Тағы да Талғар: Сатылған мола, карьерлер мен қоқыс ортасында отырған халық

Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарына шекаралас жерде 2010 жылдан бері карьерлер қазылып келе жатыр. Бір кездері экологиялық таза аймақ болған мекен бүгін де қоқыс пен өлекселерді тастайтын аумаққа айналған. Сонымен қатар, Талғар ауданы Бірлік ауылына қарасты зираттың жартысын кім сатып жіберді?
Orda.kz тілшісі осы аймақтардың тұрғындарымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын білді.
Тұрғындардың айтуынша, қазылып жатқан карьерлерден құрылысқа керекті қиыршық тас, майда тас, құм мен топырақ есепсіз алынғанымен қатар қазылған шұңқырға қайта өңделуге келмейтін қоқыс пен жануарлардың терілері мен өлекселер тасталады. Мұнда бірнеше ауыл орналасқан, қоқыс өртелгенде иісі сол аймақты түгелімен мүңкітеді. Атап айтар болсақ, ол арада Авата, Ақтас, Алексеевка, Жаңашар, Кендала сынды елді мекендер бар.
Қоқыс пен егеуқұйрықтың ортасында отырған халық
Енді жергілікті тұрғындар түрлі аллергиялық және инфекциялық аурулардың пайда болуына алаңдап отыр. Қазірдің өзінде қоқыстың мүңікіген иісіне тұрғындардың аллергиялық аурулары қозып жатыр екен. Ал енді бір кездері экологиялық таза аймақ болған жердің қоқыс-қопсық мекеніне қалай айналғанын рет-ретімен айтайық.
Негізінен 2010 жылдан бастап аумаққа жақын ірі аудандарда тұрғын үйлер кешені мен басқа да құрылыс қарқынды салынып жатқанда карьерлер қазыла бастаған. Қиыршық тас, майда тас, топырақ, құм сынды құрылысқа керекті табиғи өнімдерді қазып ала бастаған. Араға біраз жыл салып, 2020 жылы карьерлер қазылған аумақтан жеке кәсіпкерге жалға жер беріледі. Бастапқыда ол жерге қоқысты қайта өңдеу зауыты салынады делінген. Бірақ 2020 жылдың күзінде тұрғындар қоқыстың ешқандай нормаға сай емес тасталып жатқанын байқаған. Бұл жерде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген Бақытқали Ақжігітовке тиесілі «Жан-Ару» компаниясы, сонымен қатар сол аумақта бұрыннан келе жатқан «ЭкоСервис» атты компания қоқысты қайта өңдеумен айналысады екен. Яғни бұл жерде «Жан-Аруға» дейін қазылған карьерлер мен қоса қоқысты қайта өңдейтін компания болған. Нәтижесінде барлығы бір-бірімен қабаттасып жатыр.
Бұл жерге Алматы қаласы мен Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарының барлық қоқысы жеткізілген. Жұртшылықтың айтуынша, бастапқыда қалдықтарды өңдейтін завод ашуды уәде еткен, алайда қайта өңдеп жатқан ешкім жоқ. Карьер қазылады, ішіне қоқыс тасталады, толса өртеледі, бар процесс осы. Зардабын іргеде тұрып жатқан халық көруде.

Ал енді салдарына келер болсақ, Orda.kz тілшісі тұрғындармен сұхбаттасуға барғанда ол жақтағы жағдайдың ушыққаны соншалық – далада 1 минут та мұрын жаппай тұру қиынның-қиыны.
Қоқыс полигондары қызметін атқарып тұрған бұл жерде ешқандай санитарлық және экологиялық нормалар сақталмаған. Қазылған карьерлерден 50 метр жерде су құбыры бар, ол арқылы Талғар өзенінен барлық тау өзендерінен келген су қалаға қарай ағады. Осы құбыр бойымен түрлі жұқпалы аурулар таралуда. Өйткені бейберекет төгілген қоқыс салдарынан егеуқұйрықтар, шыбындар, жыртқыш құстар, иесіз иттер көбейіп кеткен. Тұрғындар егеуқұйрықтар мен шыбын-шіркейді улап жатқанымен, еш пайдасыз. Бұл жерде карьерлер мен қоқыс полигоны бір-біріне қабаттасып орналасқан қазылған карьерлерге рекультивация жасалмаған. Керісінше, әбден қазылып біткен карьерлерге қоқыс тастап, толған соң өртеп отырған. Жұртшылықтың айтуынша, 2022 жылы ауқымды өрт шығып 10 күнге дейін созылған. Былайғы күндегі қоқыс иісі өрттен он есе күшейіп далаға шығу мүмкін болмай қалған. Қазірдің өзінде ара-арасында кішігірім өрт шығып тұрады екен.

Кезінде бұл жердің экологиялық таза аймақ болғанын бізге айтқан Жанна осы елді мекенде 20 жылдан астам тұрып келеді. Тіпті кезінде жасыл желекке толы табиғатта елдер бала-шағасымен демалып, қыдыруға арналған жер болған екен.
«Алғашында бұл пайдаланылмаған таза жер еді. Мұнда Талғар өзені ағып жатты, жазда адамдар серуенге шығып, қыста тіпті шанамен сырғанайтын төбелер де болған дейді. Бірақ шамамен 2015-2018 жылдардан бастап бұл жерде белсенді түрде карьерлер ашыла бастады. Соңғы «Жан-Ару» компаниясы келгелі 3 жылдан астам уақытта бұл аймақ үлкен қоқыс орнына айналды. Қазір көріп тұрғаныңыздай иісі қолқаны жарады. Бұл экологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Осы жерден бөлініп жатқан газдар мен қалдықтар жерасты суларына жеткен кезде, бәрімізге қауіп төнеді. Басында олар осы жерде мақсатты түрде шұңқыр қаза бастаған, бірақ кейіннен шұңқырдың тереңдігі 30-дан 50 метрге дейін жетіп, бір гектардан асатын жер көлеміне дейін кеңейген. Бізге бір кездері қоқыс өңдейтін зауыт ашамыз деп айтқан болатын. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай қоқыс пен қопсықтың ортасында отырмыз», — дейді Жанна.
Бастапқыда бұл жерде тек қана тұрмыстық қалдықтар қабылдайтын қоқыс орны болған. Бірақ «Жан-Ару» мұнда тек тұрмыстық қоқысты ғана емес, өлген малдың терілерін де әкеліп тастайды. Қазір бұл жерде құрылыс қалдықтары, көлік бөлшектері, жиһаздар, темір сынықтары, тіпті өңдеуге келмейтін ескі теледидар сияқты тұрмыстық емес қоқыстар да жатыр. Мұндай қоқыс не шірімейді, не қайта өңдеуге жатпайды.
Карьер шектен тыс қазылып, жер асты суына жетті
Ең сұмдығы, карьерлер әбден қазылып біткен кезде жер асты суы шығып шұңқыр таза суға тола бастайды екен. Тіпті бастапқыда қарасаңыз кішігірім көлшік екен деп ойлап қаласыз. Анықталғандай, ол суда айналадағы қоқыс пен құрт-құмырсқа, егеуқұйрықтар жүреді. Нәтижесінде тұрғындар тұтынып отырған ауыз суда инфекция пайда болуы әбден мүмкін. Өйткені ауыз су ұңғымасы осы жер астынан шығатын суымен қосарласып жатыр.
Карьерлер жолдан 50-60 метр тереңдік шамасында, бұдан артық қазылмайды, ары қарай жер асты суы шығады. Осы орайда, айта кетерлігі, мұнда есепсіз қазылған карьер салдарынан пайда болып жатқан жер асты, яғни ішуге болатын таза су іргедегі жақын тұрған Бесағаш тұрғындарының соңғы 10 жылдағы жыр болған мәселесі.

Сол маңдағы Ават ауылының тұрғыны Сухраб Шамахуновтың айтуынша, тұрғындар тұтынып отырған жер асты суы қоқыспен толық ластанудың аз-ақ алдында тұр.
«Көріп тұрғандарыңыз ешқандай да көл емес, мұнда жер асты сулары толып қалған. Мынау қазылып жатқан карьер, оның тереңдігі біздің су қорларымызға дейін жетті. Мұндағы судың жағдайына қарасаңыз, су көгілдір түсті, таза, техникалық қолдануға жарайды, әсіресе су тапшылығы бар екенін ескерсек. Карьерлер ақырындап жер асты суларына кері әсер етіп жатыр, ал кейін бұл жерде тағы бір қоқыс алаңы пайда болады және сол жер асты сулары арқылы бүкіл халық уланады. Бұл шаруашылықта қолданатын су болса да, оның тереңдігін ескерсек, су тапшылығы кезінде оны ауыз су ретінде қолдануға тура келеді. Сүзгіден өткізіп болса да. Бірақ бұл бәрібір біз пайдаланатын су. Көгалдандыруға, егін суаруға қолданылатын судың өзі біздің өмірімізге әсер етеді. Міне, карьерлердің халыққа тизігіп жатқан зияны осындай», — дейді Шамахунов.
Саяжайлар мен үйлер қоқыс полигонына әбден жақын орналасқан. Ешқандай санитарлық қашықтық белгіленбеген. Оны келіп тексеріп жатқан арнайы орган да жоқ. Негізінен санитарлық қашықтық 30-50 метр болуы керек. Бірақ қоқыс полигоны небары 10 метр жерде орналасқан.
Турасын айтқанда ондағы тұрғындар антисанитарлық жағдайда өмір сүріп, қоқыс иісімен уланып жатыр.
Осының бәрін қоқысты өртеген полигон иелеріне айтқан тұрғындар «біз өртеген жоқпыз» деген жауап қана алыпты. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бұндай әрекеттерді дәлелдеу өте қиын. Біз оларға «Бұл ауыл, адамдар тұрып жатыр ғой» дегенде, «Заң бойынша мұнда ауыл болмауы керек» деп айтқан. Қандай заңды меңзеп тұрғандары белгісіз. Естеріңзге сала кетейік, карьерлер мен қоқыс полигондары мұнда ауыл пайда болғаннан кейін қазылған.
Неге Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының әкімдері жаупкершілік алмайды?
Сонымен қатар, бұл Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына тиесілі жердің ортасында орналасқан аумақта саяжай статусы болғандықтан нәтижесінде ешкім бұл аумақты бақылауға алғысы келмейді. Салдарынан аумақта болып жатқан бассыздыққа дер кезінде назар аударатын арнайы органдар да жоқ. Шекаралас жерде орналасқан бірнеше гектарлық жер учаскесіне екі ауданның да әкімі жауапкершілік алғысы келмейді.
Бір қызығы, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі заңсыз пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты карьерлердің қазылуы заңсыз екенін әрі қазуға рұқсат бермегенін мәлімдеді.
«Талдау барысында Алматы облысының Талғар ауданы Кендала ауылдық окургінің аумағында қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалануға рұқсат жоқ» ,— делінген министрліктің хабарламасында.

Жоғарыда айтылған «Жан-Ару» компаниясының иесі Бақытқали Ақжігітов жайлы бірер ақпарат айта кетейік. Бастапқыда Ақжігітов аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақпаевтан зардап көргенін айтқан болатын. Ақжігітовтың айтуынша, небары 30 сотық жерде жалға алып қалдық өңдейтін зауыт салмақ болған. Артынша ол жерде шыққан өртті сөндіруге кеткен 43 миллионды Бақытқали Ақжігіовтің әйеліне сот шешімімен төлеуге міндеттегеген. Бірақ, тұрғындардың айтуынша дәл осы Ақжігітов сол аймақтағы заңсыз қоқыстың басым көпшілігін төккен азамат болып шықты, 30 сотық жер деген сөз жайына қалып, қоқыс төгілген аумақ жайылып кеткен.
Ержан Игібаев Талғар ауданы мәслихатының депутаты, экологиялық кеңестің мүшесі Ақжігітовтің көпшілікке жалған ақпарат таратып жүргенін айтты.
«Бұл жерде екі қоқыс полигоны бар. «ЭкоСервис» қағаз бойынша толық стандартқа сай, яғни барлық нормалар мен қалдықты қайта өңдеу технологиясы мен қамтамасыз етілген. Ал «Жан-Аруда» ешқандай норма сақталмаған. Ақжігітовтің жалға алған аймағында 2022 жылы үлкен өрт болды. Ол өрттің түтіні 10 күнге созылды. Қос ауданның қақ ортасында орналасқандықтан ол өрттің зардабын осы аумақтағы тұрғындардың бәрі көрді. Әкімшілік сотқа беріп, шыққан сот үкіміндегі 43 миллионға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ, Ақжігітов қоқыспен қопсытқан жерлерді рекульвитация жасауы керек. Өйткені оның заңсыз, ешқандай нормаға сай келмейтін іс-әрекеттері салдарын тірі адамдар зардап шегіп отыр», — дейді мәслихат депутаты.
Сатылған зират пен жайылымдық жерлер
Тағы да жерге қатысты мәселе дәл осы Талғар ауданында. Нақтырақ айтар болсақ, жергілікті тұрғын Мақсат Кенжебаевтың айтуынша, Бірлік және Белбұлақ ауылдық округіне қарасты зираттың жартысынан көп бөлігі сатылып кеткен.

Талдыбұлақ, Ақбұлақ, Шыңбұлақ, Аққайың ауылының тұрғындары қайтыс болған туыстарын көметін жер таппай отыр. Өйткені осы уақытқа дейін жерленіп келген зираттың жартысы 2010 жылы сатылып кеткен. Ең қызығы сатылып кетті делінген жер Іле Алатау паркіне қарайды, сондықтан оны жекешелендіруге болмайды, бірақ қалай сатылып кеткені белгісіз. Бізге көрсетілген жер кадастырында сатылды деген жердің мемлекеттік нөмірі не дәрежесі жоқ. 2010 жылы сатылғанымен ол жерлер ешқандай пайдаға аспай жатыр. Бір кездері ол жер жергілікті тұрғындар үшін кішігірім демалыс орны болған, ал қазір ол аумаққа кіруге тыйым салынған. Сатылған зираттың жартысы мен жоғарғы бөлікте орналасқан етегіндегі жайылымдық жерлер де жекеменшікке өтіп кеткен екен.

Сондай-ақ ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған резервуарды сатып жіберген. Кенжебаевтың айтуынша, бірнеше ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған резервуарды жарамсыз деген желеу тауып, сол аумақты да сатып жеберген. Артынша ол жерге бірнеше отбасы үй салған. Қазіргі таңда сот шешімімен ол жер мемлекетке қайтарылғанымен тұрғызылған үйлер сол қалпы тұр.
Мақсат Кенжебаевтың өзі де Талғар ауданы әкімшілігі тарапынан әділетсіздік көргенін айтады. 2019 жылы Бірлік ауылына Кенжебаев демеушілер тауып мешіт салған. Сол кезде Кенжебаев пен сол кездегі әкім Аслан Қасымбаев арасында мешіттің салынуына байланысты дау басталған. Артынша оның үйін біреулер өртеп кеткен. Кенжебаев өзі үйінің өртенуін сол кездегі әкімшілікпен болған текетіреспен байланыстырып отыр.
Аудан әкімінің орныбасары Оразхан Қаспақпаевтың осыншама мәселеге қатысты қысқаша қайырған жауабы
Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша біз Талғар ауданының орынбасары Оразхан Қаспақбаевқа хабарласқанда, ол кісі көп сөзге бармады.
«Карьерлер мен қоқыс заңсыз болса, онымен құзіретті орган айналысуы керек», – деп қысқа қайырды.
Сонымен қатар жер кадастырында еш нөмірсіз тұрған сатылды деген зират аумағы мемлекеттің балансында екендігін жеткізді. Осы орайда өзінен-өзі туындайтын заңды екі сұрақ бар. Біріншісі, Қаспақпаев айтқан жерлер мемлекеттің балансында болса неге жер кадастырында арнайы нөмірмен бекітілмеген? Екіншісі, қоқыс пен қазылған жердің, егеуқұйрықтың қақ ортасында отырған халыққа құзіретті органдар келіп араласуы үшін бұдан асқан қандай сұмдық жағдай керек?
Жаңалықтар
- Ақнәр терезеден өзі секірді ме?: Куәгер қыздың бірі іске қатысты мүлде басқаша жауап айтты
- Ерболат Досаев премьер бола ма? Алматы әкімі қызметінен кетеді – дереккөз
- Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкаға кетеді
- «ҰҚК қызметкерлері хабарласты»: Әнуар Нұрпейісовтің концерті тағы да өтпейтін болды
- «Көкірегіне 1,5 литр қан жиналған»: Шерзаттың сотында Тахир Халимназаров сөз сөйледі
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қарсаңында қарағандылық екі белсенді қамалды
- Жер сілкінісіне байланысты Шерзаттың соты уақытша тоқтатылды
- «37-ші секундта нокаутқа жіберді»: Аружан Жаңабаева бокстан Азия чемпионы атанды
- Дер кезінде ота жасағанда Шерзатты аман алып қалуға болар еді — сарапшы
- Шерзаттың сотына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
- «Тұншықтыра бастадым»: Сәтбаевта қызға шабуылдаған күдікті оқиғаны өзі аузымен айтып берді
- Көкшетауда басшысының мәйітін көлігінде сақтаған қызметкер ұсталды
- Алматыда күзетші келген қонақты ұрып мүгедек қылды
- Павлодарда баланы сүндетке отырғызған кезде денсаулығына зиян келтірген дәрігер сотталды
- «Қайрат Сатыбалдымен арамыз жақсы»: Мұхамеджан Тазабек Қаңтар оқиғасы кезінде қайда болды?
- «Жоғарыда таныстары барын айтқан»: Боксшыны 17 жастағы жігіт көлікпен қағып, артынша қорқытып кеткен
- Тоқаев елшілерді ауыстырды
- «Тұншықтырып сүйреген»: Сәтбаевта ер адам бойжеткенді зорламақ болды
- Журналист Диас Ахметшәріп қайтыс болды
- Аяқталуға таяған сот: Қаржаубай неге «сен жігіт емес шакалсың» деді?