«Маған қызымды қайтарып берсін»: Әл-Фараби апатына қатысты істе жаңа жәбірленуші 100 млн өтемақы талап етпек

cover Фото: Orda.kz

Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін жалмап кеткен жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі алғаш рет жәбірленуші ретінде танылып,  Александр Пакты еш кешірмейтінін бермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған дейін сотқа онлайн қосылған марқұмның әкесі өзін жәбірленуші деп тануды сұрағанын жазған едік. Судья алдымен оны куәгер ретінде тыңдап, кейін процессуалдық мәртебесін өзгерту туралы шешім қабылдады. Куәгер ретінде жауап алынған соң сот марқұмның әкесін іс бойынша жәбірленуші деп таныды. Сотта сөз сөйлеген әке қызының өмір бойы өз қамқорлығында болғанын айтты. Оның сөзінше, Томиристің тәрбиесі мен оқуына өзі жауапты болған. (сот әкесінің аты-жөнін жазуға тыйым салды)

«Бұрынғы жұбайыммен 2018 жылдан бері бірге тұрмаймыз, бірақ қызыммен байланысымды ешқашан үзген емеспін. Томиристің жеке мектепте оқыттым, қаражатын өзім төлеп тұрдым. Сол түні қызым апатқа ұшырағанда полиция маған бірінші хабарласты. Мен жаназамен айналысып жүргенде бұрынғы әйелім Пакты кешіріп тастаған екен. Мен оны ешқашан кешірмеймін. Қызымның сүйегін мәйітханадан көргенде басының бәрі мыжылып кеткен, денесінде жарақат көп болды. Осының бәрін өз көзіммен көріп отырып, мен оны қалай кешіремін», – деді ол.

Марқұмның әкесі бұған дейін Пактың отбасымен кездескенін де айтты. Оның айтуынша, арнайы Тараз қаласына барып, айыпталушының әкесімен сөйлескен.

«Әкесінің үйіне бардым. Ол жылап, ұлы үшін кешірім сұрады. Тіпті тізерлемекші болды, мен оған кінә өзіңізде емес, баланы дұрыс тәрбиелей алмағаныңызда дедім. Ешкімге қоқан-лоқы көрсеткен жоқпын. Мен бар болғаны оның көзіне тіке қарағым келді», – деді ол.

Сондай-ақ ол өзіне өтемақы ұсынылғанын растады. Алайда ақша емес, қызының өмірі маңызды екенін айтты.

«Маған ақша ұсынды. Бірақ маған ақша емес, балам керек. Сондықтан ешқандай кешірім болмайды. Қайдағы ақша, мен үш ай ұйықтай алмай келемін. Туысқандар жан-жақтан хабарласып маған неге кеішрдіңдер деп сұрап жатыр. Мен қайталап айтамын ешкімді кешірмеймін», – деді Томиристің әкесі

Сотта прокурор жәбірленушіден айыпталушыға қандай талап қоятынын сұрады. Марқұмның әкесі жауабын қысқаша қайырды.

«Маған қызымды қайтарып берсін».

Марқұмның әкесі сот процесіне онлайн қатысуды сұрады. Ол қызының қазасы ауыр соққы болғанын айтып, айыпталушы Пакпен сот залында бетпе-бет кездескісі келмейтінін жеткізді.

Томирис Қыдырбектің әкесінің құқығын сотта бірден үш адвокат қорғап жатыр. Солардың бірі өткен отырыстарда марқұм Құмар Теңелбаеваның құқығын қорғаған, алайда Теңелбаеваның туыстары бас тартқан заңгер Мейірман Шекеев бұл жолы Қыдырбектің құқығын қорғап шықты. Заңгер жәбірленушінің соттағы басты ұстанымдарын түсіндірді.

Заңгердің айтуынша, басқа отбасылар кешірім бергенімен, Томиристің әкесі айыпталушының міндетті түрде бас бостандығынан айырылуын сұрап отыр. Қорғаушы тарап міндетті түрде азаматтық талап-арыз түсірмек, бірақ нақты сома әзірге белгісіз.

«Бұл істе негізгі мақсат ақша емес, егер айыпталушы қандай да бір қаражат төлесе, ол тек моральдық шығын ретінде қабылданады. Яғни, бұл жағдай жазаны жеңілдетуге немесе кешірім беруге ешқандай негіз бола алмайды. Сонымен қатар, сотқа моралдық талап-арыз беретін кезде шамамен 100 млн ұсынатын шығармыз, оны тағы да нақты марқұмның әкесімен ақылдасу керек», – дед Шекеев.

Жәбірленушінің қызынан айырылып, қатты қайғырып жүргенін ескерткен қорғаушы олардың жалғыз мақсаты – заң аясындағы ең қатаң жаза екенін нақтылады. Қазіргі таңда әкенің құқығын сотта үш бірдей адвокат қорғап жатыр.

Сонымен қатар, сот алдында өткен соты отырысында жауабы екі рет кейінге қалдырылған куәгер, осы Пакпен сол кеште дастарқандас болған. Ә.Ж-дан жауап алынды.  

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасарының жүргізушісі Ә.Ж. куәгер ретінде жауап берді. Сотқа кісенмен жеткізілген ол журналистерге өз есімін жариялауға және бетін көрсетуге тыйым салды. Жәбірленуші тараптың заңгері Мейірман Шекеев оқыған мәліметке сәйкес, Ә.Ж. оқиға түні басшысын үйіне апарған соң, жедел нөмір тағылған қызметтік көлікпен мейрамханаға Александр Пакпен кездесуге барған. Ол мемлекеттік көлікті басшылықтың рұқсатынсыз, жеке мақсатта пайдаланғанын айтты. 

Сотта ол Пакпен жарысқанын жоққа шығарып, үйіне қайтып бара жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, ол оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем келіп үлгергендіктен, басқаларға апаттан кейін көлікке жақындамауды және зардап шеккендерге көмектеспеуді сұраған.

Қазір жүргізушіге қатысты ауыр салдарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік бабы бойынша тергеу аяқталып, іс прокуратура қарауына өткен.

Еске салайық, жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr 9X көлігін басқарған Александр Пак жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан Mercedes жүргізушісі мен көліктегі екі жолаушы қаза тапты.  

Сараптама қорытындысына сәйкес, Пактың қанынан 1,30 промилле көлемінде этил спирті анықталған. Сонымен қатар көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққаны белгілі болды. Оған ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.

Оқи отырыңыз:

«Қызымның сүйегін өзім жинадым»: Томиристің әкесі сотта жауап берді

Әл-Фарабидегі жол апаты: Сотта жаңа жәбірленуші пайда болды

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар