Шетелдік байқаушылар Қазақстандағы Құрылтай сайлауы туралы не айтты?
Коллаж: Orda.kz
Беларусь, Түркия, Армения, Ресей, Молдова және Қырғызстаннан келген халықаралық байқаушылар Құрылтай сайлауына қатысты алғашқы бағаларын жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.
Олар негізінен сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссиялары дайындығын және азаматтардың белсенділігін атап өтті. Байқаушылар мәлімдеме жасаған сәтте дауыс беру барысына қатысты елеулі ескертулер айтылған жоқ.
Беларусь ОСК төрағасы Игорь Карпенко оннан астам сайлау комиссиясына барып, байқаушылармен және учаскелік комиссия мүшелерімен сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлауды өткізуге ауқымды дайындық жүргізген. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастырушылар оқытылып, азаматтарға алдын ала ақпарат берілген.
«Әзірге ешқандай ескерту жоқ. Біздің бағалауымызша, барлығы Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтіп жатыр», – деді Карпенко.
Сонымен бірге ол саяси өзгерістерге бағаны ең алдымен қазақстандықтардың өздері беруі керектігін атап өтті. Себебі реформалар «мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін» жүргізіліп жатыр.
Осыған ұқсас бағаны Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта да айтты. Ол сайлаушыларға ақпарат беру жұмысына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға назар аударды.
Оның айтуынша, азаматтар өз сайлау учаскесін электронды қызметтер, бұқаралық ақпарат құралдары және Орталық сайлау комиссиясының түсіндіру жұмыстары арқылы алдын ала біле алады.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруге қатысуын жеңілдететін жағдайлар жасалғанын көрдік», – деді Мутта.
Түркиялық байқаушы дауыс беру тыныш әрі мерекелік жағдайда өтіп жатқанын айтып, сайлау процесінің ұйымдастырылуын кәсіби деңгейде деп бағалады.
Армения ОСК өкілі Эрмине Арутюнян да сайлауға дайындықты жоғары бағалады. Оның айтуынша, барған сайлау учаскелеріндегі рәсімдер заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған, ал дауыс беру ешқандай іркіліссіз және кідіріссіз өтіп жатыр.
Армения делегациясы сайлауды цифрландыруға және электронды қызметтердің қолданылуына да ерекше назар аударды.
Молдова ОСК төрағасы Анжелика Караман да Құрылтайдың алғашқы сайлауын ұйымдастыру деңгейіне оң баға берді. Ол №228 сайлау учаскесіне барып, комиссия мүшелерінің дайындығына, сайлаушыларды ақпараттандыруға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға назар аударды.
Оның айтуынша, қазіргі дауыс берудің маңызы ерекше. Себебі жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Құрылтай алғаш рет жаңа жүйе бойынша сайланып отыр. Караман бұл сайлауды конституциялық реформаны жүзеге асырудағы маңызды кезең деп атады.
Молдова ОСК басшысы учаскелік комиссиялардың жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, қызметкерлер өз міндеттерін жақсы біледі, ал халықаралық байқаушылар барған учаскелерінде өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алған.
«Сайлау қызметкерлерінің дайындық сапасы бүкіл процестің сапасына әсер етеді. Бұл өте маңызды, өйткені сайлау процесіне деген сенім де осыған байланысты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін учаскелердің қолжетімділігін оң бағалаймыз. Атап айтқанда, учаскелерде аудиожазбаларды тыңдау мүмкіндігі және арнайы трафареттер қарастырылған. Біз барған барлық учаскеде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдай жасалғанын көрдік. Аудиожазбаларды тыңдауға мүмкіндік бар, арнайы трафареттер қарастырылған. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деп атап өтті Караман.
