Қазақстандағы қанды қаңтар: төртінші күн, Өскемен мен Көкшетау

cover

Қазақстандағы наразылық акцияларынан хабар таратқаннан кейін журналистерден және басқа да адамдардан жауап алынып, айыппұл салынып, оларды сотқа дейін қамауға алды.

Orda.kz сайты The Diplomat басылымымен бірлесе отырып, Шерилдің қаңтар айындағы барлық оқиғалар мен наразылық шерулерін басып жатқан көшелерден жазған қазақстандық тәуелсіз журналистер туралы әңгімелейді.

Шерил Л. Рейд

ӨСКЕМЕН, Қазақстан: Дарын Нұрсапар үкіметтің үгіт-насихат машинасында 17 жыл жұмыс істеп, Altaynews.kz мемлекеттік БАҚ-тың бас редакторлығына дейін көтерілді. Алайда, 2022 жылдың қаңтар айының басында Дарын мен оның әріптестеріне алдағы наразылықты әлеуметтік желіде жарияламау туралы бұйрық келгенде, оның іші бір түрлі болып кетті.

Оқырмандарымызға не болып жатқанын айта алмайтыныма ұялдым. Журналист ретінде мұны істеуім керек еді, – дейді Дарын.

Полицияның мәліметінше, оған наразылық шараларына бармау туралы ескертілгенімен, 5 қаңтарда Дарын пресс-кеудеше киіп, 3 мыңнан астам наразылық білдіруші жиналған орталық алаңға жаяу барған.

Дарын Нұрсапар. Фото Шерил Рид

Осындай көп адам болады деп ойламадым. Мен кеудешедегі «пресса» деген жазу маған қауіпсіздік береді деп үміттендім, - деді ол. Дарын 5 мыңға жуық досы бар Facebook парақшасында бірнеше фотосуреттер мен видео жариялады.

Фейсбуктегі жеке парақшамда қалағанымды жариялауға құқығым бар, - деді ол.

Бірақ Facebook желісінде де Дарын оқырмандарымен не бөлісетінін мұқият таңдады. Ол халықтың үлкен қазақ туын ұстап, талапты мегафонға қалай оқып бергенін видеоға түсіріп алған. Оның фотосуреттерінде қаңтарда жауған қар астында тыныш тұрып, реформаларды талап еткен адамдардың қарасын көруге болады.

Өскемен. Фото Виталия Иванова

Өскемендегі наразылық акциясы бейбіт басталғанымен, 30 жастағы Александра Осипованың суреттері мен видеолары оның қалай өршіп кеткеніне, блогердің айтуынша, «қырғынға» айналғанына дәлел.

Полиция наразылық білдірушілерді қоршай бастағанда, олар да қарсы әрекет ете бастады, - деді 46 300-ден астам оқырманы бар sandra_ouz Instagram аккаунтында тікелей эфирде жүрген Александра.

Полиция бірінші болып шабуыл жасады - олар адамдарға көзден жас ағызатын газ қолданды. Осыдан кейін шерушілер таяқтарды, тастарды, кез келген қолға ілінген заттарды алып, полицияға қарсы тұрды. Адамдар Молотов коктейльдерін қолданып, әкімшілік ғимаратына тас лақтырып, терезелерді сындырып, ағаштарды құлатты. Полиция оларға резеңке оқпен және көзден жас ағызатын газбен жауап берді, - дейді Александра.

Александра Осипова. Фото Шерил Рид

Оның түсіріп алған видеоларындағы дыбысты алдымен мерекелік атмосфера мен жарқыраған шамдармен безендірілген үлкен шыршаның артындағы отшашумен шатастырып алуға болады. Кейін мылтық атыстары жиілеп, алаң тез арада соғыс майданына айналады: ауада қара түтін, адамдар айқайлап, жан-жаққа қашып жатыр.  

Содан кешкі алтылар шамасында кенеттен интернет өшіп қалды.

Александра – кәсіби журналист емес. Біріншіден, ол блогер, бірақ Александраның макияж жасап, косметикалық процедуралар жасаған бейнелерінің арасында мемлекеттегі олқылықтарға шағымданатын адамдар туралы елеулі бейне хабарламалар бар.

Наразылық акциясына қатысқан санаулы блогерлердің бірі ретінде Александра өзіне жинағандарын бірден жариялай алмаса да, журналист сияқты ойлауға және әрекет етуге міндетті екенін түсінді. Оған балкондардан түсірілген полицияның мұзды тротуармен сүйреп апарар алдында адамдарды жұдырықпен соғып, тепкілегені бейнеленген видеолар келіп жатты. Ол интернет қайта пайда болған кезде оларды жариялау үмітімен куәгерлерді камераға түсірді.

