75 мың доллар пара беру кезінде ұсталды: Бұрынғы вице-министрлер ісі бойынша сотта не айтылды?

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында бұрынғы вице-министрлер Ақмәди Сарбасов пен Дәулет Арғандықовқа, сондай-ақ Бірінші кредиттік бюроның басшысы Руслан Омаровқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Айыптау тарабы оларды мемлекетке екі миллиард теңгеден астам залал келтіру және 75 мың доллар көлеміндегі болжамды пара беру дерегімен байланыстырып отыр. Orda.kz тілшісі сот отырысына қатысып, мән-жайды біліп қайтты.

Сот отырысы таңғы сағат 10:00-ге белгіленгенімен, іс жүзінде екі сағаттан астам кешігіп, түскі 12:00-де басталды. Істі қарап жатқан судья Құралай Дарханова сот залында отырған журналистерге фото және бейнетүсірілім жүргізуге рұқсат бермеді. Іс бойынша 80 куәгер бар.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері аса ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша арнайы операция жүргізіп, мәмілеге қатысушыларды 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде ұстаған болатын.

Айыпталушылар қатарында:

  • Руслан Омаров — «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің бас директоры;
  • Ақмәди Сарбасов — «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның басшысы, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметін атқарған;
  • Дәулет Арғандықов — «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұрын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту барысында 370 мың АҚШ доллары мен 4,5 миллион теңге тәркіленген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, азаматтардың табысы туралы деректерді банктерге ұсынатын мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) арқылы Бірінші кредиттік бюро (БКБ) нарықтағы басты бәсекелесіне қарағанда заңсыз артықшылықтарға ие болған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі шамамен екі миллиард теңгеге бағаланып отыр. Сонымен қатар айыпталушыларға бәсекелестің жұмысын шектеу үшін зиянды бағдарламалық код қолданды және 75 мың доллар көлемінде пара берді деген айып тағылған. 

Екі миллиард теңгеге бағаланған бес пайыз

Айыптаудың негізінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісім жатыр. ЕРДО азаматтардың табысы туралы мәліметтердің жалғыз операторы саналады. Бұл деректерді банктер несие беру кезінде пайдаланады, ал кредиттік бюролар оларды тек ЕРДО арқылы ғана ала алады.

Айыптау актісінде 2020 жылдың желтоқсанында орталықтың сол кездегі басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның жетекшісі Руслан Омаров қосымша келісімге қол қойғаны көрсетілген. Құжат тараптар арасындағы кіріс бөлінісін өзгерткен. Бұған дейін БКБ әрбір сұраудың құнынан 30 пайыз алса, жаңа келісімнен кейін оның үлесі 35 пайызға дейін өскен. Ал ЕРДО-ның үлесі 70 пайыздан 65 пайызға дейін қысқарған.

Тергеу дәл осы қосымша бес пайыз жеке компанияға нарықта артықшылық берген деп есептейді.

«Р.Омаров  бұл артықшылық БКБ үшін алдын ала тең емес әрі кемсітушілік сипаттағы бәсекелестік жағдай қалыптастыратынын, клиенттер тартуға бағытталған агрессивті тарифтік саясат жүргізуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ компания табысының артуына және құрылтайшылар алдындағы іскерлік беделінің нығаюына алып келетінін түсінген», – деп айыптау актісін оқыды прокурор.

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың сәуіріне дейін мемлекет 1 млрд 958 млн теңге көлеміндегі табыстан қағылған.

Сот барысында Сарбасовтың қорғаушысы Нариман Керуенов айыптаудың негізгі эпизодтарына қатысты өз уәждерін айтты.

Бір бағдарламалық код бәсекелесті қалай шеттеткен?

Тергеу нұсқасы бойынша, 2022 жылы ЕРДО ішінде Мемлекеттік кредиттік бюроның (БКБ-ның басты бәсекелесі) сұрауларын жасанды түрде баяулататын механизм енгізілген.

Іс материалдарында бұл үшін бағдарламалық кодқа енгізілген Thread.sleep функциясы пайдаланылғаны көрсетілген.

«Шартты кідіріс тек Мемлекеттік кредиттік бюродан келген сұраулар үшін іске қосылған және олардың басымдығын әдейі төмендетуге бағытталған» деген қорытынды жасаған сарапшылар.

Нәтижесінде Мемлекеттік кредиттік бюроның сұраулары 1–3 секунд ішінде өңделсе, Бірінші кредиттік бюроның өтінімдері шамамен 0,3 секундта қаралған. Соның салдарынан кейбір клиенттік сұраулар Бірінші кредиттік бюроға ауысып отырған, бұл оның кірісін арттырған. Яғни компания заңсыз артықшылықтарға ие болған.

Адвокаттың сөзінше, іс материалдарында екінші деңгейлі банктердің азаматтардың кредиттік тарихын алу үшін жолдайтын сұрау салуларына қатысты мәселе қозғалған.

«Мұнда екінші деңгейлі банктер несие беру кезінде және басқа да жағдайларда азаматтардың несие тарихын, яғни сол адамға қатысты несие құжаттарын алу үшін сұрау салу жолдайтыны туралы айтылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған зиянды бағдарлама дәл осы Мемлекеттік кредиттік бюроға бағытталып, олардың сұрау салуларды өңдеуін баяулату арқылы кіріс бөлігін азайту мақсатында қолданылған деген болжам бар», — деді қорғаушы.

Оның айтуынша, бұл бағдарламаға Ақмәди Сарбасовтың қатысы жоқ.

«Менің қорғауымдағы Сарбасов жұмысқа тек 2025 жылы орналасқан. Біз әлі күнге дейін оның бұл істің аясында не себепті жүргенін түсіне алмай отырмыз. Іс бойынша ондаған куәгер бар, көптеген экономикалық сараптамалар жүргізілген. Сот тергеуінің нәтижесінде оның кінәсі дәлелденбегені және дәлелденбейтіні анықталады деп есептеймін», — деді адвокат Керуенов.

«75 мың доллар оның жанынан табылған жоқ»

Қорғаушы соттағы негізгі даулы мәселелердің бірі ретінде пара алу эпизодын атады.

Оның айтуынша, қылмыстық іс материалдарында Арғандықовтың, Омаровтың және Сарбасовтың ұсталған сәті түсірілген бейнежазба бар. Бірақ бұл бейнежазба айыптау актісінде көрсетілген мән-жайлармен сәйкес келмейді.

«Құқықтық саралауда Сарбасовтың 75 мың АҚШ долларын пара ретінде тікелей өзі алғаны нақты көрсетілген. Алайда тергеу барысында анықталғандай, оның жанынан мұндай көлемдегі ақша табылмаған әрі тәркіленбеген. Аталған қаажат мүлде басқа адамнан алынған. Неліктен дәл осы әрекет Сарбасовқа таңылып отырғаны түсініксіз», — деді қорғаушы.

Адвокаттың пікірінше, дәл осы себепті іс материалдарындағы бейнежазба мен айыптау нұсқасының арасында қайшылық бар.

«Ұсынылған бейнежазба қазіргі уақытта Сарбасовқа тағылып отырған қылмыстық іс материалдарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты дәл 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі параны алды деген айыптау өз дәлелін тапқан жоқ деп есептейміз», — деді Нариман Керуенов.

«Сарбасов өз кінәсін мойындамайды»

Қорғаушы сотқа дейінгі тергеу барысында қорғау тарабы жауап беруден әдейі бас тартқанын айтты.

«Куәлардың көп болуына және түрлі сараптамалардың жүргізілуіне байланысты біз қорғауымыздағы адамның жағдайын күрделендіріп алмау үшін жауап бермедік. Қазір сот талқылауы барысында міндетті түрде жауап береміз. Бірақ бұл барлық куәлардан жауап алынғаннан, қылмыстық іс материалдары толық зерттелгеннен және барлық сараптамалар қаралғаннан кейін жүзеге асады», — деді адвокат.

Оның айтуынша, Ақмәди Сарбасов өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарады.

«Ұсталған алғашқы күннен бастап ол қандай негіздермен айыпталып отырғанын түсінбей келеді. Себебі ол бұл жұмысқа 2025 жылдың сәуір айында орналасқан, ал ұсталған уақыты — 2025 жылдың маусымы. Ал іс бойынша сөз болып отырған оқиғалар 2019 жылы орын алған. Ол кезде Сарбасов бұл ұйымда әлі жұмыс істемеген. Сондықтан ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Бұл оның нақты әрі өзгермейтін ұстанымы», — деді қорғаушы Нариман Керуенов.

Қылмыстық іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. Алдағы отырыстарда ондаған куәгерден жауап алынып, сараптама қорытындылары зерттелмек.

@ordaqazaqs

Алматыда бұрынғы вице-министрлер Ақмәди Сарбасов пен Дәулет Арғандықовқа және Бірінші кредиттік бюро басшысы Руслан Омаровқа қатысты сот өтіп жатыр. Олар мемлекетке 2 млрд теңге шығын келтіріп, 75 мың доллар пара алды деп айыпталуда. Сотта Сарбасовтың қорғаушысы айыпталушының бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, істегі қылмыстық оқиғалар 2019 жылы болған, ал Сарбасов бұл мекемеге тек 2025 жылы басшы боп келген. Оған қоса, пара ретінде аталған 75 мың доллар оның өзінен емес, мүлде басқа адамнан тәркіленген. Судья сот залында суретке және видеоға түсіруге тыйым салды. Алдағы уақытта 80 куәгерден жауап алынбақ. Қазіргі таңда Ақмәди Сарбасов өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

♬ оригинальный звук - ORDA - ORDA

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар