Сирия Израиль мен Түркия арасындағы жаңа текетірес алаңына айналды: Идлибтегі соққы нені білдіреді?
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Израильдің 18 тамызда Сирияның Идлиб провинциясындағы Абу-эд-Духур әскери аэродромына соққы беруі — жай ғана кезекті әуе шабуылы емес. Бұл оқиға Таяу Шығыстағы күштер арақатынасының өзгеріп жатқанын және Израиль мен Түркияның Сириядағы мүдделері барған сайын бір-біріне қайшы келе жатқанын көрсетіп отыр. Orda.kz тілшісі аймақтағы саяси жанжалға шолу жасайды.
Израиль ондаған жыл бойы Сирия аумағында Иранның және оған жақын қарулы құрылымдардың күшеюін өзінің негізгі қауіптерінің бірі деп санады. Алайда Башар Асад билігі құлағаннан кейін Сириядағы жағдай өзгерді. Енді Израиль үшін негізгі мәселе тек Иранның ықпалы емес, Түркияның жаңа Сириядағы әскери және саяси ықпалының өсуіне айналып бара жатқан сияқты.
Израиль нақты нені нысанаға алды?
Сирияның мемлекеттік Ekhbariya телеарнасының мәліметінше, Израиль Абу-эд-Духур аэродромына сегіз әуе соққысын жасаған. Соққылар ұшу-қону жолағы мен қойма нысандарына бағытталған. Алдын ала ақпарат бойынша, адам шығыны болмаған.
Бұл аэродром Идлиб провинциясының оңтүстік-шығысында, Түркия шекарасынан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан. Абу-эд-Духур 2013 жылдан бері тұрақты әскери аэродром ретінде пайдаланылмайды және Сириядағы азаматтық соғыс кезінде бірнеше рет әртүрлі күштердің қолына өткен.
Сондықтан бұл жерде бір маңызды сұрақ туындайды: егер аэродром қазіргі уақытта белсенді әскери база болмаса, Израиль не үшін дәл осы нысанды таңдады? Жауап Израильдің Түркияға қатысты алаңдауында жатыр.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі соққыны іс жүзінде растады. Израиль тарабының мәлімдеуінше, Сирия мен Израиль қауіпсіздік мәселелерінде бұрынғы статус-квоны сақтау туралы түсіністікке келген. Бірақ Дамаск Түркия әскерінің Алеппо маңындағы аэродромдардың біріне орналасуына мүмкіндік беру арқылы осы жағдайды бұзуға жақындаған.
Израиль бұған дейін Сирияға мұндай әскери орналастырудың Израиль қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін бірнеше рет ескерткенін мәлімдеді. Яғни Тель-Авивтің логикасы қарапайым: Сириядағы кез келген ірі түрік әскери инфрақұрылымы Израильдің солтүстіктегі қауіпсіздік есептерін өзгертуі мүмкін.
Нетаньяху: «Сигнал бердік, бірақ олар түсінбеді»
Израиль премьері бұған дейін Түркияға қатысты одан да ашық пікір білдірді. Нетаньяхудың айтуынша, Израиль «оңтүстікке қарай кеңейіп келе жатқан түрік әскери қатысуының күшеюіне жол бермейді». Оның сөзінше, Израиль Анкараға өзінің алаңдауын дипломатиялық жолмен жеткізген. Бірақ бұл сигнал еленбеген.
Содан кейін Израиль әскери әрекетке көшкен. Бұл жерде соққының әскери нәтижесінен гөрі саяси сигналы маңыздырақ. Израиль Түркияға: Сирияда әскери тұрғыдан тым терең орнығуға жол бермейміз деген белгі берді.
Ал Израильдің 14-арнасы бұл әрекетті Анкараға жасалған «өткір сигнал» деп сипаттады. Арна мәліметінше, Израиль Түркияның Идлиб маңындағы аэродромда ірі әскери контингент орналастыру немесе нысанды бақылауға алу жоспарынан қауіптенген. Израильдіктер мұны «баяу оккупация», яғни біртіндеп орнығу сценарийі ретінде қарастырады. Бүгін Идлиб, ертең Сирияның басқа аймақтары, ал ұзақ мерзімде түрік әскерінің Голан жоталарына жақын орналасуы мүмкін деген қауіп бар. Ал Израиль үшін бұл — қабылдауға болмайтын сценарий.
Түркияның қалауы не?
Бірақ Түркияның Сирияда неге сонша мүддесі бар? Мәселенің түп-тамыры осы жерде. Башар Асад билігінің құлауынан кейін Сирияда вакуум пайда болды. Бұл вакуумды кім толтыратыны Таяу Шығыстағы ең маңызды мәселелердің біріне айналды.
Түркия жаңа Сирия билігінің негізгі сыртқы серіктерінің біріне айналды. Анкара Сирия армиясын қалыптастыруға көмектесіп, мемлекеттік институттар мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге қатысып, Дамаскке дипломатиялық қолдау көрсетіп отыр.
Бұл Түркия үшін жай ғана көрші мемлекеттегі саяси жоба емес. Сирия Түркияның қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Анкара үшін бір жағынан — Сирияның солтүстігіндегі күрд қарулы құрылымдарының күшеюіне жол бермеу, екінші жағынан — босқындар мәселесін шешу, үшінші жағынан — Сирияда өзіне қолайлы саяси және әскери тәртіп қалыптастыру маңызды. Сондықтан Түркияның Сирияда әскери қатысуын күшейтуі кездейсоқ қадам емес. Ал дәл осы нәрсе Израильді алаңдатады. Израильдің қорқынышы — Түркияның Иранды алмастыруы ма? Мұнда өте маңызды парадокс бар.
Израиль Асад билігінің құлауын бір жағынан өзінің қауіпсіздігі үшін мүмкіндік ретінде қарады. Өйткені Асад дәуіріндегі Сирия Иранның аймақтағы негізгі тіректерінің бірі болды. Бірақ Иранның әлсіреуі жаңа вакуум туғызды. Ал сол вакуумға Түркия кірді.
Израиль үшін Иран мен Түркия бірдей мемлекеттер емес. Олардың мақсаттары, мүмкіндіктері мен Израильмен қарым-қатынасы да әртүрлі. Бірақ Тель-Авивтің стратегиялық тұрғыдан қарайтыны — Израиль шекарасына жақын жерде басқа мемлекеттің тұрақты әскери инфрақұрылымының пайда болуы. Сондықтан Израильдің есептеуінше, бүгін Түркия Сирияның солтүстігіне әскери база орналастырса, ертең оның ықпалы оңтүстікке қарай жылжуы мүмкін. Ал Голан жоталары — Израиль үшін ең сезімтал аймақтардың бірі.
Түркияның жауабы: Израиль сылтау ойлап тауып отыр
Анкара Израильдің түсіндірмесін қабылдамады. Түркияның Сыртқы істер министрлігі Израильдің шабуылын айыптап, халықаралық қауымдастықты Израильдің Сирияға қарсы «агрессиясын» тоқтатуға шақырды. Ал Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасы Нетаньяху кеңсесінің айыптауларын негізсіз деп атады.
Анкараның позициясы да түсінікті: Израиль Сирияның егемендігіне қол сұғып, өзінің әскери әрекетін ақтау үшін Түркия факторын пайдаланып отыр. Түрік тарабы әсіресе «Сириядағы түрік әскері болды» деген тұжырымды жоққа шығарды. Түркиялық дереккөздердің бірі Reuters агенттігіне Абу-эд-Духур аэродромында түрік әскері болмағанын мәлімдеген. Бұл жерде екі тараптың арасындағы негізгі қайшылық айқын көрініп келе жатыр.
Израиль Түркияның Сириядағы әскери орнығуы қауіп төндіреді десе, өз кезегінде Түркия Израиль Түркияны сылтау етіп, Сирияның егемендігіне қарсы шабуылдарын ақтап отыр. Екі тарап та өз әрекетін қорғаныс ретінде сипаттайды.
Ең қауіпті фактор — АҚШ-тың ескертуі
Бұл оқиғаны ерекше қауіпті еткен нәрсе — АҚШ-тың реакциясы. АҚШ-тың Түркиядағы елшісі әрі Сирия мен Ирак бойынша арнайы өкілі Том Баррак Израильдің шабуылын «қажетсіз эскалация» деп атады. Оның айтуынша, шабуыл Израиль мен Түркия, тіпті Сирия арасында тікелей әскери қақтығысқа ұласуы мүмкін еді.
Неге? Өйткені түрік әскері Израиль ұшақтарының нақты қайда және қандай мақсатпен бара жатқанын білмеген. Егер Анкара Израиль әскери ұшақтары Түркияға немесе түрік күштеріне қауіп төндіріп жатыр деп қабылдаса, түрік әскери-әуе күштері өз ұшақтарын көтеруі мүмкін еді. Сол кезде Сирия аумағындағы шектеулі израильдік операция бірнеше минут ішінде НАТО-ның екінші ірі армиясы бар Түркиямен тікелей әскери қақтығысқа айналуы ықтимал еді. Баррактың айтуынша, дәл осы сценарийден «салқынқанды әрекет» арқасында құтылдық. Бұл мәлімдеменің өзі жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын көрсеткендей.
Израиль мен Түркия бұрыннан бәсекелес емес пе еді?
Кейінгі жылдары Израиль мен Түркия арасындағы саяси қатынас бірнеше рет күрт нашарлады. Бірақ Сирия мәселесі олардың арасындағы текетіресті жаңа деңгейге шығарып отыр. Себебі екі мемлекет те Сирияның болашағына ықпал еткісі келеді. Бірақ олардың Сирияға қатысты стратегиялары қарама-қайшы. Түркия үшін — жаңа Дамаск билігінің күшеюі, Сирияның аумақтық тұтастығы және өзінің солтүстіктегі қауіпсіздік мүдделері маңызды.
Израиль үшін — Сирияның әскери жағынан әлсіз болуы және Израиль шекарасына жақын жерде кез келген дұшпан күштің орнықпауын қамтамасыз ету маңызды. Демек, Анкара «күшті және тұрақты Сирияны» қалайды. Ал Тель-Авив Сирияның күшті армияға айналуынан қауіптенеді. Осы екі ұстанымның арасында үлкен қайшылық бар.
Вашингтон екі одақтасының ортасында қалды
АҚШ үшін бұл жағдай өте күрделі. Бір жағында — Израиль, Вашингтонның Таяу Шығыстағы ең жақын одақтастарының бірі. Екінші жағында — НАТО мүшесі Түркия. Ал Сирия мәселесінде АҚШ жаңа биліктің тұрақтануына мүдделі. Сондықтан Вашингтонның басты мақсаты — Израиль мен Түркияның бір-біріне қарсы тікелей әскери әрекетке баруына жол бермеу.
Баррактың АҚШ Израиль, Түркия және Сирия арасында қақтығыстардың алдын алатын механизм құруға жұмыс істеп жатқанын айтуы да осыны көрсетеді. Бұрын Израиль мен Түркия Сириядағы оқиғаларға байланысты бір-бірімен байланыс орнатуға арналған арнайы арна құруды жоспарлаған болатын. Енді мұндай механизмнің қажеттілігі бұрынғыдан да артып отыр.
Ал Дамаск қай жақта?
Сирияның жаңа билігі үшін жағдай өте қиын. Дамаск бір мезетте бірнеше ойыншының қысымында қалды. Бір жағында — Сирияның аумақтық тұтастығын сақтауға мүдделі Түркия. Екінші жағында — Сириядағы кез келген әскери инфрақұрылымның күшеюінен қауіптенетін Израиль. Үшінші жағында — Сирияны тұрақтандыруға тырысып отырған АҚШ және басқа да Батыс мемлекеттері.
Сирия сыртқы істер министрі Асад Хасан аш-Шибани Израильді шабуылдарын тоқтатуға шақырып, Дамаск дипломатиялық жолды жалғастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль Сирияға ғана емес, оның одақтастарына да қарсы әрекет етіп отыр. Бұл жерде Дамаск үшін ең қиын міндет — Түркиямен тығыз қарым-қатынасты сақтай отырып, Израильмен ашық қақтығысқа жол бермеу.
Израильдің негізгі мақсаты — Сирия емес, Түркия болуы мүмкін
Идлибтегі соққының ең маңызды саяси астары осында. Әскери нысан Сирия аумағында болғанымен, Израильдің басты адресаты Түркия болуы мүмкін. Израильдің мақсаты — Абу-эд-Духур аэродромын қирату ғана емес, Анкараға Сирияда қандай да бір әскери инфрақұрылымды бақылауға алмас бұрын Израильдің реакциясын ескеруге мәжбүр ететін «қызыл сызықты» көрсету.
Бұл жағдайда шабуыл ескерту сипатындағы операцияға көбірек ұқсайды. Израиль «Түркия Сирияда не істесе де, біз оған араласпаймыз» деген саясат ұстанбайтынын көрсетті. Керісінше, Нетаньяхудың сөзіне қарағанда, Израиль Түркияның Сирияның солтүстігінен оңтүстікке қарай әскери тұрғыдан жылжуына жол бермеуге дайын.
