Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінде не айтылды?
Фото: Ақорда
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды, деп хабарлайды Orda.kz.
Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де мәні зор екенін, өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналатынын еске салды.
«Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, еліміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет» ,— деді Тоқаев.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Кемелұлына шақырғаны үшін алғыс айтты.
«Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін» ,— деді Путин.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге бірқатар сауда-экономикалық жоба, Амур жолбарыстарын Қазақстанға жерсіндіру, жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы, «Сириус» мектебі бастамалары таныстырылып жатыр
Бұдан кейін президенттер келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдап, БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізеді.
Ресей Федерациясы президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. Екі ел жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, екіжақты құжаттарға қол қойылады, осыған орай 27-29 мамыр күндері Ресей президенті Қазақстанда болады.
Путиннің елге келудегі мақсаты, 28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының Еуразиялық экономикалық форумына қатысу.
Екі мемлекеттің басшылары келіссөз барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.
Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды
Мемлекет басшысы Ресей президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
«Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқталғым келеді. Аталған форматты бүкіл әлем Орталық Азияға назарын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өте қызықты әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз», – деді президент.
Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұнды мақаласы үшін Ресей президентіне алғыс айтамын. Бұл материалды халқымыз ықыласпен оқыды. Өйткені мақалада тату көршілік пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау – Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Оқи отырыңыз:
- Путин Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысады
- Путин: Ресей қуатты Қазақстанға құрметпен қарайды
- 27-29 мамыр күндері Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді
Жаңалықтар
- Батыс Қазақстан облысында үш жасөспірім көз жұмды
- 20 жыл бойы «қара тізімде» болған Қырғызстан үшін Еуропа аспаны ашылды
- Тергеудегі Тәшиев көпшілік алдына шығып Жапаровты мақтады
- Сүйіп, порно көрсетті: 15 жастағы қыз атасы жасаған анайы қылықтарды айтып берді
- АҚШ Иранға қарсы жауапты соққы берді: Ормуз бұғазындағы шиеленіс күшейді
- WornerBros фильмдерін ақшаға көрсетіп, қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам сотталды
- Маңғыстаудағы жартас мешітінің тарихи келбеті қалпына келтірілді: Пластик терезелер мен есіктер алынып тасталды
- Қазақстанда іздеуде жүрген 371 шетелдік анықталды, 107 адам ұсталды
- NASA: Artemis III – адамзаттың Айды қайта игеру жолындағы маңызды миссия
- Сталкингке қарсы заң жобасы: Қыз алып қашу — дәстүр ме, қылмыс па?
- Иран СІМ АҚШ әскери күштерін аумақтан тезірек әкетуге шақырды
- Судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары кісі өлімінің жан түршігерлік жай-жапсарын айтты
- Сарбаз оқпанда қалған пулемет оғынан қаза тауып, офицер 4 жылға сотталды
- Алматы көшесін «жасанды интеллектпен тазалай салған» қызметкер жұмыстан кетті
- Әл-Фарабидегі апат: Пактың «100 QR 02» жалған нөміріне қатысты іс тоқтатылды
- Алматыда жүргізуші бес адамды қағып, тағы бір көлікке соғылды
- Президент Берік Уәлиге «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыруды тапсырды
- Дәрілерді бақылаусыз қолдану ұлттық қауіпсіздікке қатер: Антибиотик сату қатаңдайды
- Қызылорда облысындағы жұмбақ өлім: Құдықтан табылған 20 жастағы жігіттің өліміне оның 15 жастағы інісі күдікті болып шықты
- Талдықорғанда сарбаздың қазасына байланысты батальон командирінің орынбасары сотталды