Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы президент сынынан кейін Бектенов үкіметке бірқатар тапсырма берді
Фото: primeminister.kz
10 ақпанда Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ел дамуының алдағы кезеңіне арналған негізгі стратегиялық бағыттар айқындалды. Президент әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттік басқару сапасын жақсарту және халықтың әл-ауқатын нақты өсіруге бағытталған бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Осы отырыстан кейін, 11 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов үкімет мүшелеріне президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жүйелі проблемаларды шешу, цифрландыруды жеделдету және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету басты назарға алынды.
Білім беру саласы: Қаржы тиімділігі мен кадр сапасы басты орында
Президент тапсырмаларына сәйкес, білім беру жүйесінде ең алдымен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Білім және ғылым министрлігі және Қаржы министрлігі өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, бір ай ішінде мектепке дейінгі тәрбие, орта, техникалық және жоғары білім беру саласындағы қаржы шығындарын оңтайландыру бойынша үкіметке нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.
Бұл тапсырма білім саласында бұрыннан айтылып келе жатқан қаржылық тиімсіздік, қайталанатын шығындар мен басқару жүйесіндегі олқылықтарды жоюға бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, қаржы ашықтығы мен есептілігін арттыру білім сапасына тікелей әсер етіп, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, еңбек нарығы сұранысына сай кадр даярлау мәселесі де күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты Еңбек министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына 1 сәуірге дейін Ұлттық мамандықтарды трансформациялау орталығын құру тапсырылды. Бұл орталық экономиканың жаңа талаптарына сай мамандықтар картасын әзірлеп, білім беру бағдарламаларын нақты сұранысқа бейімдеуге ықпал етпек.
Денсаулық сақтау: Цифрландыру мен деректерді біріктіру
Денсаулық сақтау саласында басты басымдық – цифрландыру және медициналық деректердің бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне, Жасанды интеллект министрлігіне және Қаржы министрлігіне 1 сәуірге дейін Бірыңғай медициналық деректер қоймасын енгізуді толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесін әзірлеу міндеті қойылды.
Бұл бастама медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, саланы басқарудағы ашықтықты күшейтуге бағытталған. Бірыңғай деректер базасы диагноз қою, ем тағайындау және қаржыландыру процестеріндегі адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметін толық цифрландыру тапсырылды. Жауапты министрліктер бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы тиіс. Бұл қадам медициналық қызметтің қаржыландырылуын бақылауды күшейтіп, азаматтардың сақтандыру жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.
Атаулы көмек пен цифрлық тәсіл
Әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту да кешегі үкімет отырысындағы негізгі мәселелердің бірі болды. Еңбек министрлігіне 1 наурызға дейін отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, үй шаруашылықтары әлеуметтік цифрлық профильдерін қалыптастыру тапсырылды. Бұл тәсіл әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлеуметтік көмек көрсету бойынша Бірыңғай цифрлық платформа құру және «Әлеуметтік әмиян» жүйесінде түрлі әлеуметтік қолдау түрлерін біріктіру жоспарланып отыр. Жасанды интеллект министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік көмекті цифрландыру – артық төлемдер мен жалған көмек алушыларды азайтып, мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттырудың маңызды құралы.
Үкіметтің басты өлшемі – халықтың әл-ауқаты
Үкімет отырысын қорытындылаған премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің ауқымы кең әрі жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, қабылданатын шешімдер батыл, тиімді және жедел жүзеге асырылуы тиіс.
«Халықтың табысы мен әл-ауқатының өсуі – біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі болуы керек. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытында орындауға міндетті», – деді Олжас Бектенов.
Жалпы алғанда, үкіметтің бұл тапсырмалары әлеуметтік салаларды жүйелі түрде жаңғыртуға, цифрландыру арқылы басқару сапасын арттыруға және мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға бағытталған. Ал бұл міндеттердің толық әрі тиімді орындалуы алдағы кезеңде үкімет жұмысының басты сынағы болмақ.
Кеше өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент үкімет пен шенеуніктерге «өтірік ақпарат бермей, нақты нәтиже көрсет» деген басты талап қойған болатын.
Тақырыпқа сай ұсынамыз:
- Кеңейтілген отырыс: Үкімет пен шенеуніктерге берілген соңғы ескерту ме?
- Президент құзырлы орындар шешімді созбалаңға салатынын сынады
- Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісінен түбегейлі бас тартады – Тоқаев
Жаңалықтар
- Миллион оқырманы бар қытайлық блогерге Тоқаев атынан «Достық» ордені табысталды
- Еліміздегі 111 мың «ақылды» ЖИ камералары жүргізушілерді қалай қадағалайды?
- Алматыдағы Сәтбаев көшесінің бойындағы плиталар не үшін ауысып жатыр?
- Қазақстандағы пайдалы қазбалар қоры сарқылып барады
- Зейнеткерді соққыға жығып, видеоға түсірген жасөспірімдерге сот үкімі шықты
- Президент бақылауында: ІІМ Алматыдағы резонансты жол апаты бойынша тергеуді күшейтті
- Иран соғысы: Таяу Шығыс елдерінің туризм саласындағы шығындары 56 млрд долларға жетті
- Лукашенко: Трамп саясатында демократияның нышаны да жоқ
- Атырауда шенеуніктер футбол командасына 3,75 млрд теңге жұмсамақшы
- АҚШ-тың бас прокуроры Эпштейн ісі бойынша куәлік береді, Қазақстанда да файлдар тексеріледі
- Шымкент тұрғындары жер сілкінісін сезді
- Павлодарда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған ана ұсталды
- Әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы әлі табылмады: Жұбайы «Бармысың, бауырымға» жүгінді
- Президент ШҚО әкіміне инвестиция тартып, өңірдегі туризмді дамытуды тапсырды
- Қазақстандықтардың жартысы 340 мың теңгеден аз жалақы алады
- Француздардың контейнер кемесі соғыс басталғалы алғаш рет Ормуз бұғазынан сәтті өтті
- Сақал – сән емес, салмақ: Қазақтағы сақал-мұрт қоюдың мәні мен міндеті
- «Кеген–Нарынқол» трассасында жолды су шайып кетті
- 240 мыңнан астам мұғалім ЖИ қолданып үйренді: Тоқаев Сүлейменоваға міндет жүктеді
- Ақтөбе облысында жұртты қорқытып, бопсалап келген қылмыстық топ ұсталды