Пентагон басшысы 2028 жылғы президент сайлауына түсуі мүмкін деген ақпарат тарады

cover Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет 2028 жылы өтетін президент сайлауына кандидат ретінде қатысу мүмкіндігін қарастыратыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Orda.kz шетелдік БАҚ-тардағы мәліметтерге сүйеніп.      

NBC мәліметінше, Хегсет президенттік сайлауға қатысу мәселесін жақын серіктерімен талқылаған. Ақпаратқа сәйкес, оның айналасындағылардың бір бөлігі мұндай қадамды қолдайды. Хегсет өзін Дональд Трамптың «Америка бірінші» бағытын қолдайтын сайлаушылар үшін тартымды үміткер ретінде қарастыруы мүмкін деген болжам айтылған.

Алайда Хегсет кейін NBC мәліметін жоққа шығарып, президенттікке түсу жоспары туралы ақпаратты «жалған» деп атады.

«Бұл 100 пайыз жалған» деп жазды ол. 

Хегсет NBC-ге мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқанын, бірақ телеарна өз материалында аты-жөні көрсетілмеген дереккөздерге сүйенгенін мәлімдеді.


Пит Хегсет  Дональд Трамптың қазіргі әкімшілігіндегі маңызды тұлғалардың бірі. Ол 2025 жылғы 25 қаңтарда АҚШ Қорғаныс министрі қызметіне кірісті. АҚШ Қорғаныс министрлігінің тарихи басқармасының мәліметінше, Хегсет  ведомствоны басқарған 29-шы министр.

Хегсет 1980 жылы дүниеге келген. Принстон университетін тәмамдағаннан кейін АҚШ Ұлттық гвардиясында жаяу әскер офицері болып қызмет атқарды. Ол Гуантанамо, Ирак және Ауғанстандағы әскери операцияларға қатысты. Әскери қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған.

Саяси қызметке дейін Хегсет ардагерлер ұйымдарын басқарды және америкалық телеарналардың бірінде жүргізуші болды. Ол Трамптың саяси көзқарастарын белсенді қолдайтын тұлға ретінде танылды.

2025 жылғы қыркүйекте Дональд Трамптың жарлығымен Қорғаныс министрі қызметіне «Соғыс министрі» деген қосымша атауды қолдануға рұқсат берілді. Сондықтан Хегсет қазіргі кезде ресми құжаттар мен кейбір қоғамдық іс-шараларда осы атаумен де аталады.

Егер Хегсет шынымен президенттік додаға қосылса, ол республикашылдар арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін.

Қазіргі таңда 2028 жылғы президент сайлауында Дональд Трамптың ықтимал мұрагерлері ретінде көбіне АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың есімдері аталады. Хегсет те Трамптың саяси мұрасын жалғастыруға ұмтылатын консервативті электораттың белгілі бір бөлігін тарта алатын тұлға ретінде қарастырылуы мүмкін.

Хегсеттің негізгі саяси ерекшеліктерінің бірі – Трамп әкімшілігінің әскери және ұлттық қауіпсіздік саласындағы бағытын белсенді қолдауы. Қорғаныс министрлігіндегі қазіргі қызметінде ол АҚШ қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға, әскери құрылымдарды өзгертуге және ведомство жұмысын қайта ұйымдастыруға басымдық беріп келеді.

Дегенмен Хегсет 2028 жылғы президенттік сайлауға қатысатынын ресми түрде жариялаған жоқ. Керісінше, соңғы мәлімдемесінде мұндай жоспарды жоққа шығарды.

Сондықтан әзірге оның президенттік додаға қатысуы ресми кандидатура емес, БАҚ-та тараған саяси болжам деңгейінде қалып отыр.

Ал 2028 жылғы сайлауға дейін республикашылдар қатарындағы ықтимал кандидаттар тізімі әлі бірнеше рет өзгеруі мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар