Жапониядағы сайлау: Санаэ Такаити партиясы парламентте басым көпшілікке ие болды

cover Getty Images

Жапонияның билік басындағы Либералды-демократиялық партиясы (ЛДП) Санаэ Такаитидің жетекшілігімен өткен кезектен тыс парламенттік сайлауда сенімді жеңіске жетті. Бұл туралы Orda.kz BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Экзитпол деректеріне сәйкес, партия парламенттің төменгі палатасындағы 465 орынның кемінде 243-ін иеленеді. Ал коалициядағы серіктесі — Инновациялар партиясымен бірге билік лагерінің мандат саны шамамен 310-ға жетпек. Бұл — конституциялық басымдықты қамтамасыз ететін көрсеткіш.

Сауалнамалар консервативті коалицияның айқын жеңісін алдын ала болжаған. Жалғыз қауіп ретінде қалың қардың жауғаны аталғанмен, ауа райының қолайсыздығы Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министрдің жақтастарының жоғары сайлау белсенділігіне кедергі келтірмеді.

Kyodo News мәліметінше, ЛДП өз позициясын айтарлықтай күшейтті: бұған дейін партияда небәрі 198 орын ғана болған, бұл парламенттің жартысынан да аз еді. Ал NHK телеарнасы Такаити партиясы 274-тен 328-ге дейін мандат алуы мүмкін деген жоғары болжам ұсынды. Екі дереккөз де бір пікірде: билік коалициясы 300 орындық межеден нық асады.

Оппозиция үшін сайлау сәтсіз өтті. Бар-жоғы бір ай бұрын құрылған центристік реформаторлық альянс парламенттегі орындарының жартысына жуығынан айырылуы мүмкін.

Бұл сайлау уақытымен де ерекшеленді, соңғы 36 жылда алғаш рет парламенттік сайлау қыс мезгілінде өтті. Премьер-министр Санаэ Такаити 19 қаңтарда парламентті таратып, қызметіне кіріскеніне бірнеше ай ғана өткен соң кезектен тыс сайлау жариялаған болатын. Жапон үкіметінің басындағы алғашқы әйел өзінің жеке танымалдылығын пайдаланып, бір жыл бұрын Либералды-демократиялық партия ала алмаған толық мандатты бекітуді көздеді.

Айта кетейік,  оның алдындағы премьер-министр Сигэру Исиба да осыған ұқсас қадамға барғанымен, сайлауда жеңіліп қалған еді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар