Екі ел арасындағы әріптестікке 30 жыл: Путин мен Си Цзиньпин Қытайда не шешті?
Фото: Синьхуа агенттігі
19 мамыр кешінде Кремльдің баспасөз қызметі Владимир Путиннің Қытайға Си Цзиньпиннің шақыруымен ресми сапармен келгенін хабарлады. Бейжің әуежайында оны Қытайдың сыртқы істер министрі қарсы алды, деп хабарлайды Orda.kz.
«Ресей басшысының сапары мемлекетаралық байланыстардың негізін қалаған тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орайластырылған» деп мәлімдеді Кремль.
Путиннің жоспарында Си Цзиньпинмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылау болды.
Алдымен көшбасшылар шағын құрамда келіссөз жүргізіп, кейін кездесу кеңейтілген форматта жалғасты. Путиннің айтуынша, соңғы 25 жылда Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30 есеге артқан. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы қатынас «бұрын-соңды болмаған деңгейге» жеткен.
Өз кезегінде Си Цзиньпин биыл Қытай мен Ресей арасындағы әріптестік және стратегиялық өзара іс-қимыл орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері әрі әлемдегі ірі мемлекеттер ретінде Қытай мен Ресей ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасқа сүйене отырып, жоғары сапалы жан-жақты ынтымақтастық арқылы елдеріміздің дамуына серпін беруі және жаһандық басқарудың әділ жүйесін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс», – деді ол.
Келіссөз аяқталғаннан кейін екі ел басшылары баспасөзге мәлімдеме жасады. Кездесу барысында Путин мен Си қазіргі геосаяси жағдайдың негізгі мәселелерін талқылады.
Си Цзиньпин Таяу Шығыстағы жағдайдың «соғыстан бейбітшілікке өтудің шешуші кезеңінде» тұрғанын айтты.
«Әскери қимылдарды толық тоқтату кейінге қалдыруды көтермейді, ал қақтығыстың қайта өршуіне мүлде жол беруге болмайды», – деді ол.
Си Цзиньпиннің пікірінше, Ресей мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, БРИКС, АТЭС сияқты көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылды күшейтіп, Жаһандық Оңтүстік елдерін біріктіруі қажет. Тараптар сондай-ақ Украинадағы дағдарыстың түпкі себептерін БҰҰ Жарғысының қағидаттарын толық сақтай отырып жою қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Қытай мен Тайвань мәселесі де қозғалды. Ресей «бір Қытай» қағидатына адалдығын растады. Келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған құжаттарда Ресей мен Қытай АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларын халықаралық құқықты бұзу деп айыптады.
Бұдан бөлек, тараптар Жапонияның қайта қарулануына және ядролық материалдарды жинақтауына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ КХДР-ды оқшаулауға және НАТО-ның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы кеңеюіне қарсы шықты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен Қытай «Сібір күші – 2» газ құбыры жобасының негізгі параметрлері бойынша ортақ түсіністікке келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар бағыт пен құрылыс мәселелері бойынша келісімге келген, енді тек кейбір нақтылаулар қалды. Келіссөз барысында екі ел көлік, энергетика және жоғары технологиялар салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Сапардың нақты нәтижелерінің бірі – визасыз режимді 2027 жылға дейін ұзарту болды. Сонымен қатар Забайкальск – Маньчжурия учаскесінде екінші теміржол желісін салу туралы келісім жасалды. Бұл 2030 жылға қарай өткізу қабілетін 11 миллион тоннаға дейін арттырып, тәулігіне 50-ге жуық пойыз жұбын өткізуге мүмкіндік береді.
Тараптар көлік интеграциясын да дамытуды көздеп отыр. Атап айтқанда, Солтүстік теңіз жолы, Қытай – Еуропа бағыты, Транссібір және БАМ магистральдарын жаңғырту, шекара өткелдерінің тәулік бойы жұмыс істеуі және ұшқышсыз көлік енгізу мәселелері қарастырылуда.
Сонымен бірге елдер ғарыш және технология салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Оның ішінде ГЛОНАСС пен «Бэйдоу» навигациялық жүйелерін біріктіру, жасанды интеллект, цифрлық экономика және бағдарламалық қамтамасыз ету бағыттары бар.Келіссөз қорытындысында тараптар көпполярлы әлем қалыптастыру туралы бірлескен декларация қабылдады.
Еске салсақ , бұған дейін Ақорда Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Сапар мамыр айының соңында өтіп, оның мақсаты екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту болмақ.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық