Шерзат ісі: жаңа адвокаттар мен судья кім? Сот қашан басталады?

Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі сотқа жетті. Осы сәтте Қаржаубай Нұрымов бұрынғы адвокаттардан сенімхатты қайтарып алып, олармен толықтай байланысын үзді. Бұған дейін Шерзаттың отбасы тек Айтбек Амангелдімен ғана жұмысын тоқтататынын айтса, қазір олардың мүддесін жаңа қорғаушылар тобы қорғайтын болды.
Orda.kz тілшісі іске қосылған жаңа адвокаттармен танысып, олардың пікірін білді. Сонымен қатар, соттың қайда өтетіні мен судьяның кім екенін де сұрастырды.
Өткен жылы елде үлкен резонанс тудырған бұл іс 26 наурызда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті. Қоғам бұл соттан әділдік күтіп отыр. Себебі, әлеуметтік желілерде марқұм Шерзат Полаттың есімі аталса, желі қолданушылары түрлі пікір білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Айтбек Амангелді адвокат Саида Тәуелеева екеуі әлеуметтік желіде «Қаржаубай Нұрымов біздің қорғауымыздан бас тартты» деп жариялаған болатын. Алайда Orda.kz тілшісі адвокаттардың мәртебесін нақтылау үшін хабарласқан кезде, Шерзаттың әкесі бұл жағдайға қатысты «Мен нақты ештеңе айтқан жоқпын» деп қысқа ғана қайырды.
Ал Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова бұл шешімнің себебін былай түсіндірді.
«Біз адвокаттардан емес, тек Айтбек Амангелдімен жұмыс істегіміз келмейді. Себебі, ол анамызға дөрекілік көрсетті».
Жақында Шерзаттың әкесі бұрынғы қорғаушылардан сенімхатты толық қайтарып алғаны нақты белгілі болды.
Істі кімдер қорғайды?
Шерзат Полаттың ісін Мейірман Шекеев бастаған алты адвокат қорғайтын болды:
- Мейірман Шекеев
- Жандос Палманов
- Әлім Мұстафаев
- Дина Досаева
- Нұрболат Ибраев
- Бағдат Амандосұлы
Мейірман Шекеев пен Бағдат Амандосұлы еліміздегі «Көреміз», «Айтуға оңай» ток-шоуларында заңгер ретінде пікір білдіріп, қоғамда резонанс тудырған істерде қорғаушы болған.
Мейірман Шекеев 2023 жылы Оңтүстік Кореяның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен қазақстандық азаматтардың қорғаушысы болды. Инчхон қаласының соты оларды 3 миллион корей вонасы (шамамен 1 миллион теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Егер сот басқа шешім қабылдағанда, оларға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді.
Сонымен қатар, Шекеев Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Рейімова әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 15 тәулікке қамалған кезде оның қорғаушысы болды.


Жаңа қорғаушылар сотқа дайын ба?
Orda.kz тілшісіне берген мәлімдемесінде Мейірман Шекеев істің жазбаша материалдарымен толық танысқанын, енді тек видео материалдарды қарап шығу қалғанын жеткізді.
Шекеевтің айтуынша, іс материалдарымен танысу аса қиындық тудырмаған. 27 жылдық тәжірибесі бар қорғаушы наурыздағы демалыс күндері өзге адвокаттармен бірге жазбаша құжаттарды мұқият қарап шыққан. Енді тек видео материалдар ғана қалған, оларды да алдағы екі-үш күн ішінде зерттеп бітіру жоспарланып отыр.
«Жалпы, біз сотқа толық дайынбыз», – деп сендірді адвокат.
Оның сөзінше, қылмыстық іс 26 наурызда Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен.
Адвокат күдіктілер санына қатысты БАҚ-та әртүрлі ақпарат тарағанын айтты. Оның қолындағы құжаттарға сүйенсек, іс бойынша 9 күдікті бар, оның біреуі – кәмелетке толмаған бала, ал екеуі – адам өлтіру фактісі бойынша айыпталған. Бастапқыда 11 адам ұсталған, оның екеуі – қыз. Алайда, кейін олар куәгер ретінде танылып, күдіктілер қатарынан шығарылған.
Судья кім және сот ашық бола ма?
Сонымен қатар, Мейірман Шекеев судьяның кім болатынын білетінін, алайда БАҚ-пен бөлісе алмайтынын айтты. Қорғаушы соттың ашық не жабық өтетіні туралы да пікір білдірді. Шекеевтің айтуынша, Қаржаубай Нұрымов соттың ашық өткенін қалағанымен, бұл айыпталушы тараптың рұқсатынсыз мүмкін емес, сондықтан сот жабық өтуі ықтимал.
«Менің білуімше, күдіктілер соттың ашық өтуіне келісім берген жоқ. Оның үстіне, бұл мәселеде күдікті тараптың құқығы міндетті түрде ескеріледі. Менің пайымдауымша, олар соттың жабық өтуін қалайтын сияқты», – деді Мейірман Шекеев.
Шерзат Полаттың ісін алты ай бойы жүргізген бұрынғы қорғаушылармен қарым-қатынасы да назардан тыс қалмады. Айтбек Амангелді Instagram парақшасында Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқанын хабарлаған сәтте, Шерзаттың әкесінің бұл шешімі жұртшылық үшін түсініксіз көрінді. Әлеуметтік желілерде қазіргі және бұрынғы қорғаушылар арасында келіспеушілік бар деген пікірлер де кең тарады.
«Мен бұрынғы адвокаттармен байланысуға талпыныс жасадым. Бір-екі рет хабарласып, іс материалдарын алуға тырыстым. Бірақ олар менімен ешқандай байланыс орнатқысы келмеді. Ақыры біз істі Алматы облысының прокуратурасынан өтініш арқылы алдық», – деді қорғаушы.
Оның айтуынша, бастапқыда Қаржаубай мен Гүлбара оған жүгінген кезде, бұрынғы адвокаттардан түбегейлі бас тартудың қажет еместігі айтылған.
«Өйткені олар барлық тергеу процесіне қатысып, жарты жыл бойы істің басы-қасында болды. Алайда Қаржаубай кейін өзі келіп, олардан сенімхатты толық қайтарып алғанын және істі менің қолыма тапсыратынын айтты», – деп түсіндірді ол.
Осыдан кейін қорғаушы бұл істі ары қарай жүргізу үшін тағы алты адвокатты жұмылдырған.
«Бұрынғы адвокаттардың еңбегін жоққа шығармаймыз. Бұл – Қаржаубайдың қалауы және құқығы», – деді ол.
Істі бір емес, алты адвокат қорғап жатқандықтан, олардың қызмет ақысын кім төлейтіні де белгілі болды.
«Мен бұл іс үшін ешқандай ақы алмаймын. Сол сияқты, жанымдағы алты қорғаушы да өз еркімен іске кірісті. Біз мұны тек көмек ретінде жасап жатырмыз», – деді Шекеев.
Сонымен қатар, Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін Талғарда Нұрымов пен қарындасы Бақыт Реимова 15 тәулікке қамалды. Шерзаттың әкесі ұсақ бұзақылық және полицияға қарсылық көрсетті деп айыпталса, Рейімова митингке үндегені үшін сотталды.
«Бұл істер бөлек қаралады. Қаржаубайдың ісі Антикордың құзыретінде», – деді Шекеев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл іске қатысты тиісті сараптамалар тағайындалған.
«Процессуалдық шешім қабылдау үшін олардың қорытындысы күтіліп жатыр. Алда қажет болса, бұл іске де араласатын шығармыз», – деп қосты қорғаушы.
Сонымен қатар, Бақыт Реиімоваға қатысты іс бойынша бірнеше рет шағым түсірілген.
«Алматы облысының прокуратурасына арыз жолдадық. Себебі біз оған қатысты “митингке шақырды, сондықтан депортация жасау керек” деген қаулымен келіспейміз», – деді Шекеев.
Іс материалдарымен танысып шыққаннан кейін, қорғаушы тергеудің сапасы мен жүргізілуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған «тергеу дұрыс жүрмеді» деген пікірлер шындыққа жанаспайды.
«Іс барысында анықтағаным бойынша, күдіктілер қылмыс жасалған күннің өзінде екі сағаттың ішінде ұсталған», – деп атап өтті ол.
Қорғаушының сөзінше, Қаржаубай олардың сол күні ұсталғанын білмегендіктен, алаңға шыққан.
Orda.kz бұл резонансты сот процесін жіті қадағалап, оның барысы туралы хабарлап отырады.
Жаңалықтар
- Індет, токсикоз және тұншығу: Маңғыстаудағы каспий итбалықтарының жаппай қырылу себептері айтылды
- «Тәуелділік тәуекелі»: Ресей салған алғашқы АЭС-ке Қазақстан жалғыз иелік ете ала ма?
- Сарапшы Ерлан Батырбеков неге Қазақстанда АЭС-ті «Росатом» салады деген сұраққа жауап берді
- Алматы маңында пойыз бен жол талғамайтын көлік соқтығысты
- «30 миллиондық таңғы ас»: Бейбіт Атамқұловтың ұлы ірі қарыз үшін бизнесменмен соттасты
- Қазақстан Елшісі Зеленскийге сенім грамотасын тапсырды
- Әйгілі мұнайшы, қоғам қайраткері Жақсылық Жанғазиев дүниеден өтті
- Киіктерді қырғандар босатылады да Мәсімов пен есірткі жасырғыштар — шықпайды: жаппай амнистия кімдерге қатысты?
- Иран ядролық қарудан бас тартып, Израильге шабуыл жасауды тоқтатуға дайын
- Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы 200-300 долларға дейін көтеріледі
- Шілдеде қосымша демалыс күні болады
- Си Цзиньпиннің келуі Астанадағы кептелістерге себеп болады
- АҚШ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын Украинадан Таяу Шығысқа ауыстырды
- Израиль - Иран қақтығысы: Дубайдан шыға алмай қалған қазақстандықтар үйлеріне оралады
- Неліктен Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей салады?
- Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламент сайлауы — жай ғана қауесет пе, әлде шындық па?
- Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядағы әскери оқуы: Қазақстанның әуе қорғанысы Ресейге қаншалықты тәуелді?
- Жаман иісті жоғалтып, мердігерлерді жазалау керек: Сатыбалды Алматының тағы бір ауданын аралап көріп, тағы да көңілі толмады
- Иран Израильге зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар қолданып шабуыл жасады
- Қазақстан мен Ресейдің ботаник ғалымдары «мәңгілік шөбін» тауып, сенсациялық жаңалық ашты