Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған сирек пластинка Бұқар жырау атындағы мұражайда сақтаулы

cover Фото: Бұқар жырау атындағы мұражай

Қазақтың көрнекті әншісі Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған пластинка  Бұқар жырау атындағы мұражай қорындағы сирек әрі құнды жәдігерлердің бірі болып саналады, деп хабарлайды Orda.kz.       

Қазақ халқының мәдениеті мен өнері ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұраға ие. Сол асыл қазынаны әлемге танытқан бірегей тұлғалардың бірі – Әміре Қашаубаев. Ол тек дарынды әнші ғана емес, ұлттық өнердің шынайы жанашыры, қазақ әнін жаһандық деңгейге көтерген тарихи тұлға болды.

Әміре Қашаубаев 1888–1934 жылдары өмір сүрген қазақтың ұлы әншісі, дәстүрлі ән өнерінің аса көрнекті өкілі әрі музыканты. Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең туының алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа отбасында туып өскен.   

Әміре Қашаубаев – қазақтың халық әндерін кең сахнаға алып шыққан алғашқы кәсіби орындаушылардың бірі. Оның табиғи дауысы, ерекше диапазоны мен орындаушылық шеберлігі тыңдаған жанды бірден баурап алатын. Ол орындаған әрбір әнде қазақ даласының үні, халықтың мұңы мен қуанышы, тарихы мен тағдыры көрініс тапты. Осы қасиеттері арқылы Әміре қазақ әндерін тек ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да паш етті.

XX ғасырдың басында ұлттық өнердің халықаралық деңгейде танылуы оңай болған жоқ. Соған қарамастан, Әміре қазақ әншілік мәдениетін Еуропа сахнасына алып шықты. Бұл – сол кезең үшін үлкен жетістік әрі тарихи оқиға еді. Ол қазақтың дәстүрлі әндерін өзгертпей, табиғи қалпында орындап, олардың шынайы болмысын сақтап қалды. Нәтижесінде, қазақ музыкасының ерекшелігі мен тереңдігі шетел тыңдармандарына айқын көрінді.

1925 жылы Парижде өткен Халықаралық көрме Әміренің өнер жолындағы ең маңызды белестердің бірі болды. Бұл көрме әлемнің түкпір-түкпірінен өнерпаздар жиналған үлкен мәдени алаң еді. Осындай беделді сахнада Әміре Қашаубаев қазақтың халық әндерін орындап, еуропалық көрермендерді таңғалдырды. Оның дауысы Париж жұртшылығын тәнті етіп, жоғары бағаланды. Шетелдік сыншылар оның өнерін ерекше атап өтіп, қазақ әнінің байлығы мен көркемдігін мойындады.

Бұл жетістік тек Әміренің жеке жеңісі емес, бүкіл қазақ халқының рухани жеңісі болды. Өйткені ол арқылы қазақтың ұлттық өнері әлемге танылды, қазақ мәдениетінің мәртебесі артты. Әміре қазақ халқының әншілік дәстүрін жаңа деңгейге көтеріп, оны халықаралық мәдени кеңістікке енгізді.

Сонымен қатар, Әміре көптеген халық әндерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде үлкен рөл атқарды. Оның орындауындағы әндер уақыт өте келе ұлттық мұраға айналып, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда оның орындаған әндері зерттеліп, қайта жаңғыртылып, жас орындаушыларға үлгі ретінде ұсынылуда.

Әміре орындаған әндер саны нақты есептелмеген, бірақ ең танымалдары:«Балқадиша»,
«Дудар-ай», «Бес қарагер»,  «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Үш дос» тағы басқалары. Бұл әндер қазақтың алтын қорына енген классикалық туындылар саналады.

Қазақстанның Орталық мемлекеттік архиві – фонографиялық жазбалар сақталған
Бұқар жырау атындағы әдеби-көркемөнер музейі – Әміренің дауысы жазылған пластинка бар
Кейбір жазбалар шетел архивтерінен де табылған.

Әміре Қашаубаев — қазақ ән өнерін әлемге паш еткен тарихи тұлға. Оның дауысы — ұлттық мұра, ал орындаған әндері — қазақ мәдениетінің алтын қазынасы.

Ол 2002 жылы «Музей қорына» акциясы аясында коллекцияға қабылданған.

Бұқар жырау атындағы әдеби-көркемөнер музейінде халық арасынан шығып, өнердің биік шыңына көтерілген әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған пластинка сақтаулы. Пластинкада оның Ташкенттегі М.Т. Ташмұхамедов атындағы зауытта шығарылғаны көрсетілген.

Бұл пластинкадағы Әміре Қашаубаевтың дауыс жазбалары 1925–1927 жылдары жазылған. Қаптаманың артқы бетінде өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрімовтің түсіндірмесі берілген.

  

Пластинкада сондай-ақ Әміренің замандастары — жазушы Сапарғали Бегалиннің, Қазақ КСР-нің халық әртістері Серке Қожамқұлов пен Жүсіпбек Елебековтің естеліктері қамтылған. Сонымен қатар академик Әлкей Марғұланның Әміренің Парижге сапары туралы «Қазақ тілі» губерниялық газетінде жарияланған мақаласынан үзінді келтірілген.

Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келіп, Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарында ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады.

Атақты Қоянда жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянуылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі.

Әміре 1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Есаймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің ІV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен.

1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында «Правда» газеті «Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум... шын мәнісіндегі халық әртістері» деп жазды.

1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесіндегі этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан» т.б. әндері орындап, екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фенографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.

Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші ретнде тарихта қалды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. тарапынанжоғары баға алған. А.В. Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған.

Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В. Луначарский, Г.Любимовтар және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М. Әуезов, С. Сейфуллин, И. Байзақов, Ә. Марғұлан, Ж. Елебеков, А. Жұбанов пен Қ. Жандарбековтар жоғары бағалаған. 1925 жылы Әміренің орындауындағы фонографқа жазылып алған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес Қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж. Шәкәрімов тауып алып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірді.

Әміре орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі өнегімен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ж. Кәрменов, Қ. Байбосынов, М. Ешекеев, Б. Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн.

Ә. Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. М. Әуезовтің «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрда әнші-әртіс болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысады.

Ауыр сырқатқа ұшыраған әнші қыстан қайғылы қазаға ұшырады. Әміре Қашаубаев жөнінде жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жасәншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Ә. Қашаубаев атымен аталады.

А.В.Затаевич Әміре Қашаубаевтың әншілік өнерін өте жоғары бағалап, одан көптеген әндерді жазып алды. Әміре Қашаубаевтың орындауында 1925 жылы Москвада фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Дударай», «Бесқарағай»  әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі әрі музыкант Ж. Шәкәрімов тауып, оларды техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа  түсірді.

 

Әншінің өмірі мен творчестволық жолы туралы Шәкәрімовтың «Әміре» 1973 жылы, «Ән жұлдызы» 1978 жылы, «Әміре Қашаубаев» 1980 жылы, атты зерттеу еңбектері, Қ. Жармағамбетовтың «Әнші азамат» 1951 жылы және М. Тоқжігітовтың  «Ән атасы - Әміре» 1972 жыл, кітаптары жарық көрді.

Әміре Қашаубаевтың Ертіс өңірінің көрнекті өнер қайраткерлерімен байланысы туралы көптеген деректер бар. Ол театр өнерін Жүсіпбек Аймауытовтан үйренген, ал ақын Иса Байзақовпен жақын достық қарым-қатынаста болған.

Айта кету керек, әншінің қызы Күләш Қашаубаева да әке жолын жалғастырып, танымал орындаушы атанды. Бұқар жырау атындағы музейде оның көйлегі мен үкілі бас киімі сақталған.

Әміре Қашаубаев – қазақ ән өнерінің символына айналған тұлға. Ол ұлттық өнерді әлемге танытып қана қоймай, оның дамуына, сақталуына және болашақ ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Әміренің есімі мен өнері қазақ халқының мәдени тарихында мәңгілікке сақталады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар