Тоқаев: Мәңгілік ел идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз
Фото: Ақорда
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Мемлекет басшысы «Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық» деді.
«Баршаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды.
Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек.
Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды».
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты.
«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы.
Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз.
Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр.
Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді.
Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа».
Президент симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отырғанын, бұл – өте маңызды екенін айтты.
Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады.
«Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады.
Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих. Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін».
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынына тоқталды.
«Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін.
Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі.
Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма.
Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс».
Мемлекет басшысы «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн» екенін еске салды. Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру маңызды.
«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни жеңімпаздарды жазғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады.
Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті.
Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді.
Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр»
Президент «Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз».
«Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды.
Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі.
Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын. Бүгінгі жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отыр. Осы орайда Алтын Орда тарихын пайымдау перспективасын кеңейтуге көмектесетін бірқатар ғылыми ізденіске байланысты өз ойымды қысқаша жеткізгім келеді».
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалыптасқан бай интеллектуалдық кеңістіктен бөліп қарай алмайтынымызды, орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім екенін айтып өтті.
«БІРІНШІ. Зияткерлік мұраны зерделеу. Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауымдастығына жататын халықтардың дүниетанымдық қағидаттарынан нәр алған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді.
Бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толықтырып отырды. Осы терең сабақтастықты түйсінбей, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын. Әлбетте, бұл орайда Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұраларының мән-маңызы зор.
Ең алдымен, тарихта Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше.
Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды».
Президент: «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды»
«Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды. Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды.
Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды. Ал ғұламаның Түркістандағы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан.
Түркістан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазіргі таңда ол түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады».
Мемлекет басшысы: «Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық»
«Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың санғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді. Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды.
Халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы.
Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес. Сол кезеңдегі жырларда (Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы».
Президент: «Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды»
«Осы зияткерлік және рухани сабақтастық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абайдың шығармаларынан көрініс тапты. Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің формуласын ұсынды. Оның өзегінде «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үштағаны тұр.
Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осынау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас философиялық, идеологиялық мұра.
Қазақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті. Сол үшін «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерін мемлекеттік марапаттар тізіміне енгіздік.
Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады.
Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тұңғыш иегері атанды.
Осылайша, біз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеміз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет»
«Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.
Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.
Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты.
Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады»
«Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты.
Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты.
Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Конституцияда Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді»
«Баршаңызға белгілі, Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз.
Сондықтан біз алдымызда тұрған міндетті де жақсы түсінеміз: сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл – ақиқат. Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті.
Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды»
«Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз.
Біз бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін»
Сонымен қатар симпозиумда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия ғылым академиясының президенті Дэмбэрэл Содносамбуу, Өзбекстан ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов сөз сөйледі.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Тоқаев: Мәңгілік ел идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз
- Ауыр жүк көліктеріне елді мекендердің ішінде жүруге тыйым салынады
- Қазақстандықтарды Таяу Шығыс елдерінен эвакуациялауға 4 млн доллар жұмсалды
- Үкімет Алатау қаласы үстінен ұшып жүрген ұшқышсыз аппарат жайын түсіндірді
- Құрбандыққа мал таңдау: Онлайн құрбандық қалай шаламыз?
- Трамп сапарынан кейін ЕО Қытайға экономикалық тәуелділіктен қаша бастады
- «Ақтөбе» ФК матчына барған әйелдің бетіне доп тиіп, миы шайқалды
- Қыз үндемесе — келіскені: Талибан балалар некесіне жол ашты
- СҚО-да әкім өз-өзіне қол жұмсады
- Алматы облысындағы саяжайда ірі көлемде есірткі дайындағандар сотталды
- Беларусь ядролық қаруды жауынгерлік қолдану бойынша жаттығуларды бастады
- Иран байытылған уранын АҚШ-қа емес, Ресейге бермекші
- Алматыда жігіттерді көшеден ұстап әкеткен: Әскери комиссариат түсініктеме берді
- ДСМ қазақстандықтарға хантавирус қаупіне қатысты ескерту жасады
- «Орталық Азия – Қытай» форматы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде нақты шешім үлгісі болады
- Негізгі тестілеуден бір апта өтпей жатып 86 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды
- «Әскерге күштеп әкетіп жатыр»: Заңгер рейдтердің қай жері заңды, қай жері заңсыз екенін түсіндірді
- Қазақтың дауылпаз ақыны Олжас Сүлейменов 90 жасқа келді
- Қатаң жазаға дайынмын: Сұлтан Сәрсемалиев сотта қылмысын мойындады
- Владимир Зеленскийдің ең жақын серігі Андрей Ермак тергеу абақтысынан шықты