Қара халықтың «қанын қайнатқан» қолжетпес тариф кімнің қалтасын қампайтып жатыр?
Иллюстрация DALL-E нейрожелісімен жасалған
Экономист Рахымбек Әбдірахманов соңғы айларда Қазақстандағы тариф бағасы жай өсіп қана қоймай, «ғарыштап кеткені» туралы пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, бұл жағдайдан нақты пайда көріп отырғандар бар. Orda.kz олардың кім екенін нақтылады.
«2025 жылы Қазақстандағы бағалар тағы да ғарышқа қанат қақты. Алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша инфляция 12,9 %-ға жетті, және оның негізгі қозғаушы күші тарифтер мен коммуналдық қызметтер. ТКШ орта есеппен 17,7 % қымбаттады, әсіресе — салқын су (+95,4 %), кәріз жүйесі (+34,7 %), газ (+27,7 %), жылыту (+19,2 %) және электр энергиясы (+16,3 %). Тарифтермен бірге азық-түлік бағасы да өсті: майлар мен тоң майлар – 20,5 %, ет – 16,2 % қымбаттады. Үкімет инфляцияның негізгі драйвері – тарифтер екенін мойындады» деп жазды экономист.
Оның пікірінше, бұл жағдайдан ең алдымен пайда көріп отырғандар – бірнеше миллионер басқаратын Қазақстанның энергетикалық холдингтері.
«Самұрық-Энерго» АҚ, Еуразиялық энергетикалық корпорациясы (ERG), «Қазақмыс» / KAZ Minerals және «Севказэнерго» АҚ (Орталық Азия Электроэнергетикалық корпорациясы – ЦАЭК). Бұл компаниялардың иелері — Владимир Ким, Эдуард Огай, Олег Новачук, Ибрагимовтер отбасы, Александр Клебанов және Сергей Кан — Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша алғашқы жиырмалыққа кіреді, ал олардың жиынтық байлығы шамамен 8,3 миллиард долларға бағаланады. Бұл құрылымдар тұрақты түрде пайда табады — шикізатқа жоғары баға, салық жеңілдіктері, мемлекеттің арзан қаржысына қол жеткізу және нарықтағы монополиялық жағдай есебінен. Тарифтердің өсуі олардың табысын тікелей арттырады» деп жазды Әбдірахманов.
(Рахымбек Әбдірахманов. Фото Facebook-профилінен алынған)
Экономистің айтуынша, егер мемлекет бұл саланы тиімді басқара алса, аталған компаниялар артық табысты инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттайтын еді. Бірақ оның орнына ақша дивиденд төлеуге немесе мүлде шетелге шығаруға жұмсалады.
«Олигархиялық» бағаның өсуін тежеу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді — бұл жыл ішіндегі екінші рет, қазан айында 18 %-ға жеткізді. Қазақстан әлемдегі ең жоғары мөлшерлемелері бар 15 елдің — Сьерра-Леоне, Ангола және Ливан қатарында».
Бұл – үкіметтің инфляциялық күтулерді бақылай алмай отырғанының дәлелі.
«Мамыр айында Жоғары аудиторлық палата энергетика саласында елеулі заңбұзушылықтарды анықтады: 34,7 млрд теңгеге тарифтердің асыра көрсетілуі, Энергетика министрлігінің өзіндік құнды бақылау функциясының жоқтығы, бағаға манипуляция жасау және өндіріс көлемін жасыру схемалары. Майнинг компаниялары бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 13 млрд теңгеден астам сомаға 901 млн кВт·сағ сатып алған. Сондай-ақ тиімсіз шығындар анықталған: «KEGOC» АҚ-қа 2,2 млрд теңгеге жабдықты қымбатқа сатып алу, «Самұрық-Энерго»-ның Балқаш ЖЭО және Екібастұз ГРЭС-2 жобаларына байланысты 199 млрд теңге көлемінде шығын бар», деп нақты мәліметтер келтірді сарапшы.
Елде ірі энергетикалық холдингтердің қаражатына бақылау жоқ, алайда саланы басқаруда жүйелі сәтсіздіктер бар:
«Мемлекет тарифтерді еркін жіберді, бірақ қымбатшылықты, шығынды және тиімсіздікті жойған жоқ. Формалды түрде қымбаттау жаңғыртумен түсіндірілсе де, іс жүзінде ол экономикадағы негізгі табысты иеленіп отырған ірі корпоративтік топтардың мүддесін қамтамасыз етеді. Нағыз жаңғыртудың орнына ел шығындардың, инфляцияның және әлеуметтік осалдықтың өсуіне тап болды. Тарифтердің өсуі халық пен бизнеске қысымды күшейтті, ал жоғары пайыздық саясат несиелеу стагнациясын және тұтыну төмендеуін ушықтырды».
Рахымбек Әбдірахмановтың пікірінше, бүкіл осы жағдай Қазақстанда мемлекеттің шешім қабылдауда бірнеше монополияға тәуелділігінің күшеюіне әкелді. Олар халық есебінен артық табыс табуда.
16 қазанда үкіметте Президенттің тапсырмасымен жасалған дағдарысқа қарсы жоспар жарияланды. Жоспар аясында АИ-92 бензині мен дизель отынына бағаның өсуіне мораторий, сондай-ақ 2026 жылдың наурызының соңына дейін коммуналдық тарифтерді уақытша тоқтату қарастырылған.
Жаңалықтар
- Қазақстанда миллион теңгеден асатын жалақыны кімдер алады?
- Еліміздің ірі үш қаласында ауа температурасы +48 градусқа дейін ысиды
- Президент тапсырмасы: «Алматы – Қаскелең» жолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі
- Екі аптада 33 мың жедел жәрдем: Алматылықтар аптап ыстықпен қалай күреседі?
- Стамбұл соты Биньямин Нетаньяхуды қамауға алуға халықаралық ордер шығарды
- Ақтөбеде кісі өлтіріп, денесін қоқыс алаңына тастаған адам 14 жылға сотталды
- Бюджетке 730 миллиард теңге салық неге түспеген?
- Құрылтай сайлауына жеті партиядан кандидаттар тізімі қабылданды
- Тоқаев заңға қол қойды: Суррогат ана қызметі мен мәслихатта не өзгерді?
- Стамбұлдағы адам өлімі: Үш елде арнайы операция өтті
- СҚО-да жантүршігерлік жол апатынан сегіз адам зардап шекті, оның алтауы бала
- Трамп Ормуз бұғазындағы кемелерге ақы енгізу ұсынысынан айнып қалды
- Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға 34,3 млрд теңге бөлінді
- Жамбыл облысында аурухана қызметкерлері кәріз құдығына түсіп, екі адам қаза тапты
- Қырғызстан мұнай мен мұнай өнімдерін елден шығаруға уақытша тыйым салды
- Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды
- Атырауда қайын жұртын қырып салған күйеу бала өмір бойына бас бостандығынан айырылды
- Абай облысында пышақталған қыздың мәйіті табылды
- МӘМС-пен тегін жасалатын ота үшін 8 млн теңге алған хирургтің ісі сотқа жолданды
- Астана маңындағы демалыс базасында ер адам өлім аузынан қалды