Түрмедегі салық: Оралдағы колонияда қылмыстық топ құрып алған
Коллаж: Orda.kz
Орал қаласында колония ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрған алты сотталушыға қатысты сот процесі басталды. Үш жыл бойы олар бірге отырған адамдардан ақша бопсалап, сот қаулыларын қолдан жасап, бостандықтағы адамдарды да алдаған. Құрбандардың бірі өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған, деп хабарлайды Orda.kz «Мой город» -қа сілтеме жасап.
Оларға бірден бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылып отыр: ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, бопсалау, алаяқтық, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу, құжаттарды қолдан жасау және денсаулыққа зиян келтіру.
Айыптау нұсқасына сәйкес, күдіктілердің бірі — Асылбек Зұлқашев Қазақстанның қылмыстық ортасында жетекші орын алатын тұлға. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы соты оны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 16 жылға соттаған. 2023 жылы ол Оралдағы колонияға жеткізіліп, қысқа уақыт ішінде қылмыстық құрылым қалыптастырған.
«Зұлқашев «қараушылар» деп аталатын топ ұйымдастырып, бағыныштылық тәртібін белгілеп, сыбайластары арасында рөлдер мен міндеттерді бөліп берген. Өзін бас «қараушы» етіп тағайындаған. Сондай-ақ жақын адамдарын «сечка» деп аталатын орындаушы ретінде бекіткен» ,— деп мәлімдеді прокурор Дина Изтілеуова сотта.
Айыпталушылардың екеуі өндірістік аймақтар мен сәлемдемелерге жауапты «қараушы» болып тағайындалған, дәл осы жерде негізгі ақша айналымы шоғырланған. Қалған үшеуі «сечка» рөлін атқарып, бұйрықтарды бұлжытпай орындап отырған.
Жәбірленушілерден түскен ақша айыпталушылардың туыстары мен басқа да сотталғандардың атына рәсімделген банк карталарына аударылып отырған.
Іс бойынша барлығы тоғыз эпизод тіркелген. Қылмыс 2023–2025 жылдар аралығында жасалған. Алғашқы жәбірленушінің анасы Оралда дүкен ұстаған. Тергеу мәліметінше, топ мүшелері бұл туралы біліп, оны ұрып-соғу және азаптаумен қорқытып, ақша талап еткен. Анасы ұлына жалпы 1,5 миллион теңге аударған. Сонымен қатар, топ жәбірленушіні несиеге кондиционер мен iPhone 15 алуға мәжбүрлеп, кейін оларды арзан бағамен сатып жіберген. Қысымға шыдамаған сотталған бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болып, кейін полицияға арыз жазған.
Тағы бір жәбірленуші бұған дейін Ақтөбедегі үйін сатқан сотталған азамат. Тергеу нұсқасы бойынша, оған шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға көмектесеміз деп уәде берген. Сенген ол 1,1 миллион теңге төлеген. Алайда бопсалаушылар мұнымен тоқтамай, одан әрі ақша талап етіп, өзін және туыстарын өлтіреміз деп қорқытқан. Сендіру үшін оны азаптап, ұрып-соққан.
Жалпы келтірілген шығын 6 миллион теңге. Жәбірленуші прокуратураға жүгінген кезде, күдіктілер оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеп, тағы да шартты түрде босатуға уәде еткен. Тіпті оған жалған сот қаулысын да берген. Ол құжаттың жалған екенін сезіп, қайтадан арызданған.
Тергеу органдары бұл топ тек колония ішіндегі бопсалаумен шектелмеген деп санайды. Олар интернетте жалған хабарландырулар жариялап, қарапайым қазақстандықтарды да алдаған. Келтірілген шығын миллиондаған теңге.
Мұндай жағдайға жол берген колония қызметкерлері жұмыстан босатылған. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда соңғы екі жылда түрмедегі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты екі ірі сот процесі өткен болатын. Семей колониясында бұрынғы күштік құрылым қызметкерлеріне арналған мекемеде топты саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысы бар деп сотталған адам басқарған. Оның тобы үш жыл бойы сотталғандардан ақша бопсалаған. Ал Алматы облысындағы Заречный колониясында сот он сотталғанды кінәлі деп танып, 10 жылдан 15 жылға дейін жаза тағайындады. Қорғау тарабы бұл үкіммен келіспей, шағым түсіріп жатыр.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық