Трамп Венесуэламен «тарихи» мұнай келісімін жариялап, бензин бағасы арзандайтынын айтты

cover Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

АҚШ Венесуэланың дәлелденген мұнай қорының 65 миллиард баррельден астамына бақылау орнатады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Ол келісімді «тарихтағы ең ірі мұнай мәмілесі» деп атады.

«Бұл тарихи келісім АҚШ-тың мұнай қорын екі еседен астам арттырады, мұнай жеткізілімін айтарлықтай ұлғайтады және барлық америкалықтар үшін бензин бағасының едәуір төмендеуіне мүмкіндік береді» деп жазды ол Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Ол сондай-ақ келісімді жүзеге асыру үшін федералдық салық төлеушілердің қаражаты қажет болмайтынын және бұл мәміле Венесуэла экономикасын қалпына келтіруге көмектесетінін атап өтті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да келісімнің Венесуэла халқы үшін маңызды экономикалық мүмкіндік екенін айтты.

«Венесуэла халқы үшін бұл келісім жеке инвестиция көлемін шамамен 100 миллиард долларға жеткізеді, жоғары жалақы төленетін мыңдаған жұмыс орнын қолдайды және Венесуэла экономикасының қалпына келуіне ықпал етеді», – деді ол. 

Келісімнің нақты шарттары әзірге толық жарияланған жоқ. CBS мәліметінше, елдің уақытша президенті Делси Родригес мұнай қоры шамамен 63 миллиард баррель болатын кен орындарын игеру үшін жеке бірлескен кәсіпорынға 100 жылдық концессия берген.

Жобаны АҚШ үкіметі мен Венесуэлада жұмыс істейтін тәжірибелі жеке оператор бірлесіп жүзеге асырады.

Келісімге сәйкес, АҚШ 55 пайыздық бақылау үлесін сақтайды. Бұл үлес бірлескен кәсіпорынға қатысуды және мұнайды өзіндік құны бойынша өндіру құқығын қамтиды.

Келісім Николас Мадуро ұсталғаннан кейін шамамен тоғыз ай өткен соң жарияланды. Еске салайық, 3 қаңтарда бұрынғы президент пен оның жұбайы Трамп санкциялаған арнайы операция барысында қолға түскен еді.

Кейін Ақ үй басшысы оның әкімшілігі елді «қауіпсіз, тиісті әрі ақылға қонымды өтпелі кезең» орнағанға дейін басқаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар АҚШ Венесуэла мұнайының сатылымын белгісіз мерзімге бақылауда ұстайтынын айтты.

Венесуэлада әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қоры орналасқан. Оның көлемі шамамен 303 миллиард баррельге бағаланады. Алайда инфрақұрылымның жағдайы және елдегі бірнеше жылға созылған дағдарыс салдарынан мұнай өндіру көлемі 1990-жылдардың соңындағы шарықтау кезеңімен салыстырғанда күрт төмендеген.

Трамп америкалық компанияларды Венесуэланың мұнай өнеркәсібін қалпына келтіруге кемінде 100 миллиард доллар инвестиция салуға шақырды.

АҚШ президенті сондай-ақ Каракас бұған дейін «америкалық мұнайды, америкалық активтер мен америкалық мұнай платформаларын біржақты тәртіппен тартып алып, сатқанын» айтты. Оның сөзінше, бұл АҚШ-қа миллиардтаған доллар шығын келтірген.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар