Стамбұлдағы адам өлімі: Үш елде арнайы операция өтті

cover Бейнеден кадр

Стамбұлда қазақстандық азаматтың өлімінен кейін арнайы тексеріс жүргізіліп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Операция  үш ел аумағында өтті, деп хабарлайды Orda.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы халықаралық арнайы операция туралы хабарлады.

Қазақстан ІІМ Грузия және Түркияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қарсы кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Ұстау шаралары үш мемлекеттің аумағында жүзеге асырылған.

ІІМ ақпараттық порталында хабарланғандай, тергеу Стамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың өлімінен кейін басталған. Ер адамға тапаншамен оқ атылған. Үш елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы арқасында қылмысты жасады деген күдікпен екі ықтимал күдікті ұсталды.

«Қылмыстық істі тергеу барысында оның себебі, сондай-ақ ұйымдастырушы мен тапсырыс берушісі анықталды. Олар трансұлттық қылмыстық ортаның өкілдері болып шықты әрі  халықаралық іздеуде жүрген» деп жазылған хабарламада. 

Жиналған материалдар ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне осы топ мүшелері Қазақстан аумағында жасаған басқа да ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік берді. Ведомство мәліметінше, топты журналист әйелді өлтіруге оқталу дерегі үшін АҚШ-та жаза өтеп жатқан қылмыс әлемінің беделді өкілі басқарған.

Алматыда аталған топтың болжамды мүшесінің бірі ұсталды. Ол 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген. Қылмыс құралы — тапанша тәркіленді, тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

«Ішкі істер министрлігі Грузия және Түркиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекет аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында да осы қылмыстық құрылымға қатысы бар адамдар  ұсталды, оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр», — деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. 

Оның айтуынша, қылмыс мақсаты — диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету болған, бұл үшін қылмыстық идеология элементтері қолданылған.

Грузияда да трансұлттық қылмыстық құрылымға қатысты күдіктілер ұсталды. Олар бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген.

«Барлық белгілі қылмыстық фактілер бойынша дәлел жинау жалғасуда, іске қатысы бар барлық тұлғалар анықталып жатыр. Топ ұйымдастырушысына заңнамаға сәйкес жауапкершілік жүктеу бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Қуандық Алпыс. 

ІІМ мәліметінше, жүргізілген операция трансұлттық қылмыстық құрылымның қызметін тоқтатуға және оның шетелден ықпал ету арналарының жолын кесуге мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар