Тоқаев заңға қол қойды: Суррогат ана қызметі мен мәслихатта не өзгерді?

cover Фото: pixabay

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 14 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Orda.kz.

Атап айтқанда, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс жаңа тармақпен толықтырылды. Онда суррогат ана қызметіне тапсырыс беруші тек Қазақстан Республикасының некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған азаматтары ғана бола алатыны көрсетілген.

Қазақстан Республикасының некеде тұрған ерлі-зайыптылары (тапсырыс берушілер) суррогат анамен шарт жасасу кезінде:

  • суррогат ананың медициналық тексеруден өтуіне байланысты шығындарды өтеуге;
  • қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға байланысты шығындарды көтеруге;
  • осы әдістерді қолданатын медициналық ұйымдарға өзінің дене және психикалық саулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық тексеру нәтижелерін ұсынуға;
  • суррогат ананың жүктілік, босану кезеңіндегі және босанғаннан кейінгі елу алты күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлеуге, ал жүктілік пен босануға байланысты асқынулар болған жағдайда шығындарды босанғаннан кейін жетпіс күнге дейін өтеуге міндетті.

Сонымен қатар, заңда жекелеген кірістерді аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер деңгейіне беру көзделген.

Заңда көзделген жекелеген кірістер туралы атап айтатын болсақ:

  • аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты белгілейтін кірістерді бөлу нормативтері бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы;
  • алым төлеушінің орналасқан жері бойынша жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алым (тиісті құжаттарды уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органға тапсырғанға дейін немесе рұқсат құжаттарын алғанға дейін);
  • мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін түсімдерді қоспағанда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган салатын айыппұлдар мен өзге де өндіріп алулардан түсетін түсімдер.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматы мәслихат төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайтыны туралы шектеу енгізілді.

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға «Мәслихат аппараты басшысының құзыреті» атты жаңа бап қосылды.

Мәслихат аппаратының басшысы:

  • мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
  • өз құзыреті шегінде аппараттың қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
  • мәслихат аппаратының «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және қызметтен босатады;
  • аппараттың тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
  • қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;
  • іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемеақы белгілеу мәселелерін шешеді;
  • мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін қарайды;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
  • мәслихат сессияларын, тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарын ұйымдастырады;
  • мәслихат шешімдерінің жобаларын, депутаттарды іссапарға жіберу туралы бұйрықтарды және төраға болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу туралы құжаттарды дайындайды;
  • депутаттардың біліктілігін арттыру шараларын ұйымдастырады;
  • өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Бұдан бөлек, заң аясында басқа да түзетулер қабылданды:

  • инвестициялық келісімшарттар жасасқан инвесторларға және стратегиялық кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін беру тетігін икемді ету (бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленіп немесе түзетіліп біткенін күтпей);

  • сот-сараптама қызметіне мемлекеттік емес субъектілердің қатысуын жүйелеу (жаңа субъектілер құрмай-ақ «жеке сот сарапшысы» ұғымын енгізу арқылы қолданыстағы тәжірибені заңдастыру);
  • EPC+F құралын мемлекеттік міндеттемелерді орындау арқылы қолдану аясын кеңейту (енді мемлекеттік органдармен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері де тапсырыс беруші бола алады);
  • «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар тізімін кеңейту (цифрлық технологиялар және архив ісі саласының мамандары қосылды).

Заң 2026 жылғы 26 шілдеден бастап, жекелеген нормаларды қоспағанда, қолданысқа енгізіледі.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар