Кеңейтілген отырыс: Үкімет пен шенеуніктерге берілген соңғы ескерту ме?
Фото: Ақорда
10 ақпанда Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының келесі кезеңіне арналған стратегиялық басымдықтарды айқындаған маңызды саяси-экономикалық тапсырмалар берілді, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл жиын дәстүрлі есеп беру форматынан гөрі, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта қарау, жауапкершілікті күшейту және нақты нәтижеге бағдарланған саясатты орнықтыру мақсатын алға шығарды.
Президенттің басты талабы: Өтірік ақпарат бермей, нәтиже көрсет
Отырыс барысында Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысында әлі де формализм мен «жұмыс істегенсу» басым екенін ашық айтты. Әсіресе жыл соңында бюджет қаражатын жаппай «игере бастап» жанталасудың қажеті жоқ екенін ескертті. Тоқаевтың айтуынша, бұл жүйелі даму емес, қаржыны бей-берекет шашатын ескі әрі зиянды тәсіл.
Президент мемлекеттік инвестицияларды басқаруда тиімділік пен нәтижеге негізделген модельге толық көшу қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік бағдарламаларды түбегейлі қайта қарап, нақты әлеуметтік-экономикалық қайтарымы жоқ шығындарды қысқарту тапсырылды. Бұл Үкіметке берілген кезекті емес, түбегейлі саяси дабыл.
Бюджет саясаты: Жергілікті бюджет республикалыққа тәуелді болмайды
Жиында жарияланған деректерге сәйкес, салық және бюджеттік реформалар Ұлттық қордан мақсатты трансфертсіз үш жылдық бюджет қалыптастыруға мүмкіндік берген. 2028 жылға қарай бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 0,9 пайызына дейін қысқармақ, ал жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі едәуір төмендейді.
Бұл фискалдық тәуелсіздікке жасалған маңызды қадам. Алайда президент үкіметке қағаз жүзінде сандарды ары-бері сүйкей бермей, нақты жұмыс істеп, нәтиже көрсетуді тапсырды. Бюджет тұрақтылығы халықтың тұрмыс деңгейіне, инфрақұрылым сапасына және аймақтардың дербес дамуына тікелей әсер етуі тиіс.
Конституциялық реформа: Саяси жүйені қайта қарау
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы бұл құжатты кәсіби дайындалған, халықаралық озық тәжірибелерді қамтыған және адам құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі реформа ретінде бағалады.
Президенттің пайымдауынша, ұсынылып отырған өзгерістер 2022 жылғы конституциялық реформаның логикалық жалғасы және мемлекетті басқару моделін түбегейлі жаңартуға жол ашпақ. Ол «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты саяси жүйенің негізгі тірегіне айналуы тиіс екенін баса айтты.
Еліміз суперпрезиденттік басқару моделінен саналы түрде бас тартып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталады.
Бюджет қаражатын игере алмай отырсыздар
Мемлекет басшысы жыл бойы кейінге қалдырып, жыл соңына қарай бюджет қаражатын жаппай игеруге ұмтылатын шенеуніктерді қатаң сынға алды.
Президенттің айтуынша, бұл жағдай бүгінде нақты игеруге емес, қаражатты қалай да жұмсап құтылуға тырысуға айналып кеткен.
Мемлекет басшысы қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізіп, тиімсіз шығындарды қысқартуды тапсырды. Қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін бағалауды басшылыққа алып, «қаражат игеру» деген формалды өлшемнен бас тарту жөнінде қатаң әрі принципті түрде әрекет ету міндеттелді.
Әлеуметтік басымдық: Халық табысын арттыру
Үкімет 2026 жылдың соңына дейін басты мақсат ретінде халықтың нақты табысын арттыруды белгілеп отыр. Осы бағытта жаңа өндіріс ашу, кәсіпкерлікті қолдау, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалақы өсімін қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл мақсаттың қаншалықты іске асатынына уақыт төреші.
Алайда Президент бұл міндеттердің қағаз жүзінде, әдеттегі көпірме ақпарат ретінде қалмауы тиіс екенін ескертті. Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың түпкі нәтижесі — қарапайым азаматтың өмір сапасы жақсаруынан көрінетінін нақты айтты. Сондықтан әрбір министрлік пен әкімдік өз шешімінің халыққа қалай әсер ететінін түсініп, соған сай әрекет етуі керек.
Ұлттық банк пен Қаржы мониторингі агенттігіне сын айтты
Тоқаев Smart City принциптері бойынша жаңа инвестициялық циклдің тірегі болуы тиіс Алатау қаласы туралы еске салды. Ол осы бағытта өзінің тапсырмасымен Парламентке конституциялық заң жобасы дайындалып, ұсынылғанын айтты.
«Егер сіздерде шындықтан алшақ, нақты өмірде жоқ қорқыныш немесе қарсылық болса, маған тиісті құжат беріңіздер, мен қарауға шығарамын. Мен жауапкершілікті өз мойныма алуды үйренгенмін, ал сіздер әлі де жиналыста сөз сөйлеп отыра беріңіздер», — деді президент.
Инфрақұрылым: Өсімнің негізі
Жиында инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше назар аударылды. Астанада екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталып, елорда әуежайының өткізу қабілеті жылына 40 миллион жолаушыға дейін артпақ. Сонымен қатар 11 мың шақырым автожолды жаңғырту жоспарланған.
Бұл жобалар елдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған. Президент инфрақұрылымға салынған әрбір теңге экономикалық өсім мен жұмыс орындарын беруі тиіс екенін атап өтті.
Құзырлы орындар шешімді созбалаңға салатынын сынады
Тоқаев шетелдік сапарлар мен инвесторлармен кездесулер барысында қол жеткізілген инвестициялық келісімдерді іске асыру ерекше назарды талап ететінін мәлімдеді.
«Бітпейтін ведомствоаралық келісулерді тоқтататын уақыт келді. Үкімет дербестік сұрады және оны алды. Енді берілген мүмкіндіктерді іс жүзінде дұрыс пайдалану қажет.
Қол қойылған әрбір құжат сапалы әрі алдын ала пысықталуға, нақты мерзімдерге және орындалуын бақылау тетіктеріне ие болуы тиіс. Түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін бірінші басшылар жеке жауапкершілік арқалайды», — деді президент.
Цифрландыру мен жасанды интеллект: Жаңа бәсекелестік құралы
Отырыс барысында цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбы да қызу талқыланды. Қазақстанның көршілес елдерге Starlink арқылы спутниктік интернет жеткізу жоспары елдің өңірлік цифрлық хабқа айналу амбициясын көрсетеді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту қажеттігін атап өтті. Бұл құрал бюджет шығыстары ашықтығын арттырып, жемқорлық тәуекелін азайтуы тиіс. Президенттің жасанды интеллект саласындағы нақты нәтиже талап етуі бұл бағыттағы жұмыстарға саяси деңгейде ерекше бақылау орнатылғанын аңғартады.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартады
Президенттің атап өтуінше, жаңа Конституция жобасына енгізілген нормалар «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген Қазақстанның саяси жүйесін дамыту сабақтастығы мен қисынын бекітеді.
«Соңғы жылдардағы саяси реформаларға жан-жақты көз жүгіртсек, Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды парламенті бар президенттік республикаға көшіп жатқанын айқын көруге болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорытынды: Үкімет пен шенеуніктерге берілген соңғы ескерту ме?
Үкіметтің кеңейтілген отырысы мемлекет басшысының басқару философиясы барған сайын қатаң әрі прагматикалық сипат алып келе жатқанын көрсетті. Президент осы жолы өз сөзінде құр уәде емес — нәтиже, есеп емес — жауапкершілік талап етті.
Бұл жиын үкімет пен әкімдіктер үшін соңғы ескертуге ұқсас саяси дабыл деуге болады. Дәл президент айтқан талап орындалса, алдағы кезеңде мемлекеттік аппараттың жұмысы нақты көрсеткіштермен ғана емес, қоғам тарапынан сезілетін өзгерістермен де бағалануы тиіс.
«Босаңсуға уақыт жоқ. Батыл да тиімді шешім қабылдап, жоспарды жедел түрде іске асыру керек. Бүгін қаралып отырған мәселелер бұған дейін де Жолдауда және Ұлттық құрылтайда көтерілген болатын. Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Тек осы ғана бізге өркендеу жолын ашады. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық көлемде сезінуі тиіс. Ел игілігі мен азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Ең бастысы — елімізге нақты пайда әкелетін шынайы, көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», — деді президент.
Президент қойған талаптар орындалса, бұдан былай Қазақстанның басқару сапасы жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Ал орындалмаса нақты кадрлық әрі құрылымдық шешім болады деп үміттенейік.
Тақырыпқа сай ұсынамыз:
- Тоқаев: Бюджет қаражатын игере алмай отырсыздар
- Президент құзырлы орындар шешімді созбалаңға салатынын сынады
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды
Жаңалықтар
- Нұрлан Сабуров сотталуы мүмкін бе?: Заңгер пікірі
- Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы президент сынынан кейін Бектенов үкіметке бірқатар тапсырма берді
- Газбен жүретін көліктерге қатысты тағы бір тыйым ұсынылды
- Ораза кестесі 2026: қай уақытта ауыз бекітіп, қай уақытта ауыз ашамыз?
- Алматыда бірнеше күдікті адам ұрлап бара жатқан жерінде ұсталды
- Газбен жүретін көліктер мен газ құю бекеттеріне жаңа шектеу енгізіледі
- Қожамұратова ісі: сотта 49 жәбірленушінің жауабы оқылып, 55 том құжат жарияланды
- Литва Ресей мен Беларуське жиі баратын ресейліктерді ықтиярхатынан айырып жатыр
- Мемлекет басшысы Иран президентін Ислам революциясы күнімен құттықтады
- Зеленский әуе қорғанысы жүйесін түбегейлі өзгертуге кірісті
- Алматы облысында интернет-казино ұйымдастырғандарға халықаралық іздеу салынды
- «Жалақысын бермеген»: СҚО-да фермерді өлтірген жұмысшыға үкім шықты
- Канададағы мектепте атыс болып 10 адам ажал құшты
- Көші-қон: Былтыр елімізге қанша адам көшіп келді?
- Семейде сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған күдіктілер әлі қамалмаған
- Кеңейтілген отырыс: Үкімет пен шенеуніктерге берілген соңғы ескерту ме?
- Ердоған өз орнына ұлын дайындап жатыр — Bloomberg
- Тоқаев Жапония премьерін құттықтап, жеделхат жолдады
- Алматыда мектеп оқушылары түтіннен уланып, ауруханаға түсті
- Ақтөбеде облысында жол апатынан 4 адам тіл тартпай кетті