Олар резеңке оқпен атқылап, дыбыс шығаратын гранаталарды лақтырды. Содан танктер кіріп келді, машиналар өртенді. Олар адамдарға оқ жаудырды. Баланың құлағанын көріп, көтеріп алдым. Көлігі бар тағы бір адам бар еді, жаралы жігітті сонда сүйреп апардық. Содан олар біздің көлігімізді атқылап тастады. Олар сол жерде тұрған барлық көліктерге оқ жаудырды, - деді ер адам Александраға камераға көлік есігіндегі үлкен оқтан қалған ізді көрсетіп.

Оның басқа да бейнежазбаларында мыңдаған адамдар көшеде таңғы уақытта бір ауыздан айғайлап жатқанын көруге болады.

Александраның айтуынша, полиция мен шерушілер арасындағы қақтығыс түнгі сағат 2-ге дейін жалғасқан. Кейін алаңда болғандардың барлығын полиция ұстап әкеткен.

Полицейлер наразылық білдірушілерді алаңдағы шыршаның жанында қарға жатқызып, полиция автобусын күттірді. Олар қабырғаға қарап ұзақ тұруға мәжбүр болды, жаттығу залына апарып, онда да оларды екбетімен жатқызды», - дейді Александра.

Полиция шерушілерге жақын тұрғандардың барлығын тоқтатып, қамауға алды. Александра да ұсталды. Оның айтуынша, ол бағдаршамда тұрған кезде полиция қызметкерлері оның көлігін қоршап алған. Жақын маңдағы ғимараттан түсірілген видеода тәртіп сақшылары Александраны көліктен түсіріп, көшеге тізерлетіп алып шыққанын көруге болады.

Өтінемін, мені өлтірмеңіз. Мені өлтірмеңіз, - деді ол жылап.

Полиция оның телефонын талап еткенде, ол оны қандай негізде тәркілеуге болатынын сұрады. Содан кейін полицейлер қаруларын бұлғап, оны жіберген.

Өскемен. Фото Виталия Иванова

Көкшетау

Көкшетауда 6 қаңтар күні таңғы тоғызда қала алаңы жайлап халыққа толды. Абылай ханның ескерткішіне жүздеген жастар, оның ішінде жақын маңдағы ауылдардың жасөспірімдері жиналды. Оларды бетперде мен каска киген, қолдарына дубинка ұстаған 200-ге жуық полиция бақылауында ұстады.

Жергілікті «Бұқпа» газетінің бас редакторы, 57 жастағы Бақыт Смағұл шерушілер жағына шықты. Ол полицияға журналист екенін айтты. Оның кім екенін қаладағы барлық полицейлер білетіндіктен, пресс-жилет киюдің қажеті жоқ еді. Бірақ сол күні оған ешкім мән бермеді.

Таңғы сағат 10-да полиция наразыларға жақындай бастады.

Ешбір себепсіз полицейлер жұрттың арасынан үш-төрт адамды суырып алып, жұрттың көзінше ұрып-соға бастады, - дейді Бақыт.

Ол адамдарды арандатушылыққа қарсы тұруға, берілмеуге шақырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Тәртіп сақшылары адамдарды полиция автобустарына күштеп отырғызды. Кейбіреулер қашып құтылса, басқалары көлікке бейбіт түрде кірді. Шерушілерді алаңнан шығару үшін кемінде үш автобус қажет болды.

Тәртіпсіздікте полиция Бақытты да ұстады. Ол журналист болғандықтан, неге тұтқындап жатқандарын сұрады. Полиция жауап бермеді.

Бақыттың айтуынша, бөлімшедегі қызметкерлер оны журналист емеспін дегізіп, қағазға қол қоюға мәжбүрлеген. Бақыт бас тартқан. Күні бойы бөлімшеде болып, 5 минутқа созылған сот отырысына қатысты. Ол рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Алты тұтқын отырған түрме камерасы суық болды. Тұтқындағылар сырт киімдері мен пальтоларымен ұйықтады. Дәретхананың орнына оларға бір шелек берілген.

Өскемен. Фото Виталия Иванова

Есікті қақты

7 қаңтар күні Дарын әйелі және төрт баласымен Өскемендегі үйінде кешкі ас ішіп отырғанда, үйіне полицейлер келген.

Есік қағылғанын естігенде, олардың маған келгенін түсіндім, - дейді Дарын.

Алайда оның жанұясы тәртіп сақшыларының кенеттен келгеніне «таңғалып қалған».

Үйге төрт полицей кірді. Біреуі телефонын алып, фотоларды қарай бастады. «Демек, сіз сонда болдыңыз», - деді ол.

Дарын акцияға журналист ретінде қатысқанын түсіндірді.

Бірақ сіз пресс жилет кимегенсіз, - деді офицерлердің бірі.

Дарын алғаш рет 5 қаңтарда алаңға келгенде пресс-кеудешесін киген, бірақ наразылық білдірушілер оған қарсы агрессивті әрекет жасағандықтан, жилеттің сыртынан сырт киімін киіп алған.

Екі күннен кейін полицейлер Дарынды полиция бөлімшесіне жеткізгенде, ол қайтадан пресс-жилетін киіп алған. Мән-жайды түсіндіріп, кеудеше журналистік ұстанымын нығайтып, бостандыққа шығады деп үміттенген.

Оны кию қателік болды. Енді мен нақты айта аламын, мен наразылық акциясына бәрібір де баратын едім, бірақ ол жолы бетперде киіп, өзімнің ол жерде болғанымды барынша жасыратын едім, - деді журналист Шерилге берген сұхбатында.

Полиция бөлімшесінде Дарынның фотосуреттері одан да мұқият зерттеліп, хабарламалары оның халықты шерулерге тартуға тырысып жатқанын анықтау үшін мұқият тексерілді.

Полицейлер маған қоқан-лоққы көрсетті, тәртіпсіздікті ұйымдастырушысың, ұзақ мерзімге түрмеге қамаймыз деп айтты, - дейді ол.

Нәтижесінде Дарын 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Кейін бұл мерзім 10 күнге дейін қысқартылды. Ол Өскеменге митингке шыққан тағы төрт азаматпен бірге Аягөзде жазасын өтеді.

Түрмеде отырғанда ол не істегенін ойлады. «Мен өз міндетімді орындағандай болдым. Мен дұрыс жасадым».

Ол үйіне келгенде үлкен ұлының әкесі террорист деп басқа баламен жанжалдасып жатқанын білген. Дарынның әйелі әкесінің іссапарға кеткенін айтып, балаларды жұбатуға тырысқан.

Мен ұлыма менің істеп жатқаным қылмыс емес екенін түсіндірдім.

Мен журналистикамен айналыстым, - дедім.

Өскемен. Фото Виталия Иванова

Александра Дарынның ұсталғанын 9 қаңтарда білген. Ол полицияның оның да артынан келетінін сезген. Александра балаларын анасының үйіне апарып, компромат дәлел ретінде көрінетін телефонындағы суреттерді өшіріп тастады.

Сағат 18:00-де оның есігінде азаматтық киімдегі полицей мен әскери адам тұрған. Оны әскери базаға ұқсайтын жерге апарар алдында ол тек пижамасын - спорттық шалбар мен капюшонын киіп үлгерген. Сол жерде оны форма киген төрт полицейге тапсырды.

Азаматтық киімдегі полицей кетіп қалды, бірақ әскери адам қалды. Сосын Александраны мектеп сыныбына ұқсайтын ағаш парталары бар бөлмеге апарды. Ол адвокат сұрады, бірақ әскери ұлттық төтенше жағдай кезінде оған адвокат рұқсат етілмегенін айтып, бас тартты.

Александраның айтуынша, бес ер адамның әрқайсысы оны кезекпен тергеген. Олар оған наразылық акциясының бейнебақылау камерасының түсірілімін көрсетіп, өзін таныстыруын сұраған.

Әскери адам айғайлап, мені террорист деп атады. Ол мені әріптестерін ренжіткенім үшін кінәлады,- дейді ол.

Александра қорқып, тергеушілердің бетіне емес, қабырғаға қарағанын айтты. Оларға бұл ұнамады. Жауап ретінде олар оның айналасында тұрды, ал ол орындықта отырды. Олардың белдіктері оның бетінің деңгейінде болды.

Бұл қорлау болды. Бұл психологиялық қысым жасау әдісі, - деді ол.

Александра олардан: «Мені ұрасыңдар ма?» деп сұрады.

Әскери адам: «Біз қолымызды кірлетпейміз», - деп жауап берді.

Александраға құқық қорғау органдарынан досы келіп, әкімшілік айыппұлға келісуге кеңес берді. Ол айыппұл тұрақ ақысын төлемегенмен бірдей болар деп, досының кеңесіне жүгінді. Полицейлер бірден босаңсып, олардың қатал үні жұмсарды, дейді ол. Олар тіпті судьяны күткен кезде оған мызғып алуға рұқсат берді. Судья кешкі сағат 23:00 шамасында келген кезде, олар уақытша сот залына балаларға арналған үстелдер қойды.

Полицияның айтуынша, Александра тікелей эфирде халықты алаңға шығуға шақырған. Өз кезегінде блогер Instagram парақшасында мұндай видео жоқ екенін айтты. Егер олар оның телефонына рұқсат берсе, ол мұны дәлелдей алатын еді. Полиция оған бірнеше рет түсірілімді тоқтатуды айтқанын алға тартты. Егер солай болса, бұл диалог видеоға түсірілген болар еді, бірақ олай емес.

Оған заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырды деген айып тағылды. Ол қамауда 15 күн өткізетін еді, бірақ судья екі кішкентай баланы аяп кетті. Александраға 153 150 теңге айыппұл салды.

Алты күнге сөндірілген интернет қалпына келді. Адамдар әлеуметтік желідегі аккаунттарында полицияның соққыға жыққаны туралы суреттер мен видеоларды жариялай бастады.

Мен елде не болып жатқанын білген сәтте, әйел және қоғам қайраткері болғандықтан, қаншалықты оңай құтылып кеткенімді түсіндім. Мен үшін бәрі жаман бітуі мүмкін еді, - деді Александра.

Бостандыққа шыққаннан үш күннен кейін полицейлер Өскеменде «тәртіпсіздік салдарынан» үш адамның қаза тапқанын хабарлады. Полиция басқа мәліметпен бөліспеді. Алайда Азаттық журналисі қалада қаза тапқан үш жігіттің отбасын тауып, олардың басынан өткен оқиғаларды айтып берді.

Титан-магний зауытының жұмысшысы 25 жастағы Қуаныш Қабылқанов кеуде тұсына тиген оқтан көз жұмды. Үйленген, бір жасар қызы бар. Көрші ауылдағы наубайханада жұмыс істеген 26 жастағы Жолжарық Есенжолұлы да кеуде тұсынан жарақат алған. Үйленген, артында емізулі баласы қалды. 30 жастағы Айдос Алдашов митингке келгеніне бір сағат болмай жатып, арқасынан оқ тиген. Артында әйелі мен 7 және 10 жастағы екі баласы қалды.

Өскемен. Фото Виталия Иванова

Ұлттық аза тұту күні

10 қаңтарда Тоқаев қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген қаза тапқандарға байланысты бүкіл елде аза тұту күнін жариялады. Ол бұл наразылықты төңкеріс әрекеті деп атап, оған Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ислам радикалдарын айыптады.

«Көкшетау-Азия» ақпарат агенттігінің редакторы, 51 жастағы Нұржан Баймулдин қаралы күні үйінде болды. Ол Тоқаевтың Қазақстанға тәртіпсіздікті тоқтатуға көмектесу үшін бітімгершілік күштерін жіберген НАТО-ға ұқсас ұйым – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) елдерімен теледидар арқылы кездесуін тамашалады. 5 қаңтар күні Тоқаев көмек сұрағаннан кейін Қазақстанға ҰҚШҰ-ның 2500-дей әскері орналастырылды, олардың көбісі ресейлік. Олар мемлекеттік ғимараттар мен инфрақұрылымды күзетіп, қару қолданбай, екі аптаның ішінде кетіп қалды.

Нұржан Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге ерекше құрмет көрсетті деп есептеп, Facebook желісінде Тоқаев Путиннің бұйрығын орындады ма, деп сұрады. Осылайша ол өз елін кім басқарып отырғанын білгісі келді.

12 қаңтарда Нұржанға өзін жоғары шенді полиция қызметкерімін деп таныстырған адам телефон соқты. Ер адам Нұржанмен кездесу керек екенін, полиция бөлімшесі онымен ақылдаспақ болғанын айтты. Журналист қоңырауға таң қалды. Сонымен бірге ол бірдеңе дұрыс емес екенін білді.

Бұл кезде Нұржан Бақыттың ұсталғанын біліп, оған да қауіп төнуі мүмкін деп болжаған. Елдің бәрі сал болып қалғандай болды. Интернет қайта оралды, бірақ оның жылдамдығы әлі де баяу еді. Нұржанның полицияға барудан басқа амалы қалмады. Бөлімшеге келгенде, іші бірдеңені сезгендей болды. Бірден дерлік Facebook-тегі жазбаларына байланысты оған қысым көрсетіле бастады.

Нұржан Баймулдин. Фото Шерил Рид

Менен қайта-қайта «Тоқаевқа неліктен мұндай сұрақтар жаздың? Неліктен Ресей әскерлерінің Қазақстанға келуіне қатысты сұрақтар қойдың? Неге Путинге қатысты сұрақ қойдың?» деп сұрады. Олар Нұржанға Facebook жазбаларын көрсетті.

Өз пікірімді білдіру – менің конституциялық құқығым, - дедім мен оларға.

«Тіпті бұл жазбалар наразылықтар аяқталғаннан кейін жазылған болса да, олар менің наразылық акцияларын ұйымдастырғанымды мойындауымды қалады».

Оны тергеуші кабинетіне жеткізіп, Facebook желісіндегі жазбалары бойынша полицияның оған қатысты қылмыстық іс қозғағанын айтты.

Олар мені қоғамдағы тұрақсыздықты тудыратын үдеріске қатыстырды деп айтты. Мен халықты наразылыққа шақырдым және президент туралы жаман сөздер айттым деп айыптады,- дейді Нұржан.

Өзіне ауыр айып тағылғанын түсінген Нұржан сұрақтарға жауап бермеу құқығын пайдаланып, адвокат сұратты.

Полиция оған өздерінің адвокатын пайдалануды ұсынды, ол оған күлді.

Нұржанның адвокаты басқа іспен айналысып жатқандықтан, ол оны бірнеше сағат күтуге мәжбүр болды. Нұржанның үйіне келген адвокат дене қызуы көтерілгендіктен сот отырысын басқа күнге ауыстыруды сұрады. Оның COVID-19 жұқтыруы ықтимал еді.

Полиция жедел жәрдем шақыртты. Фельдшер оған қызуды басатын дәрі берді, бірақ полиция тыңдауды кейінге қалдырудан бас тартты.

Сағат 21:00-де Нұржан судья алдына шықты. Судья оны 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Бірақ арнайы абақтыда жазасын өтеп үлгерген Бақыттан айырмашылығы, Нұржан уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бақыт Смағұл мен Нұржан Баймулдин. Фото Шерил Рид

Ондағы тұтқындар әртүрлі ауыр айыптармен - педофилиядан адам өлтіруге дейін ұсталғандар еді. Нұржан әйелінің қолын сындырған және көлігімен әйел мен оның балаларын басып кеткен ер адаммен бір камерада отырғанын айтты.

Бөлмеде бір дәретхана болды, оны алты тұтқын пайдаланды. Су тот басқан, жағымсыз иісі бар. Камераның суық болғаны сонша, көрпелер мұз боп қатып қалған. Мен өзімді моральдық жағынан қолдауым керек екенін түсіндім, өйткені мені ешкім құтқармайды,- деді ол.

Ол білмегенін, әріптестері бас прокурорға хабарласып, неліктен бір адамның президентке сұрақ қойғаны үшін түрмеге қамалғанын сұрады.

Жазасын өтеудің бесінші күні Нұржанды камерадан шақырып алып, барлық киімдерін өзімен бірге алып келуді бұйырды. Ол түрме прокуратурасына жеткізілді. Прокурор оған істі және оның қалай қаралғанына өкінетінін айтты. Прокуратура сот шешіміне шағымданып, жаза мерзімін бес күнге дейін қысқартты. Ер адам босатылды.

Нұржан мен Бақыт өз істерін облыстық сотқа апелляцияға бермек болды, бірақ олар қараудан бас тартты. Одан кейін Нұржан Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымданған, бірақ сонда да оған бас тартылған.

Александра айыппұлына шағым түсіріп, оны 90 000 теңгеге дейін төмендетті.

Шерилмен сұхбаттан төрт күн бұрын Дарын Altaynews.kz сайтындағы қызметінен кетті. Ол қазір туристік индустрияда жұмыс істейді, бірақ әлі де Facebook-те жазбалар жариялайды.

Шерил Л. Рид – американдық журналист және Fulbright Program стипендиаты. Ол Орталық Азиядағы БАҚ-тың репрессиясын зерттеп, 80-нен астам журналистерден сұхбат алды. Қосымша ақпарат cherylreed.com сайтында

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар