Астана – Арқалық бағытында Starlink спутниктік интернеті бар жаңа пойыз қатынайды

cover Фото: ҚТЖ

Астана мен Арқалық арасында Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған жаңа жолаушылар пойызы қатынай бастады. Бұл бағыт өңірдің көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында іске қосылды, деп хабарлайды Orda.kz.        

Бұған дейін бұл бағытта тек жекеменшік тасымалдаушы қызмет көрсетіп келген. Пойызды «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске қосты. №225/226 пойызы 2025 жылы шығарылған отандық RWS Wagon компаниясының алты жаңа вагонынан құралған. Оның құрамына үш купе және үш плацкарт вагоны кіреді, жалпы сыйымдылығы 250-ден астам жолаушыны қамтиды.

Компания мәліметінше, вагондар кондиционер жүйелерімен, заманауи қауіпсіздік құралдарымен,
USB порттарымен, электр нүктелерімен, жеке жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Пойыз күнара Астана (Нұрлы жол вокзалы) – Жалтыр – Атбасар – Жақсы – Есіл – Державинск – Арқалық бағыт бойынша жүреді.

«Пойызда Starlink технологиясы негізінде спутниктік интернет іске қосылды. Жоба басталған кезеңде жолаушылар бүкіл сапар барысында интернетті тегін пайдалана алады. Оларға әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге, бейнесервистерге және басқа да онлайн ресурстарға қолжетімділік беріледі», — деп хабарлады компания өкілдері. 

Жаңа бағытқа билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан сатып алуға болады.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыздарда Starlink интернетін кезең-кезеңімен енгізу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Жоба аясында 50 бағыт, 124 пойыз құрамы және 1235 вагон қамтылмақ.

Бұған дейін ҚР Көлік министрлігі 2026 жылдың соңына дейін барлық жолаушылар пойыздарын интернетпен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазірдің өзінде интернет Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарында қолжетімді.

Интернетке қосылу үшін жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, тіркеуден өтуі қажет. Осыдан кейін WhatsApp және Telegram арқылы мәтіндік хабарламалар тегін болады, ал толық интернетке қол жеткізу үшін ақылы тариф қарастырылған.

Біз бұған дейін «Қазақстан темір жолы» магистральдық желісі Атырау филиалының басшысы Аралбай Қосымбаевтың кабинетіндегі шкафтың ішіне жасырылған құпия есік арқылы жоқ болып кеткенін  жазған болатынбыз.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар