Башар Асад режимінің бұрынғы мүфтиі өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Фото: sana.sy
Сирияның бұрынғы бас мүфтиі Ахмад Бадр ад-Дин Хассун өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Дамаскідегі Төртінші қылмыстық сот оны адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстарға қатысы бар деп таныды, деп хабарлайды Orda.kz.
Сот үкімі дүйсенбіде, сот процесінің алтыншы отырысында жарияланды. Сонымен қатар Хассунның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Хассунға қандай айыптар тағылды?
Сот мәліметінше, 2011 жылы Сирияда билікке қарсы бейбіт шерулер басталғаннан кейін бұрынғы режим қауіпсіздік күштері мен әскерді наразылықтарды басуға пайдаланған. Кейін бейбіт тұрғындарға қарсы жаппай кісі өлтіру, азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық, тонау, күштеп көшіру және адамдарды күштеп жоғалту сияқты қылмыстар жасалған.
Сот Хассунның сол кездегі діни мәртебесін пайдаланып, режимнің әскери және қауіпсіздік операцияларына діни негіз бергенін мәлімдеді. Оның ішінде бейбіт аудандарға қолданылған бөшкелі бомбаларды пайдалануды ақтағаны да айтылды.
Сондай-ақ Хассунның бұрынғы режим қауіпсіздік органдары ұстаған азаматтарды босату үшін ақша мен сыйлықтар алғаны сотта дәлелденген.
Бұдан бөлек, ол әскери операцияларға қатысқан қарулы құрылым – «Құдс бригадасына» қаржылай қолдау көрсеткен. Сот бұл қаражаттың қарулы топтың әскери қызметін жалғастыруына мүмкіндік бергенін атап өтті.
Хассунның Ресей мен Иранның Сириядағы әскери араласуын қолдаған мәлімдемелері де сотта қаралған. Оның кейбір сөздерінде белгілі бір адамдар топтарына қарсы күш пен зорлық-зомбылық қолдануға шақыру болған.
Қандай жаза тағайындалды?
Сот Хассунды бірнеше қылмыс бойынша кінәлі деп таныды. Олардың қатарында азаматтық соғыс пен діни қақтығысты қоздыруға бағытталған әрекеттер, қасақана кісі өлтіруге арандату, кісі өлтіруге қатысу, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және діни әрі нәсілдік араздықты қоздыру бар.
Оған жекелеген баптар бойынша 20 жыл және 10 жыл бас бостандығынан айыру, сондай-ақ үш жылдық жаза тағайындалды. Алайда сот жазаларды біріктіріп, ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды белгіледі.
Сонымен қатар Хассунға 195 мың доллар көлемінде айыппұл салынды. Оның мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Сот адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстарға ескіру мерзімі мен жалпы рақымшылық қолданылмайтынын атап өтті. Хассунға рақымшылық жасауға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаны орындауды тоқтатуға мүмкіндік берілмейді.
Ахмад Хассунға қатысты алғашқы сот отырысы 2026 жылғы 25 маусымда өткен.
Оған бұрынғы режимдегі жоғары лауазымды тұлғалармен және әскери басшылармен байланыс орнату, әскерді билікке қарсы шыққандарды басуға шақыру, бейбіт тұрғындарға қатысты арандатушылық мәлімдемелер жасау және соғыс қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды қолдау сияқты айыптар тағылған.
Хассунның соты Сириядағы бұрынғы Башар Асад режимі кезінде жасалған қылмыстарға қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту жөніндегі өтпелі әділет процесі аясында өтіп жатыр.
Бұған дейін Дамаскідегі Төртінші қылмыстық сот бұрынғы режимнің басқа да өкілдеріне қатысты қатаң үкімдер шығарған. 18 тамызда Уасим әл-Асад адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстар үшін өлім жазасына кесілді.
Ал 11 тамызда сот Атеф Наджибті өлім жазасына кесті. Қашып жүрген Башар Асад, Махер Асад және тағы бес адам да сырттай өлім жазасына тартылды. Олар кісі өлтіру, азаптау, заңсыз қамау, адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Оқи отырыңыз:
«Сұңқар» трамплиндері ісі: Алматы соты Ерлан Сариевті ақтады
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық