Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасы таныстырылды

cover Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және комиссия мүшесі – президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, деп хабарлайды  Orda.kz.      

Кездесу барысында мемлекет басшысына жаңа Конституция жобасын әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Эльвира Әзімова Комиссияның осы уақытқа дейін өткен он екі отырысы қорытындысы бойынша жаңа Ата Заңның түпкілікті жобасы дайындалғанын баяндады. Оның айтуынша, құжат мәтіні өткен жылдың қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген. Сонымен қатар жобаға Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қазан мен қаңтар айлары аралығында жинақтаған ұсыныстары да енгізілген.

Комиссия төрағасы талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару жөнінде ұсыныс жасалатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның ауқымды әрі аса маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері еліміздің институционалдық негіздерін терең жаңғырту үдерісін толық аяқтап, мүлде жаңа конституциялық модельге көшуге жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі орнықты әрі прогрессивті дамуына берік негіз қалыптастыратынын айтты.

Сондай-ақ президент Конституциялық комиссия мүшелеріне кәсіби әрі жауапты еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол жаңа Конституция жобасының тікелей эфирде талқылануы қоғамдағы ашықтық пен сындарлы диалогтің жоғары деңгейін көрсеткеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы құжатты әзірлеу мен талқылау үдерісіне мыңдаған азаматтың белсенді қатысқанын ерекше атап өтіп, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі әрі жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатының дәлелі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу уақытта жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар