Құжат бойынша Шымкент Дубай сияқты: Мемлекеттік сатып алудың цифрлық жүйесі қалай күйреді?

2022 жылы Қазақстанның Қаржы министрлігі сүйінші сұрап, мемлекеттік сатып алуларда жаңа кезең басталғанын жариялады. Биліктің сөзінше шенеуніктер азайып, елге көп нәрсені ашық көрсетіп, комиссиялардың орнына алгоритм жұмыс істеуі керек еді. Мұнда негізгі жаңалық – рейтингтік-ұпайлық жүйені (РҰЖ) қолдану арқылы конкурс өткізу болды. Мұнда шешімді адам емес, автоматтандырылған бағдарлама қабылдайды. Алайда 2024 жылы бұл да жемқорлықты жоя алмайтыны белгілі болды. Тіпті парақорлық түрленіп, өзгеше тәсілмен етек жая бастады.
Orda.kz еліміздегі алаяқтардың мемлекеттік сатып алу жүйесін «алдауды» қалай үйренгенін баяндайды.
РҰЖ-де ең көп ұпай жинаған адам жеңеді. Адам қызметі барынша азайған, комиссиялар жойылған. Нәтижелерге шағымдану енді Ішкі мемлекеттік аудит департаменттерінде емес, тек сот арқылы жүруі тиіс. Бәрін тек мердігердің электронды портфелін бағалайтын алгоритм шешеді. Тәжірибе, төленген салықтардың үлесі, тапсырыс берушінің өңірінде тіркелуі... Құжаттарды жүктейсің, ұпай жинайсың, солай тендерге қатысасың. Бір қарағанда бәрі ашық секілді.
Ел құрылыс саласын бұл жүйе «құрдымнан шығарар» деп зор үміт артты. Себебі бұл түпсіз терең тұңғиыққа жемқорлық батырып жіберген сала еді. РҰЖ-ге дейін мұнда бәрін «келісімдер» шешетін. Әкімге жақын біреу немесе Ішкі мемлекеттік аудит департаменттерімен (ІМАД) байланысы барлар жеңеді. Олар кез келген конкурс нәтижесін жоққа шығара алатын. Теория бойынша, РҰЖ әкімдіктер мен аудиторлар арқылы болатын осындай «олпы тұстарды» жабуы керек еді.
«Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін алдымен жұмыс басталғаны туралы хабарламаны рәсімдеу керек. Олар оны рәсімдейді, ГАСК бекітеді. Содан соң орындалған жұмыс актісін толтырып, 70 шаршы метрлік бір үйге он шақты қосалқы мердігерді тіркеп қояды. Осылайша бәріне рейтинг жинап береді де, кейін бүкіл Қазақстан бойынша тендер ұтып алады. Бір айда осылай жүздеген нысан «салып тастайды». Құжаттарға қарасаңыз, Шымкент құдды Шымкент емес, Дубай сияқты көрінеді»,
— деп түсіндірді бізге құрылысшы Нұржан Шәкенов.
Жүйе қалай бұзылды?
Алғашқы дабыл белгілері 2023 жылы пайда болды. OLX секілді онлайн-платформаларда және Telegram-чаттарда мемлекеттік сатып алулар бойынша «көмек көрсету» ашық ұсыныла бастады. Бұл жай кеңес беру емес, дайын схемалар болатын. Жалған құжаттар, қолдан жасалған орындалған жұмыстар актілері, жалған авторлық және техникалық қадағалау құжаттары т.б. бар.
Ұпай жинау үшін алаяқтар тәжірибені «ауадан» алған. Тәжірибе үшін ұпай алу мақсатында алаяқтар оны қолдан жасаған. Жалған келісімшарттар, жалған қабылдау актілері қолданылған.
Оңтүстік өңірлердегі кейбір әкімдіктер бұл жасанды құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы мемлекеттік сатып алу веб-порталында ресми түрде «мақұлдаймын» деген батырманы басқан.
Мемлекеттік қызметкерді құжаттарды қолдан жасауға не итермелеуі мүмкін? Оның үстіне, мемлекеттік сатып алу порталында бүкіл алгоритмдер секунд сайын сақталатынын бәрі біледі.
Осыдан кейін бұл мәліметтер электронды депозитарийге түсіп, компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қатыса алатын. Сырт көзге және ресми түрде бәрі заңды көрінетін.
«Жыл басында біз бір дереккөзден сатып алу арқылы өткен өте көп конкурс таптық. Сондай-ақ тағы да заң бұзушылықты анықтадық: ауыл әкімдері бәсекемен сатып алу мүмкін болмаған жағдайда ғана бір дереккөзден сатып ала алуы керек. Бірақ олар бұл талапты елемей, конкурстан тыс сатып алып жатыр. Біз өз бәсекелестерімізді шамамен білеміз. Егер белгілі бір компания менімен бірге конкурсқа қатысса, мен жеңілетінімді білемін. Ал енді мүлде жаңа компаниялар пайда болғанын байқадым. Құрылыс саласында 20 жыл тәжірибесі бар бізді шынайы тәжірибесі жоқ фирмалар шетке ысырып жатыр. Ең өкініштісі, олар конкурсты ұтып алған соң, нысандарды өзімізге, жергілікті мердігерлерге, 20% үстеме бағамен қайта сатады. Қазір бұл мемлекеттік сатып алу емес. Біз оны «базар-вокзал» деп атаймыз»,
— деді Нұржан Шәкенов.
Нақты мысал
2025 жылы Қарағанды облыстық соты «Селтей» ЖШС-ні мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырды. Себебі компания жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған мәлімет ұсынған.
Компанияның мемлекеттік сатып алулар арқылы миллиардтаған қаражат болатын шарттарға қалай қол жеткізгенін қарастырайық.
«2024 жылдың 15 ақпанында «Селтей» ЖШС Бұқар Жырау ауданының Орталық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу бойынша 135,3 млн теңгеге конкурс жеңіп алды. Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша конкурсты жеңу үшін компанияға жұмыс тәжірибесі қажет болды. Бұл тәжірибе — электронды депозитарийге жүктелетін қабылдау актісі мен орындалған жұмыстар актісі (АВР) түріндегі құжаттар. Ол кезде қолданыста болған мемлекеттік сатып алу ережелеріне сәйкес, бұл құжаттар мемлекеттік органдардың екі сатылы тексеруінен өтуі керек еді. Жеңіске жету үшін компания депозитарийдегі мынадай нөмірлермен тіркелген тәжірибені қолданды: 3630620 (Шымкентте тоғыз қабатты тұрғын үй салу), 3630602 (тағы бір тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы), 3625968 (Шымкентте бес қабатты әкімшілік ғимарат құрылысы). Бұл құрылыс нысандарының тапсырыс берушілері ретінде «ЕвроАзия Строй» компаниясы мен «Легион 2030» ЖШС көрсетілген. Алайда бұл тапсырыс берушілердің нақты айналымдары нөлге тең болған. Оларда бар-жоғы мөр, принтер және қағаз ғана бар екен»,
— деп түсіндірді құрылысшы.
Оның айтуынша, компания Шымкент қаласының қалалық орта сапасын бақылау және қадағалау басқармасымен келісіп, олардың жұмыс тәжірибесін «растау» батырмасын басқызып алған.
Әрі қарай жүктелген құжаттар мен басқарманың растауы Қазына комитетіне өтеді.
Айта кетейік, «Селтей» ЖШС жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған ақпарат ұсынғаны үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылды.
Шымкентте салынды деп көрсетілген сол тоғыз қабатты тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар шын мәнінде жоқ. Ал бұл құжаттарды растаған Шымкент әкімдігі ол туралы білген.
Нәтижесінде, шарттар тізіліміне сәйкес, «Селтей» ЖШС мемлекетпен жалпы сомасы 2 669 014 856 теңгеге шарттар жасасқан. Бұл тек бір ғана мысал.
Басқармадағы шенеуніктер ондаған компанияға құжаттарды қолдан жасап көмектескен. Мемлекетке келтірілген залал орасан зор және нақты есептеуге келмейді.
Сот кабинетіндегі көптеген Шағын және орта кәсіпкерлік істері бойынша сот шешімдері (СМЭС) шенеуніктердің осы схемаға тікелей қатысы бар екенін дәлелдейді.
Бүкіл схеманы тарқатайық:
- Алдымен мердігер мен жалған тапсырыс беруші жеке заңды тұлға арасында келісімшарт жасайды.
- Орындалған жұмыстар актілері, нысанды пайдалануға қабылдау актілері, құрылыс бастау талоны бәрі қолдан жасалады.
- Техникалық және авторлық қадағалау құжаттары да қолдан толтырылады.
- Барлық құжаттар мемлекеттік сатып алу веб-порталында жобаны жүзеге асырғандай етіп тіркеледі.
- Одан кейін бұл құжаттар жұмыстар жүргізілген жердегі сәулет органдарының (әкімдік немесе ГАСК) тексеруіне жіберіледі.
- Сәулет органдары құжаттарды мақұлдағаннан кейін олар Қаржы министрлігінің Қазына комитетіне тексеруге жіберіледі.
- Мердігер РҰЖ жүйесінде қажетті ұпай жинап, мемлекеттік тендерлерде миллиондаған немесе миллиардтаған теңгенің жобаларын ұтып алады.
Бұл схеманы кім біледі?
Журналистер мен нарық қатысушыларының дерегінше, Telegram-да осындай «кейстерді» сатумен айналысатын топтар ашық жұмыс істеп жатыр. Жиі айтылатын есімдердің бірі — Павлодардағы Әсел деген адам.
Бір «жеңіс үшін» пакеттің бағасы 30-дан 50 миллион теңгеге дейін барады.
Сатушылар барлық құжаттардың мемлекеттік органдардан сәтті өтіп, келісілетінін уәде етеді.
Олардың байланыс деректері бәріне белгілі. Олар жасырынбайды. Байқап отырғандарыңыздай олар ешкімнен қорықпайды.
Бұл қалай жүзеге асты?
Сәулет бөлімдерінде, ГАСК-та, әкімдіктерде отырған шенеуніктер өздері осы схеманың бір бөлігіне айналды. Дереккөздердің айтуынша, Қаржы министрлігі болып жатқан жағдайдан хабардар. Нарық қатысушылары министрліктің жалған құжаттардың ағымын тоқтатуға тырысып жатқанын байқайды. Бірақ бүгінге дейін бұл әрекеттер жартылай ғана іске асады. Себебі жүйені ішінен жақсы білетіндер барлық тосқауылдарды — қосымша растау болсын, құжаттар тізімін күшейту болсын, әйтеу бір айла тауып оңай сан соқтырып кетеді.
Салдары
Бұл — тек бір реформаның сәтсіздігі емес. Бұл — мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықпен күресуге арналған жалғыз цифрлық реформаның күйреуі.
Жеңімпаздар — сапалы құрылыс жүргізетіндер емес, құжаттарды қолдан жасауға «шебер» адамдар болып тұр.
Мемлекет миллиардтаған қаражаттан айырылып жатыр. Мектептер мен ауруханалар емес, схемалар мен жалған жобалар салынып жатыр.
Не істеу керек?
- Қаржы министрлігі кестелерді қиындатпай, нақты кейстерді тексеруге кірісуі керек;
- Бас прокуратура — осындай «көмекшілердің» кім екенін және олар шенеуніктердің іші-бауырына кіріп, қалай жол тапқанын анықтауы тиіс;
- Қоғамға анық көрініп тұрған мәселеге көз жұма қарамауды ұсынамыз.
Өйткені бұл жүйе де күйрейтін болса, мемлекеттік сатып алудың толық цифрлануы тоқтап, бұрынғы тәсілге қайта оралуымыз ғажап емес.
Қаржы министрлігі бұл проблемалардан хабардар және заңдағы олқылықтарды жою үшін бірқатар түзетулер дайындап жатыр.
«Мемлекеттік сатып алу процесі үнемі жетілдіруді талап етеді. Әсіресе, жұмыс тәжірибесін растау тәртібін жетілдіруді көздеп отырмыз. Бизнес тарапынан жұмыс тәжірибесін өтірік көрсету жағдайлары кездеседі. Біз оларды түбегейлі тоқтатуға және мемлекет пен адал бизнестің мүддесі үшін қатаң түзетулер енгізуге ниеттіміз. Біздің түзетулер жұмыс тәжірибесіне бағытталады»,
— деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.
Осылайша Қазақстандағы жер-көкке сыйғызбай әуелі мақтап, артынша жерлеген тағы бір реформаның куәсі болдық.
Автор: Илья Астаханов
Жаңалықтар
- «Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шезофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
- Жезқазғанда «Шерзат ісіне» ұқсас қылмыстық іс қайта қаралып жатыр
- «Әкімдіктегі жемқорлық»: Ақтөбеде мердігерді қорқытып пара алған шенді әкімді сотқа шақырды
- Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
- «Жетімін жылатпаған қазақ»: Қонаевтағы балалар үйінің жағдайы қалай?
- Нұржан Бексұлтанова халықаралық жүлдеге ие болды
- Прокурор Алматы әуежайында шу шығарған ер адамды 10 жыл 6 айға соттауды сұрады
- Шағын және орта кәсіпке арналған «Өрлеу» атты жаңа бағдарлама іске қосылды
- «Жаза бәріне ортақ»: Премьер Бектенов Назарбаевтар әулетіне қатысты тергеу ісі туралы айтты
- Олжас Бектенов Әділбек Жақсыбековтың күйеу баласы ма? Премьер өзі түсініктеме берді
- Жәбірленуші бола тұра қылмыскер атандым: Аяусыз пышақталған жасөспірімнің анасы әділдік сұрайды
- Мен халыққа жақсы атану үшін «тариф өспейді» деп айтқым келмейді – премьер-министр
- Перизат Қайраттың Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен байланысы бар
- Алматыда ер адам сүйіктісінің өгей әкесін бауыздап өлтірді
- Атыраулық көпбалалы ана сүндетке отырғызу бағасына наразы болды
- Тоқаев әскери-әуе күштері қолбасшысын қызметінен босатты
- Алматыда ірі жол апатынан 23 адам зардап шекті
- Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын босатылмайды
- Семейде қылмыс әлемінің серкесі Лёха Семипалатинскийге ескерткіш орнатылды
- Ақтөбеде түнде полиция бөліміне рұқсатсыз кіргендер қамалды