Алматыда ерекше балаларды оқытатын тағы бір мектеп жұмысын тоқтатуға мәжбүр

cover Фото: Мектеп пен директоры/ Orda.kz

Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған тегін инклюзивті мектеп қаржы тапшылығына байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Мектеп басшылығы мен ата-аналар ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуге көмектесуді сұрап отыр, деп хабарлайды Orda.kz. 

«Академия педагога» және «Детская инклюзивная академия» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрым Бұрғалиев үш жылдан бері Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті түзету мектебі тегін жұмыс істеп келгенін айтты.

Оның сөзінше, жарты жыл бұрын Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылында инклюзивті түзету мектебі  5–9 сыныптарға арналған орта білім беру лицензиясын алуға тырысқан. Алайда ғимарат орналасқан жер телімінің нысаналы мақсаты мектепке емес, жеке тұрғын үй құрылысына (ИЖС) арналған. Сондықтан лицензия алу мүмкін болмаған. Соның салдарынан төртінші сыныпты бітірген оқушылар мектепте білімін жалғастыра алмай отыр.

Осындай мәселе қазір Алматы қаласында да туындаған. Үш жылдан бері жұмыс істеп тұрған мектепке өткен аптада Алматы қаласының білім беру басқармасы ескерту жасап, жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертілмесе, мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылатынын хабарлаған.

Мектеп басшылығының айтуынша, қаладағы 130 жекеменшік мектептің ішінде бұл оқу орны ата-аналардан ақы алмайтын жалғыз қоғамдық бірлестікке қарайтын білім беру ұйымы. Яғни, мемлекеттік мектептер сияқты толықтай тегін қызмет көрсетеді.

Қаржыландыру тоқтағандықтан, ерекше даму қажеттілігі бар 245 баланың оқуы уақытша тоқтатылып, мұғалімдер еңбек демалысына жіберілген. Балалардың басым бөлігі — мүгедектігі бар оқушылар.

Бұрғалиевтің айтуынша, негізгі мәселе — жер телімінің нысаналы мақсатын ИЖС-тен мектеп мәртебесіне ауыстырудың мүмкін болмай отырғаны. Бұл мәселе Қырғауылды ауылында да, Алматы қаласында да шешілмей келеді. Ол барлық құзырлы органдардан нысаналы мақсатты өзгертуге жәрдемдесуді сұрапты. Бұл ерекше қажеттілігі бар балалардың тегін білім алуын жалғастыру үшін қажет екенін айтады. 

Ерекше баланың анасы Виктория да жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның 10 жастағы ұлы Бауыржанға атипиялық аутизм және жеңіл ақыл-ой дамуының кешеуілдеуі диагнозы қойылған. Ол үшінші сыныпта осы мектепте білім алған.

Анасының айтуынша, диагноз қойылған кезде баланы мектепке қабылдайтын орын табу қиын болған. Кейін ол осы инклюзивті мектеп ашылғанын біліп, баласын бірінші сыныптан бастап сонда берген. Мектеп жекеменшік болғанымен, оқу толықтай тегін жүргізілген. Ата-аналар ешқашан оқу ақысын төлемеген.

Викторияның айтуынша, мектеп баласының дамуына үлкен әсер еткен: 

«Ол достарын тапқан, оқуды, жазуды, санауды үйренген. Бұрын жазбаша тапсырмаларды орындай алмаса, қазір еркін жазады. Мұғалімдер қамқор әрі ашық, ал бала мектепке қуана баратын болған. Қазір мектеп жабылғандықтан, бала үйде отыр. Мемлекеттік қаржыландыру тоқтап, директор оқу процесін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған», — дейді ол. 

Ата-аналар директорға көмектесу үшін процесті жеделдетуді сұрайды. Олардың айтуынша, балалар үйде отырғандықтан, дамулары кері кетіп жатыр. Жылдар бойы қалыптасқан дағдылары жоғалып барады.

Виктория ата-аналар атынан құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді, процесті жеделдетуді немесе директорға уақытша жеңілдік беруді сұрайды. Оның айтуынша, балалар кем дегенде жазғы демалысқа дейін оқуын жалғастыра алуы керек.

Әкімдіктегілер «Академия педагога» жекеменшік мектебі бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландырылып келгенін еске салды. 

«Аталған мектептің жеке тұрғын үйде орналасқаны (яғни, ғимараттың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтіні) анықталды. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «Академия педагог» жекеменшік мектебінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қолданыстағы заңнамаға қайшы келетінін хабарлаймыз», деп мәлімдеді әкімдік. 

Енді мектеп ғимараты белгіленген талаптарға сай келген жағдайда ғана мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға арналған конкурсқа қайта қатысу мүмкіндігін ала алады.

Әкімдік қаладағы 216 мектепте инклюзивті білім беру жүйесі енгізілгенін, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар балаларға арналған 8 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейтінін мәлімдеді. 

Қажет болған жағдайда бұл мемлекеттік білім беру ұйымдары ерекше қажеттілігі бар балалардың орта білім алуын қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар