Қазақстан McDonald’s желісін етпен қамтамасыз ете алмады

cover Фото: Dala Camp Forum

Неліктен қазақстандық фермерлер McDonald’s желісін ет өнімдерімен қамтамасыз ете алмады? Бұл сұраққа Turan мал өсірушілер қауымдастығы басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев пікір білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.      

Бурабайда өткен Dala.Camp ет форумы барысында нарықты біріктіру, фермерлерді экспорттық жүйеге тарту және премиум сиыр еті сегментін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болып кеткен. Қазақстан фермерлері ірі халықаралық франшизаларды ет өнімдерімен қамтамасыз ете алмады. Қазақстан нарығынан McDonald’s желісі кеткеннен кейін бұл мәселе өзекті бола түсті.

Себебі мал шаруашылығы ұзақ уақыт бойы инвесторлар үшін тартымды сала ретінде қабылданбаған. Оның айтуынша, инвесторлар мал шаруашылығын, соның ішінде құс шаруашылығы, түйе шаруашылығы және балық өсіру бағыттарын да болашағы бар сала көрмеген.

«Бұл тым тәуекелі жоғары әрі маржасы төмен бизнес ретінде бағаланды. Соның салдарынан нарыққа жеткілікті көңіл бөлінбеді, сала дамымады, сапа да, стандарттар да, инвестиция да, мал басы да жетіспеді. Нәтижесінде ішкі нарықтағы сұранысқа сай қажетті көлемдегі етпен қамтамасыз ету мүмкін болмады», — дейді Жәнібек Кенжебаев. 

Оның сөзінше, халықаралық желі McDonald’s-пен болған жағдай жинақталған проблемалардың қаншалықты терең екенін көрсетті. 

Ол мұны өте маңызды жағдай деп атап, бұл ірі сауданың қазақстандық мал өсірушілермен және ет өнімдерін өңдеушілермен жұмыс істеудің болашағын көрмейтінін аңғартатынын айтты. 

«Бұл жиынның мақсаты — осындай көзқарасты өзгерту, әлемге Қазақстанның қажетті сұранысты қамтамасыз ете алатынын, жоғары стандарттарды сақтайтынын және сенімді серіктес бола алатынын көрсету», — деді Turan мал өсірушілер қауымдастығы басқарма төрағасы. 

Еске салсақ, Қазақстандағы алғашқы McDonald’s мейрамханасы 2016 жылы ашылған болатын. Ал McDonald's 2022 жылғы 18 қарашада Қазақстандағы жұмысын тоқтатты. Бұған жеткізу тізбегінің бұзылуы себеп болды. Елдегі мейрамханалар енгізілген санкцияларға қатысты Ресейден ет сатып ала алмады. Оның үстіне америкалық компания тікелей қазақстандағы өкілдеріне ресейлік жеткізушілерден ет өнімін сатып алуға тыйым салған.

Сонымен қатар, сол кезеңде Қазақстандағы және Ресейдің кейбір өңірлеріндегі McDonald’s франшизасының иесі болған Қайрат Боранбаевтың квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру ісі бойынша тергеуге ілінуі де қиындатқан.

Ал 2023 жылдың қарашасында бұрын McDonald’s брендімен жұмыс істеген жедел тамақтану мейрамханалар желісінің жаңа атауы I’M болып өзгерді. Сол кезде Food Solutions KZ компаниясы жергілікті өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Компанияның бас директоры өнімдерді жергіліктендіру деңгейін 100 пайызға жеткізуді көздеп отырғанын айтты. Алайда бұл үдерістің күрделі екенін, себебі компания әлемдік стандарттарды ұстанатынын және қазақстандық жеткізушілерді де осы бағытта жұмыс істеуге шақыратынын атап өтті.

Форумда Қазақстанның шикізат моделінен қосылған құны жоғары премиум сиыр еті брендіне көшу қажеттігі айтылды. Бұл үшін,  фермадан экспортқа дейінгі толық бақылау жүйесін қалыптастыру, халықаралық сапа және сертификаттау стандарттарын (USDA Grading, MSA, EUROP және т.б.) енгізу, өнімнің шығу тегін толық қадағалау қажет екені айтылды.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар