Президент дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады
Фото: Ақорда
Бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Orda.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен медицина қызметкерлерін жылына бір рет келетін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеткенін, биыл да игі дәстүрге сай кездесіп отыоғанын еске салды.
«Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз.
Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен.
Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.
Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін» ,— деді президент.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқан медицина мамандарына ризашылығын білдірді
«Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз – айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру.
Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл жарқын болашаққа жол ашатын аса маңызды шешім болғаны анық»,— деді ол.
Президент жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.
«Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық.
Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды»,— деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге де тоқталды
«Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар.
Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды».
Бұл шешім Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді, дей келе президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді
«Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым.
Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді».
Мемлекет басшысы Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.
Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс – ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет».
Диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды, әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендегенін айтқан мемлекет басшысы ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне назар аударды
«Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды.
Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты. Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізуде. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді.
Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз».
Жиын соңында президент бір топ медицина қызметкеріне мемлекеттік награда тапсырды.
«Кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Мемлекет осындай отаншыл, адал азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеді.
Мен бүгін отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқаны және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл марапатты ең алдымен, халықтың дәрігерлер қауымына деген шынайы құрметі, зор алғысы деп қабыл алған жөн. Баршаңызға құтты болсын!» ,— деп сөзін аяқтады президент.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- «Жағдайы жақсы отбасы»: Министр жұрт іздеген курьер әйел туралы пікір білдірді
- Тегіміз өмірге кедергі: Нұрқаділовтің немересі әкесі Қайраттың жұмыс таба алмай жүргенін жазды
- Президент дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады
- Астанада бір топ жасөспірім бес оқушыны соққыға жыққан
- Павлодарда 34 миллион теңгеге жөнделген көпір суға батты
- Прокуратура тағы бір «резеңке пәтерді» анықтады: Алматыда бір бөлмелі пәтерге 990 адам тіркелген
- Семейде 8 және 14 жастағы екі бала із-түзсіз жоғалып кетті
- Иран мұнайы қайтадан әлемдік нарыққа шығарыла бастады
- Мәскеу мен Мәскеу облысына украин дрондары жаппай шабуыл жасады
- Депутат еліміздегі жер сілкінісі туралы халықты жедел ескерту үшін жасанды интеллект енгізуді ұсынды
- Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чемпионатындағы дебюттік матчта Колумбиядан жеңілді
- АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік меморандумының ресми жобасы жарияланды
- Түрме ішінде қылмыстық топ құрып, ақша бопсалағандар жаза қосып алды
- Ақ жол, Дастан! — «Қайрат» Сәтбаевты «Челсиге» шығарып салды
- Ормуз бұғазы маңындағы Иран портында Қазақстанның өз алаңы болады
- «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы президентке 3,3 триллион теңгенің 16 жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын айтты
- Әдептік кеңес БҚО-да мас болып қызметтік көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығаруды ұсынды
- Қостанайда қамаудағы бес азаматты сотқа алып бара жатқан полиция көлігі апатқа ұшырады
- Ұлттық ұланның 1 млрд теңгеден астам тұратын жері мемлекетке қайтарылды
- Әскери кафедрада оқығандар екі жылдық қызметке шақырыла ма?