Бірақ бұл стратегияның тәуекелі өте жоғары. Израиль үшін мәселе мынада: Иранмен немесе Сирияның бұрынғы әскерімен қақтығысудың сипаты бір бөлек, ал Түркиямен қақтығыстың сипаты мүлде басқа. Түркия — НАТО мүшесі, аймақтағы ең ірі әскери державалардың бірі және Сирияда нақты әскери мүмкіндігі бар мемлекет. Егер Израиль Түркияның әскери нысандарына немесе түрік әскері орналасқан жерлерге тікелей соққы бере бастаса, жағдай бірден өзгереді. Сол себепті екі тарап үшін де ең қауіпті нәрсе — қасақана соғыс емес, қате есептеу.
Бір тараптың әскери ұшағы екінші тараптың шабуылын күтпей-ақ әрекет етуі мүмкін. Байланыс арналары жеткіліксіз болса, бірнеше минут ішінде жағдай бақылаудан шығуы ықтимал. Баррактың мәлімдемесі дәл осы қауіпке меңзейді.
Ендігі мәселе — бұл бір реттік соққы ма, әлде жаңа кезеңнің бастауы ма?
Қазір ең маңызды сұрақ осы. Егер Израильдің Идлибтегі әрекеті тек Түркияға арналған бір реттік ескерту болса, Вашингтонның араласуымен жағдайды қайта тұрақтандыруға мүмкіндік бар. Бірақ егер Анкара Сириядағы әскери қатысуын кеңейтсе, ал Израиль оны күшпен тоқтатуға тырысса, онда Сирия жаңа үлкен текетірестің орталығына айналады.
Бұл жолы қарсы тұрған күштер Иран мен Израиль емес. Израиль мен Түркия болуы мүмкін. Ал олардың арасында АҚШ тұр. Сондықтан Идлибтегі сегіз әуе соққысы әскери тұрғыдан аса ірі операция болмауы мүмкін. Бірақ саяси тұрғыдан оның салмағы әлдеқайда үлкен.
Израиль Түркияға өз «қызыл сызығын» көрсетті. Түркия болса, Израильдің бұл ұстанымын Сирияның егемендігіне жасалған агрессияны ақтаудың амалы деп қабылдап отыр. Ал Сирия осы екі державаның ортасында қалды.
Егер Анкара мен Тель-Авив арасында тікелей байланыс механизмі құрылмаса, Сириядағы кез келген келесі әскери оқиға бұдан да қауіпті салдарға әкелуі мүмкін. Өйткені бүгінгі басты қауіп — бір тараптың әдейі соғыс бастауы емес, бір тараптың әрекетін екінші тараптың қате түсінуі.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Астанада әзілкеш Ғалым Қалиақпаровтың концерті тоқтатылды
- Сирия Израиль мен Түркия арасындағы жаңа текетірес алаңына айналды: Идлибтегі соққы нені білдіреді?
- АҚШ Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдаудың құпия жолын тауып алған
- Арыстағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрі жарылды: Құрғақ шөп тұтанған
- Талғар тауында табылған туристің денесі полицияға тапсырылды
- Күйеуі ұрып, қолын сындырған: Жанжалдан кейін әйел өзіне қол салды
- Зеленский Ирина Мудраяны қызметтен босатты
- NASA Falcon 9 құлағаннан кейін Айда пайда болған кратер фотосы жарияланды
- Алматы облысындағы тауда шашылып жатқан адам сүйектеріне қатысты ТЖД мәлімет берді
- «Сұңқар» шаңғы трамплині: 10 жылдан асса да жұмысшылар неліктен жалақысын сол күйі алмай кетті?
- «Біреуінің бауыры езіліп, үш бала қашып кеткен»: Райымбек ауданындағы қайғылы апатқа байланысты жаңа деректер шықты
- 20 тамыздан бастап қандай смартфондарды сатуға тыйым салынады?
- Бас мүфти Наурызбай қажы: Әйелге қол көтеру – ерлік емес
- Тәртіп өзгерді: Алимент түсетін арнайы шотты бұғаттауға болмайды
- Солтүстік Арал қайта толып келеді: Су дипломатиясы теңіз тағдырын өзгертті
- Алматыда екі жігіттің сөмкесін ашып қараған полицейлерге қатысты қызметтік тексеру басталды
- Башар Асадтың бауыры Сирияда өлім жазасына кесілді
- Dior компаниясының PR-директоры Матильда Фавье жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты
- «Алатау» жеңілдетілген бағдарламасы: Елімізде тағы бір 5 пайыздық ипотека іске қосылды
- Шетелдік туристер Алматы облысындағы тауда шашылып жатқан адам сүйектеріне тап болды