Қазақтың дауылпаз ақыны Олжас Сүлейменов 90 жасқа келді

cover Фото: Алматы әкімдігі

Бүгін, 2026 жылғы 18 мамырда ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат және түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жылдығын атап өтеді, деп хабарлайды Orda.kz.        

Бұл маңызды оқиғаға ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің (МАМ) баспасөз қызметі жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнежазба арнады.

Мерейтой иесіне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.

«Мемлекет басшысы атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Әкім оған әдебиетті, мәдениетті, қоғамдық ойды және антиядролық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді» деп  хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев көрнекті қазақ ақыны әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.  

Әлиев қаламгерді түркі әлемінің біртуар тұлғасы деп бағалап, оның ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалары оқырманның зор ықыласына бөленгенін атап өтті.

Сонымен қатар Әлиев Олжас Сүлейменовтің Әзербайжанға деген шынайы достық пейіліне ерекше тоқталды. Оның әзербайжан халқының ұстанымын үнемі қолдап, ел жеңісін бүкіл түркі жұртының ортақ тарихи жетістігі деп тануы үлкен рухани күш беретінін жеткізді. Ол ақынның түркі халықтары арасындағы ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі зор екенін айтты.

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дің геология факультетін бітірген. М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған.

1962–1971 жылдары «Казахстанская правда» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлік-редакциялық алқасының бас редакторы, «Простор» журналының бөлім меңгерушісі, 1971–1981 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1981–1983 жыдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болды.

1983–1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы, 1995 жылдан Қазақстанның Италиядағы төтенше өкілетті елшісі болды. Қызметінің соңғы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы төтенше өкілетті елшісі және тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Ақын негізі туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы – «Арғымақтар» (1961) шыққаннан кейінгі жылдардан бері «Адамға табын, Жер, енді» өлеңдері бүгінгі ТМД елдері халықтарының көптеген тілдеріне, шет ел тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып бірнеше рет басылды.

Кинодраматургия, әдеби зерттеу саласында да еңбек етіп жүр. Оның жазған сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуезов туралы сөз», «Үндістан сазы», «Жастық шақ заставасы», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Язык письма» атты тілге қатысты зерттеулері жарық көрді. «Жалынның шалқуы» атты өлеңдер жинағы француз тілінде шықты.

Көрнекті ақынның құттықтауына қазақстандықтар да қосылып, Олжас Сүлейменовке зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп жүрекжарды тілектерімен бөлісіп жатыр.

Олжас Сүлейменовтің есімі отандық әдебиет пен елдің мәдени даму тарихында ерекше орын алады. Оның шығармашылығы, азаматтық ұстанымы мен кең ауқымды ағартушылық қызметі халыққа, елге және әлемнің идеалдарына қызмет етудің жарқын үлгісі.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар