Досымды өз қолыммен жерледім: 102 жастағы ҰОС ардагері Солтанбай атаның соғыстағы оқиғасы
Фото: Orda.kz
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Солтанбай Жарықбасов мектеп қабырғасынан майданға аттанады. Солтанбай ата өзінің әкесі, ағасы үшеуі бірге соғысқа аттанған. Ол Қытай жерін Жапоннан азат етуге атсалысқан жауынгер болған. Ардагердің үйіне Orda.kz тілшісі барып қайтты.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тұратын соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов қазір 102 жаста. Ғасыр жасаған қария өмірлік зайыбы екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған 79 немере мен шөбере бар. Қан майданнан аман-есен оралып, туған ауылында ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық еткен ардагер әлі күнге дейін атқа мініп, көлік жүргізеді.
Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылы кеңес әскерінің қатарына алынып, Забайкалье майданында 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында жапондарға қарсы шайқасты. Ол 1-ші батальонының 1-ші ротасында пулемет бөлімшесінің командирі болды.
«Машиналардың бәрі бензинсіз, жаяу Хинган тауымен 1-ші батальонның 600 адамы жаяу кетті. Ары Жэхэ дейтін қала бар. Сол бағытқа бізді жіберді. Ал біздің пулемет 70 келі. Хинган тауы биік, ешқандай рация істемейді. «600 адам, батальон құрыды» деп жаяу 10 күн жүрдік. Сол жерде кешке таман соғыс болды. Менің көмекшім татар жігіті еді, сол жерде қаза тапты.
Солтанбай Жарықбасов Ташкент қаласында кіші командирлер курсын тәмамдайды. Кейін Забайкалье майданында 25-ші механикаландырылған бригада құрамда пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып қызмет етеді.
«1943 жылы 1 мамырда әскерге алып кетіп, бізді Моңғолияға түсірді. Жапондар Қытайдың жерін басып алған. Сол жерде Жапонның 1 миллион әскері тұрды, бізді соларға қарсы қойды. Соғысқа әкем мен екі бауырымды да бірінен кейін бірін алып кеткен, мен төртінші болып соғысқа аттандым. Ауылда анам кішкентай қарындасыммен жалғыз қалды», - дейді Солтанбай ата.
Қытай жерін жапондардан азат еткен соң қазақ жауынгері Соловенский әскери бөліміне қайтып оралған. Бұл сержанттық құраманы тек 1950 жылы ғана елдеріне қайтарған. 18 жасында соғысқа аттанған Солтанбай Жарықбасов 25 жасында туған жеріне табан тірейді.
«Соғыстың жеңілі болсын ба... менің есімнен кетпейтін бір оқиға, пулеметке оқ беріп тұратын досым татар бала қайтыс болды. «Солтанбай, мен анамның жалғыз баласымын. Егер мен қаза болсам соған хабар айтарсың» дейтін. Сол досым қаза тауып, өз қолыммен жерледім. Жанымды ауыртып, әлі күнге көз алдымнан кетпейтін оқиға сол болды», - дейді ардагер.
Солтанбай атаның әкесі соғыстан мүгедек боп оралады, ал екі ағасы соғыста қаза табады.
«Мен соғысқа шығарып салатын адам болған жоқ. Сол кезде «балам көп болса екен» деп Алладан тілегенім бар. Аллаға шүкір тілегім қабыл болды, 8 баламнан 79 немере, шөберелі болдым», - дейді қария.
Солтанбай ата пулеметшілер арасында жеңімпаз атанып, 45 оқтың 43-ін нысанаға дәл тигізген мерген болған.
Соғыстан кейін туған ауылына оралып, ұстаздық жолды таңдайды. Алдымен Түрген ауылындағы педагогикалық училищені, кейін Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітіреді.
Тарих пәні ол үшін тек сүйікті сабақ қана емес, өмірлік миссиясына айналған. Солтанбай Жарықбасов Қазақстан тарихына қатысты материалдарды өмір бойы жинап келеді.
«Мұғалім болып жүргенде Алға ауылынан 15 шақырым жердегі Қызылту ауылына екі жылдай жаяу жүріп сабақ бердім. Зейнетке шыққан соң да жата алмадым. Мектеп, жол салуға, мешіт салуға жанталасып кірістім. Талай жыл оқушының жағдайын ойласам, одан кейінгі жылдарымды ауылыма арнадым», - дейді соғыс ардагері.
Солтанбай ата 97 жасында тұңғыш шөбересін перзентханадан өз аяғымен барып шығарып алған. Ардагердің есте сақтау қабілеті әлі де жақсы, «барлығы балаларымның күтімінің арқасы» дейді ол. Әлі күнге көлік жүргізіп, фазендадағы шаруасын күнделікті таңертең бір бақылап келетін әдеті бар. Тіпті қалжыңдап, екінші рет үйленбегеніне өкінетінін де айтып қалды.
«85 жасымда кемпірім дүние салды. Жалғыз қалдым. Сол кезде тағы да үйленсем болар еді, бірақ мына 8 балам ол әйеліме жан-жақтан тиісе ме деп бас тартып ем, қазіргі күні қап деп санымды соғамын», - деген ардагер күлкіге қарық қылды.
Солтанбай атаның жасы 102-ге қарады. Ол ұзақ жылдар бойы Байтерек ауылдық округінің ақсақалдар кеңесін басқарды. Оның педагогикалық білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті қоғамдық жұмыстарда ерекше бағаланды. Туған өңіріндегі ауылдардың әлеуметтік дамуына және жастар тәрбиесіне қосқан үлесі зор.
Оқи отырыңыз:
- Қалқаман-2 сүріле ме? Тұрғындар өздері шақырған журналистерді талқылауға қатыстыра алмады
- Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорнында жарылыс: Премьер-министр тапсырма берді
- Тісін емдеймін деп барып, ажал құшқан жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық