Қайын жұртын жалмаған: Прокурор Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

cover Фото: Orda.kz

Төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ол Атырау облысы Жангелдин ауылында төрт адамды өлтірді деп айыпталуда, деп хабарлайды  Orda.kz ATYRAU.TODAY-ге сілтеме жасап.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында сот жарыссөздері өтті. Мемлекеттік айыптаушы Сәрсемалиевті бірнеше бап бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Екі және одан да көп адамды ерекше қатыгездікпен және пайдакүнемдік ниетпен өлтіру бабы бойынша прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етті. 

Сонымен қатар, ірі көлемдегі ұрлық пен алаяқтық үшін алты жылдан, мал ұрлығы үшін төрт жыл және құжаттарды жойып, жасырғаны үшін 60 АЕК мөлшерінде айыппұл сұралды.

Барлық баптарды қосқанда, мемлекеттік айыптаушы Сәрсемалиевке төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінді.

Сонымен қатар прокурор айыпталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қоры үшін 30 АЕК, 2,5 миллион теңгеден астам процессуалдық шығынды өндіріп алуды және қаза тапқандардың туыстарының азаматтық талаптарын қанағаттандыруды сұрады.

Келесі кезекте Сәрсемалиевке соңғы сөз беріледі, содан кейін сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

Бұдан бөлек, прокуратура Мұқанғалиеваға қатысты істі жапты. Ол қылмыс туралы хабарламау бабы бойынша күдікке ілінген еді, алайда тергеу құрамның болмауына байланысты тоқтатылды.

Жангелдиндегі қайғылы оқиға өткен жылдың соңында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Сарсемалиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, ағасы мен әпкесін аса қатыгездікпен өлтірген.

Ол бұған дейін Индонезиядан экстрадицияланған. Қазақстанда ол Атырау мен Алматы қалаларындағы клиникаларда бірнеше сот-психиатриялық сараптамадан өтіп, кейін емделуге жіберілген.

«Өздері осыған жеткізді» деп ақталмақшы болған Сұлтан Сәрсемалиев Жангелдин ауылындағы қайын жұртын түгел қырып тастаған қылмысқа қатысты сот барысында жұбайының отбасына қарсы жасалған қанды қылмысқа қатысты өз нұсқасын баяндаған болатын.     

Ол төрт адамның, оның үстіне туған қайын жұртының түгелдей өліміне байланысты айыпталып отыр.

Айыпталушының айтуынша, қайғылы оқиғаға ұзақ жылдарға созылған жанжал мен балалар жәрдемақысына байланысты дау себеп болған.

16 маусымдағы сот отырысында Сәрсемалиев ажырасқаннан кейін де жұбайы Ақбаянды жақсы көргенін айтқан. Оның сөзінше, ажырасуға қайын ата-енесінің ықпалы болған.

Ол ажырасқаннан кейін де бұрынғы жұбайымен араласуды жалғастырып, отбасын сақтап қалуға үміттенгенін айтады. Алайда, оның пікірінше, әйелінің туыстары «өз мүдделерін көздеп әрекет еткен», соның ішінде балалар жәрдемақысына байланысты мәселелер де қақтығыстарға себеп болған.

Сәрсемалиев әйелінің ата-анасы балаларымен кездесуге кедергі келтіргенін, тіпті ажырасқанда іште болған бесінші балаға қатысты жағымсыз сөздер айтқанын да мәлімдеді.

Айыпталушы қайнысы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты да түсініктеме беріп, төбелес өзін-өзі қорғау мақсатында  болғанын айтты. Белгілі болғандай, Наурыз пышақ жарақатынан қаза тауып, оның денесі Сәрсемалиев бұрын тұрған уақытша жалданған үй маңына жерленген.

Сонымен қатар, айыпталушы Мұқанғалиев жоғалғаннан кейін оның атына несие рәсімдеп, туыстарымен оның атынан хат алмасқанын мойындады. Осылайша ол марқұм тірі деген әсер қалдырмақ болған.

Сотта ең резонансты мәлімдемелердің бірі – оның бұрынғы  ата-енесін өлтіру ниетімен барғаны туралы сөзі болды.

Айыпталушының айтуынша, сол сәтте ол жағдайдан шығатын жол көрмеген және жанжал тым ушығып кетті деп есептеген. Кейін олардың денелері өз үйінің ауласындағы сарайдан көмілген жерінен табылған.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар