Тоқаев Астанада «Болашақ ойындарын» ашты: Қазақстан бейбітшілік пен дамуды қолдайды

cover Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Orda.kz.        

Бұл туралы Ақорда хабарлады. Президент жарысқа қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, олардың басын қосқан ауқымды іс-шараның маңызын атап өтті.

«Сіздерді Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – елдеріміз арасындағы достықты нығайтатын маңызды тарихи шара», – деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан үшін мұндай ауқымды жарысты алғаш рет қабылдау – үлкен мәртебе. Президент Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путинге арнайы бейнеүндеуі мен Қазақстанға айтқан жылы лебізі үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар ол бауырлас мемлекеттер көшбасшылары – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа, сондай-ақ ресми делегация басшыларына ризашылығын жеткізді.

 

Президент «Болашақ ойындары» бірегей жоба ретінде Ресей бастамасымен пайда болып, қысқа уақыт ішінде жаһандық деңгейге шыққанын атап өтті. Алғашқы жарыстар Қазан қаласында өткен, кейін эстафетаны Әбу-Даби қабылдаған.

Биыл турнир қатысушылары Ұлы даланың жүрегі – Астанада бас қосты. Қазақстан астанасына 30-дан астам елден 800-ге жуық спортшы келген.

«Астанада өтетін «Болашақ ойындары» дәстүрлі спорт пен кибериндустрия тоғысқан халықаралық фиджитал қозғалысына жаңа серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент қазіргі таңда әлем терең трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Жаңа технологиялар қоғамдық өмірдің барлық саласына және адамзат болмысына түбегейлі өзгеріс енгізуде.

«Жаңа дәуір талабына сай біз толық цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл құжаттар осы маңызды саланың дамуына қуатты серпін берді», – деді мемлекет басшысы. 

Оның айтуынша, бұл қадам Қазақстанның алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылғанының айқын дәлелі.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілдеден бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енгенін де еске салды.

«Бұл – халқымыз үшін тарихи оқиға. Негізгі заң елімізде жасанды интеллекттің дамуына жол ашып, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға кепілдік береді», – деді президент

Мемлекет басшысы 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы Қазақстанның цифрлық болашақты таңдағанын көрсететінін айтты.

«Бұл стратегиялық мақсатқа бүкіл қоғам болып жетуіміз керек. Сондықтан елімізде жаңа буын кадрларын даярлау жүйелі түрде жүргізілуде», – деді ол. 

Президенттің айтуынша, AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы аясында жүздеген мың жас қажетті дағдыларды меңгерген. Сонымен қатар осы күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылып, нейрожелілер арқылы жасалған фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді.

Келесі жылы елордада Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлем чемпионаты ұйымдастырылады.

«Бұл – елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бір бөлігі ғана», – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындарын» спорт пен интеллектті біріктіретін ерекше жоба деп атады.

«Бұл – физикалық күш пен зияткерлік әлеуеттің жарысы. Олар бір-біріне қайшы емес, керісінше, өзара толықтырады», – деді ол. 

Президенттің айтуынша, мұның терең философиялық мәні бар.

«Бұл ойындар бүкіл адамзаттың үйлесімді әрі бейбіт болашағын бейнелейді. Қазақстан халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілік, қауіпсіздік, әділдік пен даму жолын қолдайды», – деді мемлекет басшысы. 

Оның пікірінше, турнир спорт энергиясын, интеллект қуатын және цифрлық дәуір мүмкіндіктерін біріктіре отырып, жаһандық даму үдерісіне сай келеді.

Президент ашылу салтанатына қатысқан жастарға арнайы үндеу жасады.

«Сіздердің білімдеріңіз, таланттарыңыз және табандылықтарыңыз – болашақтың берік негізі. Прогресс жолы әрқашан оңай болмайды», – деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев тек әрекет еткен адам ғана мақсатқа жететінін атап өтті.

«Бірақ бұл жолды сенімді достармен бірге жүрсеңіз, әлдеқайда жеңіл болады», – деді президент. 

Мемлекет басшысы барлық қатысушылардың жоғары дайындықтан өткенін және өз командаларын лайықты түрде таныстыратынына сенім білдірді.

«Бұл жарыста сіздер жаңа дос тауып, болашақ жобалардың негізін қалайсыздар. «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды біріктіру және жаңа жетістіктерге шабыттандыру», – деді ол. 

Президенттің айтуынша, үлкен спорт әрқашан мәдениеттерді жақындастырып, халықтар арасындағы байланысты нығайтып келген.

«Сондықтан мұндай жобалардың маңызы арта түсуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сөз соңында президент турнир ұйымдастырушыларына, серіктестерге, төрешілерге, жаттықтырушыларға және волонтерлерге алғыс айтып, жарыстың ашылғанын ресми түрде жариялады.

«Бұл ойындар халықтарымыз арасындағы достықты одан әрі нығайтады. Спортшыларға сәттілік тілеймін! «Болашақ ойындары – 2026» ашық деп жариялаймын!» – деді мемлекет басшысы. 

Президенттің сөзінен кейін көрермендерге театрландырылған шоу мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана алғаш рет киберспорт, дәстүрлі спорт және заманауи технологияларды біріктіретін халықаралық турнирге алаң болады. Биыл жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Турнир сегіз бағыт бойынша өтеді. Олар: фиджитал-футбо, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang, PUBG: Battlegrounds.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар