Лудомания көбейеді: Талғарда салынады деген казино жергілікті тұрғындардың ұйқысын қашырды
Коллаж: Orda.kz
Қазақстандықтарды ойын залдарына кіргізбейді деген уәдеге қарамастан, Талғар ауданының тұрғындары, әсіресе жастар арасында құмар ойындарға қызығушылық артады деп алаңдайды, деп хабарлайды Orda.kz порталы КТК-ға сілтеме жасап.
Алматы облысындағы «Ақ-Бұлақ» таулы курорт аумағында тек шетелдіктерге арналған ойын аймағын салу жоспарланып отырғаны бұған дейін де хабарланды.
Билік бұл жоба арқылы турист пен инвестиция тартуды көздейді. Алайда Талғар ауданының тұрғындары бұл бастаманы қолдамайды. Тіпті қазақстандықтарды казиноға кіргізбейміз деген уәде де олардың қобалжыған көңіліне демеу болмай отыр.
Ойын аймағы үшін 800 гектар аумақты қамтитын «Ақ-Бұлақ» халықаралық туристік орталығы таңдалған. Қазір мұнда тау шаңғысы курорты мен гольф-клуб жұмыс істейді. Казинодан бөлек, қонақүй, ипподром және 1,5 мыңнан астам вилла мен коттедж салу жоспарланған. Жобаға қаражатты жеке инвесторлар құяды.
Жоспар бойынша казиносы бар қонақүй құрылысы 2027 жылы басталуы тиіс. Инвестор туристік орталықты дамыту бойынша мастер-жоспар мен жол картасын әзірлеген.
Қазақстан туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мәліметінше, 2026–2029 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, құрылыс 2027 жылы басталады.
Ойын аймағы туристер ағынын арттырып, бюджетке қосымша кіріс әкеледі деп күтіліп отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында заңды ойын бизнесі бюджетке 25 млрд теңге салық түсірген.
Сонымен қатар, Талғар ауданы тұрғындары бұл жоба жасөспірімдер мен жастар арасында құмар ойындар мен лудоманияның таралуына себеп болады деп қауіптенеді.
«Қазірдің өзінде казиноға, әсіресе онлайн-казиноға адамдар, оның ішінде балалар да көп тартылып жатыр. Егер мұндай нысан осында салынса, бұл тіпті күшейеді. Бұлай жасауға болмайды», – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Кейбір тұрғындар казиноның орнына спорт нысандарын салуды ұсынады.
«Одан да балаларға арналған спорт кешендерін, жастарды дамытатын орын ашқан дұрыс болар еді. Бұл біз үшін әлдеқайда маңызды. Сондықтан казино ашуға қарсымын», – дейді тағы бір тұрғын.
Тағы бір тұрғын казино жастардың назарын құмар ойындарға аударады деп санайды.
«Мұның бәрі – құмар ойын, лудомания. Бұл қызығушылық тудырады. Мен жастарымыздың бұған әуес болғанын қаламаймын», – деді ол.
Комитет өкілдері қазақстандықтарды жаңа казиноға кіргізбейтінін, ойын аймағы тек шетелдіктерге арналғанын айтады. Кіру кезінде құжат тексеріліп, тыйымды бұзғандарға айыппұл салынып, лицензиядан айыруға дейін шара қолданылуы мүмкін.
Алайда тұрғындарды тек кім кіретіні ғана емес, жалпы ауданда ірі ойын аймағының пайда болуы алаңдататын сияқты.
Экономистер болса, жобадан тек казино иелері ғана емес, басқа бизнес те пайда көретінін айтады. Туристер ағыны қонақүйлерге, дәмханаларға, мейрамханалар мен дүкендерге жаңа клиент әкеледі, ал құрылыс жаңа жұмыс орындарын ашады.
«Казиноға келген адам міндетті түрде сол жердегі қонақүйде тұрмайды. Басқа қонақүйді таңдауы мүмкін, бұл да экономикаға әсер етеді. Сонымен қатар тамақтану, көлік, демалыс сияқты қызметтерге сұраныс артады» ,— дейді AERC бас директоры Жаныбек Айгазин.
Талғар ауданындағы ойын аймағы құрылысын 2028 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланып отыр. Билік жобаға турист, инвестиция және жұмыс орындары тұрғысынан қараса, тұрғындар оның жастарға әсеріне алаңдайды.
Айта кетейік, бұған дейін Талғар ауданындағы жаңа ойын аймағы жобасы қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алған. Қазіргі таңда Алматы облысындағы негізгі ойын аймағы Қонаев қаласында орналасқан. Онда бес казино, 13 букмекерлік кеңсе және үш ойын автоматы залы жұмыс істейді. Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді, ал казино келушілерінің әр бесіншісі – шетелдік.
Соңғы екі жарым жылда ойын бизнесі бюджетке 184,7 млрд теңге салық төлеген, оның 53,8 млрд теңгесі Алматы облысының бюджетіне түскен.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Жатақханадан орын бұйырмаған Алматы студенттері қайда барады?
- Лудомания көбейеді: Талғарда салынады деген казино жергілікті тұрғындардың ұйқысын қашырды
- Нұрай Серікбайға аяусыз сілтенген пышақ: Сот-медициналық сарапшы кәсіби баға берді
- Украина Каспий құбырына соққы жасамауға уәде берді — БАҚ
- Қосымша қолдау жүйесі бар: Грантқа ілінбегендер не істейді?
- Қазақстан ғалымдарының ғылыми атақтарын ЕАЭО елдерінде растаудың енді қажеті жоқ
- Астана – Арқалық бағытында Starlink спутниктік интернеті бар жаңа пойыз қатынайды
- Қайрат Сатыбалдының жыр болған «Байсат» базары ақыры сатылды
- Атырауда су құбырын жөндеуден 6 млрд теңгеден асатын қаржы ұрлағандарға үкім шықты
- «Астана» баскетбол клубы қаржыландырылмай, ойыншылар Тоқаевқа үндеу жасады
- Құрылтай депутаттарын сайлау: Сайлау учаскесінің мекенжайын қалай білуге болады?
- Meta компаниясы әлеуметтік желілердің балаларға келтірген зияны үшін 567 миллион доллар төлейді
- Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан 10 миллиард теңге өндіріп беруді сұрады
- Қазақстандағы мектеп формасында өзгеріс бар ма?
- Құрылтай деген не? Ұлы даладағы билік кеңесі қалай қалыптасты?
- Мемлекеттік грант иегерлері анықталды: 2026–2027 оқу жылының басты қорытындылары
- «МузАРТ» тобындағы Кенжебек Жанәбілов ауруханаға түсті
- Мұратжан Мұсайбеков АМӨЗ-дің бас директоры болып тағайындалды
- Қазақстан футбол құрамасының жаңа бапкері кім?
- Астанада сынақтан өткен әуетаксидің алғашқы жолаушысы — министр