Сөз соңында ол сайлау комиссиялары мүшелерін оқытуға жүргізілген ауқымды жұмысты атап өтіп, олардың кәсіби даярлығын одан әрі жалғастыруға шақырды. Караманның айтуынша, Молдова тарапы Қазақстанның тәжірибесін зерттеп, оны өз елінде қолдануға да мүдделі.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының байқаушылары да сайлауға қатысты алғашқы қорытындыларын ұсынды. Топ үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов миссияның бірнеше сайлау учаскесіне барғанын, соның ішінде бір учаскенің ашылуына қатысқанын айтты.
Оның сөзінше, сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, комиссия қызметкерлері жақсы дайындалған, ал дауыс беру тыныш өтіп жатыр.
«Біз болған барлық жерде заң талаптарының қатаң сақталуынан қандай да бір ауытқу түгілі, соған ишара да байқамадық», – деді Картаполов.
Қазақстандықтардың дауыс беруге деген жоғары қызығушылығын ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы миссиясындағы Беларусь өкілі Эдуард Северин де атап өтті. Оның айтуынша, демалыс күніне қарамастан азаматтардың сайлау учаскелеріне белсенді түрде келуі олардың елдің саяси өміріне қызығушылық танытатынын көрсетеді.
Қырғызстан өкілі Нилуфар Алимжанова да байқаушылардың әзірге ешқандай ескертуі болмағанын айтты. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдай мен халықтың дауыс беруге деген қызығушылығына ерекше тоқталды.
Ал Ресей сенаторы Баир Жамсуев сайлау комиссиялары мүшелерінің тәжірибесі мен дайындығына назар аударды.
Байқаушылар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы миссиясының өкілдері қаладағы ғана емес, ауылдық жерлердегі сайлау учаскелеріне де баруды жоспарлаған.
Олар сайлауды бақылау жұмыстары аяқталғаннан кейін түпкілікті қорытындыларын жарияламақ.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін екені туралы сұраққа жауап берген еді.
Бүгінгі сайлау барысын мәтіндік тікелей трансляциядан оқуға болады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Бостандық ауданында сайлау учаскесіне ЕҚЫҰ бақылаушылары келді
- Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу белсенділігі түстен кейін арта түсті
- Шетелдік байқаушылар Қазақстандағы Құрылтай сайлауы туралы не айтты?
- Тоқаев: Вице-президент баршаңыз жақсы білетін танымал адам болады
- Президент: Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады
- Тоқаев: Заңға сәйкес қайта сайлануға құқығым бар
- Тоқаев Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс беріп, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді
- Алматыда сайлау күні қоғамдық көлікте жүру тегін: Ақы төлеген жолаушыларға ақшасы қайтарылады
- ҚР ІІМ: Жағдай тұрақты, сайлау учаскелері тәулік бойы күзетіледі
- Қазақстан да бар: Сот 75 ел азаматтарына АҚШ визасын беруге салынған тыйымды жойды
- Найзағай ойнап, бұршақ жаңбыр жауады: 23 тамызға арналған ауа райы болжамы
- «Құрылтай сайлауы LIVE»: Жаңа бірпалаталы Парламентке дауыс беру
- Гандидің 600-ден астам қолжазба хаты аукционда рекордтық бағаға сатылды
- Алматыдағы MEGA сауда орталығынан адамдар эвакуацияланды
- Павлодарда ломбард қызметкері 16 млн болатын жұрттың алтын бұйымдарын казиноға тігіп жіберген
- Ерекше ұрлық: Атырауда жедел жәрдем көлігінде сөйлей алмай жатқан адамның заттарын көзінше алып кеткен
- «Қазатомөнеркәсіп» Қытай мен Ресейге уран сату бойынша екі ірі мәміле жасайды
- Ақтөбеде әлем чемпионы атанған жас балуанға көлік сыйға тартылды
- Алматыда мопед жүргізушісі коммуналдық қызмет көлігінің астында қалып қаза тапты
- БҰҰ: Эбола індеті қарқынды тарап жатыр, жергілікті адамдар жедел жәрдем көліктерін өртеп, таспен атқылайды