Елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

cover

28 маусым – Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Бұл – қоғамдағы маңызды ақпарат ағынын қамтамасыз ететін, қоғамдық пікір қалыптастыратын және билік пен халық арасындағы байланысты нығайтатын мамандардың кәсіби мерекесі, деп хабарлайды Orda.kz.       

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым ресми түрде БАҚ қызметкерлері күні болып бекітілді. Бұл шешім журналистиканың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиасала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол журналистердің ел өміріндегі маңызды рөл атқаратынын және қоғамға ең өзекті мәселелерді ашық талқылауға көмектесетінін атап өтті.

«Журналистердің басты миссиясы – қоғамды ақпараттандыру, халықтың мұң-мұқтажы мен ой-пікірін жеткізу. Сіздер елді толғандыратын ең өзекті мәселелерді көтеріп, халық мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Озық жаһандық технологиялар дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарына халықты жедел, сапалы әрі шынайы ақпаратпен, объективті сараптамамен қамтамасыз ету секілді абыройлы міндет жүктеледі. Мемлекет ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деп атап өтті мемлекет басшысы. 

Президент сондай-ақ журналистер қоғамда «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын нығайтуға және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын насихаттауға үлес қосып жатқанын айтты.

Дәстүр бойынша бұл күні үздік мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бірқатар сала өкілдеріне жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Қазіргі уақытта БАҚ қызметкерлеріне баспана беру жұмыстары өңірлерде де жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Бүгінде журналистер тек газет редакцияларында немесе телеарналарда ғана жұмыс істемейді. Олар оқиға орнынан тікелей эфир жүргізіп, репортаждар түсіріп, резонансты оқиғаларды зерттейді, кейде өз қауіпсіздігін тәуекелге тігеді. Соған қарамастан, бұл мамандықта адалдық, жауапкершілік және аудитория сенімі бұрынғыдай басты құндылық болып қала береді.

Осы орайда Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, журналистиканың қоғамды дамыту мен азаматтардың сенімін нығайтудағы негізгі рөлін атап өтті.

«Ақпараттық сала бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеруде. Жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, дипфейктер және орасан зор деректер ағыны журналистің дәстүрлі жұмысын өзгертті. Алайда ең бастысы өзгермейді – бұл аудиторияның сенімі, қоғам алдындағы адалдық және жарияланған әр сөз үшін жауапкершілік» деп жазды ведомство басшысы Facebook парақшасында. 

Министр сондай-ақ 1 шілдеден бастап Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басатынын, жаңа Конституция күшіне енетінін атап өтті. Бұл құжат заң үстемдігін, азаматтардың құқықтарын қорғауды және мемлекеттік институттардың ашықтығын бекітеді.

Оның айтуынша, бұл медиасала үшін сөз бостандығына конституциялық кепілдіктер, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығы, жеке деректерді қорғау және қоғамдық кеңістіктегі жауапкершіліктің артуы арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады.

Аида Балаева журналистерге конституциялық реформаны түсіндіруге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, жаңалықтар, сараптамалық материалдар, сарапшылардың жарияланымдары мен тікелей эфирлердің арқасында азаматтар жүргізіліп жатқан өзгерістердің мәнін тереңірек түсіне алды.

«Бүгінде журналистік қауымдастықтың алдында жаңа міндеттер тұр. Дезинформация мен манипуляциялар кең таралған жағдайда кәсіби медиа тексерілген ақпараттың, сапалы сараптаманың және жауапты қоғамдық диалогтың сенімді көзі болып қалуы тиіс», – деді министр. 

Сонымен қатар Аида Балаева соңғы үш жылда Астанада 200 журналист баспанамен қамтамасыз етілгенін айтты. Биыл еліміз бойынша, оның ішінде өңірлік БАҚ өкілдерін қоса алғанда, тағы 66 ақпарат саласының қызметкеріне пәтер беріледі.

Қазақстанда медиа саласы соңғы жылдары айтарлықтай кеңейді. Ашық деректерге сәйкес, елде шамамен бес мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 70%-дан астамы – жеке (жекеменшік) БАҚ, шамамен 30%-ға жуығы – мемлекеттік немесе мемлекет қатысатын медиа ұйымдар.

Айта кетсек, Қазақстанда журналистердің кәсіби құқықтарын қорғап, саланың дамуына үлес қосатын бірнеше ұйым бар. 

Олардың қатарында Қазақстан Журналистер одағы, Медиа альянс, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы бар. Бұл ұйымдар журналистердің құқықтарын қорғау, медиа сауаттылықты арттыру, кәсіби стандарттарды дамыту және тренингтер өткізу бағытында жұмыс істейді.

Қазақстанда журналистика саласы құрылымдық жағынан дамып, институционалдық тұрғыда нығайып келеді. БАҚ санының артуы, кәсіби ұйымдардың белсенділігі және мемлекеттік қолдау шаралары – осының айғағы.

Дегенмен, саланың толыққанды дамуы үшін сөз бостандығын кеңейту, тәуелсіз медианы қолдау және журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғаса беруі тиіс.

БАҚ қызметкерлері күні – тек мереке ғана емес, ол қоғамдағы ашықтықтың, әділдіктің және шынайы ақпараттың маңызын еске салатын күн.

Мереке құтты болсын, әріптестер!

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар