«Ашаршылыққа тарихи баға беру»: Қазақ жастары өнер арқылы үн қатты

cover Коллаж: Orda.kz

Қазақстанда 31 мамыр – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай биыл ерекше жоба жарық көрді. Бас продюсер әрі идея авторы Руслан Жұбаныш Orda.kz тілшісіне осы нәубет жайлы тақырыпты неге көтергенін және қазіргі кезде қазақ халқы үшін оның маңызы қандай екенін баяндап берді.

Бұл ұжымның tauelxsiz деген атпен ел алдына шығып жүргеніне 6 жыл болды. Продюсер өткен жылы сахнада көрсетілген «Жерге табын, адам, енді» атты перформансты видео-арт форматында биыл елге ұсынып отырғандарын айтты. Бұл – өнер арқылы ұлттың жазылмаған жарасын қозғап, емдеуге тырысқан шығармашылық топтың саналы әрі батыл қадамы. Біз продюсердің өзімен сұхбаттасып, бұл жұмыстың маңызын, тарихпен тілдесу тәсілі және ұлттың трагедиясымен жұмыс істеудің ауырлығы жайлы сөз еттік.

 Фото: tauelxsiz
«Былтыр біз Қазақстанның 6 қаласында «Жерге табын, адам, енді» деген үлкен заманауи өнер кешін өткіздік. Сол перформанста негізінен 4 бөлік болды. Перформанс бала мен Chatgpt диалогы түрінде өрбиді. Сол кезде бала чат-боттан: «болашақта әлем қандай болады?» деп сұрайды. Ол оған «болашақ әлемді көрсету үшін өткенге оралу керек» деген ой тастайды. Сөйтіп ол оған өткен тарихты көрсетіп шығады. Бізде сол кезде аштық жайлаған дала кезеңі, атом улаған дала кезеңі т.б. қазақ даласындағы небір қасіреттерді сахналадық. Сосын экологиялық апаттардан соң болашақта әлем қандай болатынын көрсеттік. Сондықтан осы қорытынды кешті беріп, перформансты аяқтағаннан кейін, видео форматқа бейімдеп көру идеясы келді. Сол үшін бұйырса, алда келе жатқан 31 мамыр ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырып, осы перформансымызды видео-артқа бейімдеп шығару идеясы туды», – дейді Руслан Жұбаныш. 

Бұл сахналық қойылым елдің әр қаласында көрсетіліп, көрермен залдарын толтырды. Алайда авторлар бұл туындыны тек сахнамен шектемей, видео-арт форматында да елге ұсынуды жөн көрген.

Фото: tauelxsiz

Сценарий 2023 жылдың желтоқсанында жазылып, келесі жылы көрерменге жол тартқан. Шығармашылық ұжым дереккөз ретінде Захардин Қыстаубаев пен Балжан Хамзинаның «Қызылдар қырғыны» атты кітабын негізге алғандарын айтты.

«Бұл видео-арттың сценарийі перформансқа арнайылап жазылған сценарий болатын. Сахнадағы туындының сценарийі 2023 жылы желтоқсан айында жазылған болатын. Сосын 2024 жылы көрерменге жол тартты. Біз ол кезде түрлі құжаттарды, кітаптарды қарадық. Соның ішінде осы видео-артқа негіз болған «Қызылдар қырғыны» деген кітап. Өзіміздің отандық авторлар Захардин Қыстаубаев және Балжан Хамзинаның еңбектері. Одан бөлек біз америкалық ғалым Сара Кэмероннның кітабымен, ондағы деректерді қарап шықтық. Жалпы «Қызылдар қырғыны» кітабы шынайы оқиғалардан жинақталған шағын кітапша. Біз оның жалғыз экземплярын Астанадағы ұлттық кітапханадан таптық. Сол жерде барып біз жазып алдық. Ол жалғыз кітап болған соң қолға ешқайба берілмейді екен. Түрлі деректі фильмдерді ақтардық, қарадық, сараладық», – дейді автор. 
Фото: tauelxsiz ұжымы

Продюссер тақырыпқа поэзия іздегенде сценарийді толықтыратын өлең таба алмағандарын айтты. Сондықтан оларға қызылордалық ақын Жамбыл Бақытәлі есімді автор сахнаға арнап, «Бабалар монологі» деп аталатын поэзия жазыпты. Видео-артқа осы поэзияны қосқан. Осы тақырыптағы түрлі жыр-термелерді де бар. Сондай-ақ Руслан Жұбаныш өнердің басты миссиясы – терапия екенін айтады. Алайда бұл жолғы сахналық ем — өте ауыр.

Фото: tauelxsiz
«Бірнеше рет бұл көріністерді үлкен қалаларда қойғанымызбен әр қойылым көрермен үшін ғана емес, неше рет көрсек те ұйымдастырушылар үшін де, актерлар үшін де өте ауыр сахналар болды. Өйткені әрдайым лық толы залдың бәрі жылап, осы қойылым барысында үлкен эмоциялық күй кешетін», — деді Руслан Жұбаныш.  
Фото: Руслан Жұбаныш

Оның сөзінше қазақ халқы терапиядан өз кезеңінде өтпеген.

«Өзіміз де дайындық барысында арқамыз шымырлап, әр дайындықта бірінші рет көріп, естіп отырғандай күй кешетінбіз. Ең өкініштісі бұл ашаршылық жылдарында түрлі фактілер тіркелді ғой. Соның ішінде адам етін жеу бар. Басқасы бар. Әрине, бұл ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыратын жара. Оны дер кезінде емдемесе, оған дер кезінде диагноз қойылып, бір шешімі табылмаса, ол үдеп үлкен ұлттық жарақатқа айналады. Біздің жағдайда өкініштісі сол терапиядан біз өз кезеңінде тиісінше өткен жоқ сияқтымыз», – деді продюсер. 

Ол психолог Нұргүл Молдабайдың көп халықта амандасқанда өзінің қалыпты формалары болса, дәл қазақтың амандасуының өзіне тән бір нәрсе бар екеніне назар аударғанын айтты. Ол «мал-жан аман ба?» деген сөз. Сол психологтың пікірі бойынша бұл сол ашаршылық жылдарынан бері келе жатқан жарақат. Яғни, әлі күнге сол «мал-жанның жағдайын білу», әлі күнге сол бірінші адамның халін емес, қарны тоқ па, жоқ па, малы бар ма т.б. көрісе қалып сұрап жататыны содан. Руслан Жұбаныш өз деңгейлерінде өнер тілінде осы ұлттың шерін тарқату үшін барын салғандарын айтты.

Фото: tauelxsiz ұжымы
«Келісуге болатындай сөз. Ашаршылықтан соң 1949-1989 жылдары біз  атом улаған даланы бастан кешірдік. Мұндай қасіреттердің бәрі ұлт үшін орны толмас трагедия және әрине біз оларды еңсеріп терапиядан өтуіміз керек. Өйткені бұл еңсерілмеген аштық түбі жақсылыққа апармайды. Өнердің бір үлкен міндеті — терапия. Біз бұл тақырыпты перформанс деңгейінде, одан кейін видео-арт деңгейінде көрсетіп, көрерменге ұсындық. Әрі қарай көрермен өзі шешіп, өзі бағамдайды. Біз ұлттың шықпай қалған үлкен трагедиясын өз тарапымыздан өнер тілімен көрсету үшін барымызды салдық», – деді продюсер.  
Фото: tauelxsiz ұжымы

Жобаның мақсаты — ашаршылықты есте алу ғана емес, оны сезіндіру. Ұлт трагедиясын көркем өнер арқылы жеткізу. Продюсердің айтуынша, 1932–1933 жылдардағы ашаршылықта шамамен 1,5 миллион адам қаза тапқан. Бұл – құрғақ сан емес, бүтін бір халықтың тағдырына таңба болған трагедия.

«Жалпы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық ол ең кемі 1,5 миллион адамның өмірін жалмады. Бұл цифрлар әр деректерде әр қилы. Дегенмен шамамен осы деректі көп тарихшылар келтіріп жатады. 1,5 миллион деген сұмдық цифр ғой?!. Сондықтан  осынша адамның қайғысына, бір тұтас ұлттың трагедиясына себеп болған оқиғалар, себеп болған тұлғалар ешқашан тарих беттерінен жасырылмауы керек. Оны тарихшылар ашық айтып, өз бағасын беруі керек деп ойлаймын. 1,5 млн ұлттың тұтас өлімге душар болуы — бұл үлкен қасірет. Ол жазылмайтын жара шығар. Ол жазылмаса, іріңдеп, қайта өлімге душар етуі мүмкін», – деді продюсер. 

Руслан Жұбаныш бұл трагедияның ресми түрде тарихи бағасын алып, халықаралық деңгейде атап өтілуі үшін тарихшылар мен саясаткерлер әрекет етуі керек екенін айта кетті.

«Бұл тақырыптың үлкен халықаралық деңгейде бағасын алуы халықаралық ұйымдар мен біздің үкіметтің, саясаткерлердің еншісіндегі дүние деп ойлаймын. Бұл дүние айтылып, тиісті бағасын алсын десек, шенеуніктер нормативтерді, құқықтық актілерді, халықаралық құжаттарды қарастырып, бұған үлес қосуы қажет. Менің түсінігімде басты дүние — ешқашан ұмыт қалдырмау. Атап өтпеу — шынымен сол кезде қыршын кеткен жандардың, сол кезде қайғы-қасіретті бастан өткерген отандастарымыздың рухына деген үлкен қиянат болар еді. Күйбең тірліктен бас ала алмай, қара басымыздың қамын күйттеп кететініміз рас. Дегенмен ең болмаса осындай атаулы күндерде осы қасіреттерге назар аударып, сол жандардың хикаяларын оқып-біліп, сезінуге тырысу керек. Ал енді оны тарих беттерінде, тарих бағдарламаларында, мектеп оқулықтарында оқыту, тиісті бағасын бере алу деген секілді тарихшылар түрлі пікірлерін айтып жүр. Сол ойларға құлақ асу да маңызды», – деді ол.

Шығармашылық топ соңғы алты жылда 13 заманауи өнер кешін өткізген. Биыл бесжылдықты қорытындылап, жаңа кезеңді бастаған.

«6 жылда шынымен үлкен репертуар жиналды. Сол репертуарды біз сахна арқылы көрермендерге офлайн көрсетіп келдік қой. Енді соны digital форматқа бейімдеп, аудиториясын көбейтіп, онлайн түрде елге ұсынғымыз келеді. Сондықтан осы видео-арт біздің жұмысымыздың бастауы болды. Ұзағынан сүйіндіргей деп өз басым тілеймін», – деді Руслан Жұбаныш. 

 Өнер — еске алудың ең терең түрі. Ол санаға емес, сезімге әсер етеді. Ал сезінген адам — ұмытпайды. Ұлттың ұлы қасіретін ұмыттырмау үшін өнер иелерінің еңбегі мен жан айқайы дәл осы видео-артта өзінше көрініс тапты. 

Назарларыңызға видео-артты ұсынамыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар