«Қалқаман» метро станциясы қашан ашылатыны белгілі болды

cover Фото: metroalmaty.kz

Алматыда метро желісін дамыту мерзімдері нақтыланды. Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Tengrinews.kz редакциясының сауалына жауап беріп, «Қалқаман» станциясының жолаушыларды қашан қабылдай бастайтынын, метроның «Барлыққа» қашан жететінін және әуежайға дейінгі желінің қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Orda.kz.    

«Қалқаман» станциясы қашан ашылады?

Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, «Қалқаман» станциясының жерасты бөлігіндегі негізгі жұмыстар аяқталған. Қазір станцияға іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа станция жолаушыларды 2026 жылдың соңына қарай қабылдай бастайды. Оны іске қосу алдында мамандар іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуі тиіс.

«Қалқаман» станциясының жер асты бөлігіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, іргелес аумақты абаттандыру жалғасып жатыр. Іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған», деп хабарлады басқарма. 

«Қалқаман» станциясы құрылысына 67,8 миллиард теңге бөлінген.

Станция ашылғаннан кейін Алматы метросының бірінші желісінде 12-станция болады. Қазір «Райымбек батыр» станциясынан «Бауыржан Момышұлы» станциясына дейінгі учаскеде 11 станция жұмыс істейді. Оның ұзындығы – 14,3 шақырым. Жаңа станция желіні тағы 2 шақырымға ұзартады.

Метро «Барлыққа» қашан жетеді?

Метроның бірінші желісін одан әрі батыс бағытта – «Қалқаманнан» «Барлық» көлік-логистикалық торабына дейін ұзарту жоспарланған. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын учаскеде тағы үш станция салу көзделген. Қазір дайындық жұмыстары басталып кеткен.

«Жоба жобалық-сметалық құжаттаманы – жұмыс құжаттамасын әзірлеу кезеңінде тұр. Жобаны іске асыру аясында станциялар құрылысының аумағына кіретін инженерлік желілерді көшіру бойынша дайындық жұмыстары, сондай-ақ қазаншұңқыр қазу жұмыстары басталды» деп жазылған басқарма жауабында.

Басқарма станциялардың құрылысы нақты қашан аяқталатынын хабарлаған жоқ.

Алайда Алматы метрополитенінің ресми парақшасындағы бейнематериалда «Барлыққа» дейінгі учаскені 2029 жылы іске қосу жоспарланып отырғаны айтылған.

Метро әуежайға дейін қашан жетеді?

Метроның екінші желісі «Жібек жолы» станциясын Алматы халықаралық әуежайымен байланыстыруы тиіс. Жаңа желінің ұзындығы 14 шақырым, оның бойында 8 станция болады.

Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Ол 2026 жылғы 14 шілдеде мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.

«Келесі кезең – жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту. Метроның екінші желісінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр», деп хабарлады басқарма. 

Алматы метрополитенінің ресми парақшасында бұл желіні 2032 жылы іске қосу жоспарланғаны айтылған.

Мамандардың мәліметінше, болашақ желінің жолында орналасқан инженерлік коммуникациялар мен өзендер құрылыс жұмыстарын қиындатады. Метро 18-ден 25 метрге дейінгі тереңдікте салынады.

Үшінші метро желісі туралы не белгілі?

Алматыда үшінші метро желісінің жобасы да әзірленіп жатыр. Ол жаңа Алатау қаласы мен Gate City ауданын қолданыстағы бірінші желідегі «Сайран» станциясымен байланыстырады.

Анықтама: Алатау қаласын төрт мамандандырылған ауданға бөлу жоспарланған. Gate – қаржы орталығы, Golden – Оңтүстік Корея клиникаларын тарту арқылы білім беру және медицина хабы, Growing – өнеркәсіп пен логистика аймағы, Green – туристік бағыт.

Басқарма мәліметінше, үшінші желінің ұзындығы 22 шақырым болады. Оның бойында 14 станция салу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұл көрсеткіштер Алматының Бас жоспары таныстырылған кезде айтылған мәліметтерден өзгеше. Ол кезде желінің ұзындығы 28 шақырым, ал станциялар саны 17 болады деп көрсетілген.

«Метрополитеннің үшінші желісін салу жобасы техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындық кезеңінде тұр»,  деп хабарлады басқарма.

Жобаны жүзеге асырудың нақты мерзімі әзірге белгісіз. 

Алматы метросының жаңа желілері

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының бұрын таныстырылған жобасына сәйкес, қала метросын айтарлықтай кеңейту көзделген. Болашақта мегаполистің әртүрлі бөліктерін байланыстыратын үш желіден тұратын толыққанды метро жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Бірінші желі: вокзалдан «Барлыққа» дейін

Қазір бірінші метро желісінде «Бауыржан Момышұлы» станциясынан «Райымбек батыр» станциясына дейінгі аралықта 11 станция жұмыс істейді. Желінің жалпы ұзындығы – 14,3 шақырым.

Алдағы уақытта оны екі бағытта ұзарту жоспарланған:

Батысқа қарай: салынып жатқан «Қалқаман» станциясынан кейін «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салынады. Бұл учаскенің ұзындығы – 5,3 шақырым. Мұнда көлік ауыстырып мінетін торап салу жоспарланған.

Солтүстікке қарай: «Райымбек батыр» станциясынан Алматы-1 теміржол вокзалына дейін метро желісі тартылады. Бұл бағытта тағы бес станция салынып, желі 7,7 шақырымға ұзартылады.
Осылайша бірінші желідегі станциялар саны 20-ға дейін, ал жалпы ұзындығы шамамен 29,2 шақырымға жетуі мүмкін.

Екінші желі: Қала арқылы әуежайға дейін

Екінші желі Алматы метросының ең ауқымды бағыты болуы мүмкін. Жоба бойынша оның жалпы ұзындығы шамамен 76,6 шақырым, ал станциялар саны 42-ге жетеді. Бас жоспарға сәйкес, бұл желі сақина тәрізді болады және қаланың негізгі аудандарының басым бөлігін қамтиды.

Желі мегаполистің батыс және шығыс бөліктерін байланыстырады. «Барлық» базары ауданынан ірі магистральдар бойымен өтіп, солтүстікке қарай Алматы-1 вокзалына, одан әрі халықаралық әуежайға бағытталады. Айналманың оңтүстік бөлігі Әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшесі бойындағы тұрғын аудандарды қамтиды.

Бірінші кезеңі: қолданыстағы «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі учаске. Ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын бұл бағытта 8 станция орналастыру жоспарланған.

Үшінші желі: Алатау қаласына дейін

Үшінші желі қаланың оңтүстік аудандарын солтүстік бөліктегі жаңа Алатау қаласымен байланыстыруы тиіс. Желі «Қазақфильм» ауданынан басталып, «Сайран» станциясы арқылы өтіп, солтүстікке – салынып жатқан Алатау қаласына қарай бағытталады.

Бұрын жарияланған жобаға сәйкес, желінің жалпы ұзындығы 28 шақырым, ал станциялар саны 17 болады деп жоспарланған. Осы 17 станцияның екеуін Алатау қаласының аумағында орналастыру көзделген.

Алматы метросы қанша жолаушы тасымалдайды?

Алматы метрополитені – Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз метро. Ол 2011 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылды. Бас жоспар құжаттарындағы мәліметке сәйкес, метро жұмысын бастағаннан бері 83 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Метроға қаладағы қоғамдық көлікпен жасалатын барлық сапарлардың шамамен 8,2 пайызы тиесілі. Жолаушылар ағыны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға өсіп келеді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар