуы және макропруденциялық реттеудің күшеюі аясында қысқару кезеңіне өте бастағанын көрсетті. Бұған қоса, клиенттік базаны кеңейту әлеуетінің біртіндеп сарқылуы да әсер етуде. Нәтижесінде халыққа берілген жаңа несиелердің жалпы көлемі 4,4%-ға төмендеді. Салыстыру үшін, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш 9%-ға артқан еді» деп жазылған хабарламада. 

Ең үлкен төмендеу тұтынушылық несиелер сегментінде тіркелді – олардың көлемі 7%-ға қысқарған. Соған қарамастан, олар бөлшек несиелеу нарығының негізгі бөлігін, яғни шамамен 85%-ын алып отыр. Ал ипотекалық несиелеу 12,3%-ға, автонесиелеу 18,8%-ға өсті.

Ипотека мен автонесиенің өсуі нәтижесінде бөлшек несиелік портфельдің жалпы көлемі 1,2%-ға артты. Дегенмен бұл өткен жылдың бірінші тоқсанындағы 3,5%-дық өсімнен едәуір төмен.

«Базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы және банктер үшін қорландыру құнының қымбаттауы аясында бөлшек несиелер бойынша орташа салмақталған мөлшерлеме 20,9%-ға дейін көтерілді (жыл басынан бері +2,7 пайыздық тармақ). Қарыз қаражаты құнының ең айқын өсуі автонесиелеу мен кепілсіз тұтынушылық несиелер сегментінде байқалды. Бұған маркетингтік акциялардың аяқталуы және өтімділікті тарту құнының жоғары болуы әсер етті», деп атап өтті ҚҚҚ. 

Қаржыгерлердің айтуынша, несиелеу шарттарының қатаюы мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі несиеге деген сұранысқа кері әсер еткен. Соның салдарынан қазақстандықтардың берген несие өтінімдерінің саны 10,7%-ға азайды.

Төмендеу бөлшек несиелеудің барлық дерлік сегменттерінде байқалды:

  • кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша өтінімдер – 10,8%-ға;
  • автонесиелер бойынша – 11%-ға;
  • ипотекалық несиелер бойынша – 20,7%-ға қысқарды.
«Нақты жалақының төмендеуі жағдайында қарыз алушыларды бағалау талаптары да қатаңдай түсті. Соның нәтижесінде нарық бойынша мақұлдау деңгейі 26,6%-дан 21,8%-ға дейін төмендеді. Ең айқын нашарлау кепілмен берілетін тұтынушылық несиелер сегментінде байқалды – бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы 36,3%-дан 17,5%-ға дейін түсті» деп жазылған ақпаратта.

Қауымдастықтың мәліметінше, нарықтағы мерзімі өткен берешек үлесі 4%-дан 4,4%-ға дейін өсті. Бұл негізінен тұтынушылық несиелер есебінен орын алды. Бұған проблемалық қарыздарды сатуға қойылған шектеулер мен халықтың нақты табысының төмендеуі әсер етті.

Сарапшылар несиелеу нарығының қанығу белгілерін де атап өтеді. Несиемен қамтылған халық үлесі 88,6%-дан 87,6%-ға дейін азайған. Ал тоқсан ішінде жаңа бірегей қарыз алушылар саны небәрі 3 мың адамға ғана өсті. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде өсім 40 мың адам болған.

«Бұл факторлар бөлшек несиелеудің әрі қарай экстенсивті өсуіне табиғи шектеулер қалыптасып жатқанын көрсетеді. Мұндай жағдайда макропруденциялық талаптарды қосымша күшейту нарықтағы қалыптасқан баяулауды одан әрі тереңдетуі мүмкін. Сәуір айынан бастап бөлшек несиелер бойынша 2% мөлшеріндегі секторлық контрциклдік капитал буфері күшіне енді. Бұл банктер капиталына түсетін жүктемені және несиелеу құнын арттырады. Осындай жағдайда банктер қарыз алушыларды бағалауда анағұрлым сақ саясат ұстануы мүмкін. Бұл бөлшек нарықтағы баяулауды күшейтіп, ішкі сұраныс динамикасына қосымша қысым түсіруі ықтимал. 2026 жылдың екінші тоқсанында банктер бөлшек нарықтағы қазіргі үрдістердің сақталуын күтеді: көптеген сегменттерде сұраныс төмен деңгейде қалуы мүмкін, ал белгілі бір жақсару тек тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары бойынша жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы төленуіне байланысты ипотекалық несиелеуде байқалуы ықтимал. Сонымен қатар, банктердің бағалауынша, несиелеу шарттары жалпы алғанда қатаң күйінде қалады»,  деп қорытындылады ҚҚҚ. 

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар