БҰҰ-ның жасанды интеллект жөніндегі алғашқы саммитінде еліміздің жетістіктері таныстырылды
Бейнеден кадр
Қазақстан Үкіметінің делегациясы БҰҰ-ның жасанды интеллектті басқару мәселелері жөніндегі алғашқы Жаһандық диалогына (Global Dialogue on AI Governance) қатысуда, деп хабарлайды Orda.kz.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев бастап барды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары негізінде ұйымдастырылған бұл іс-шараға мемлекеттердің, бизнес өкілдерінің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамның өкілдері қатысып, XXI ғасырдың ең ықпалды технологияларының бірі – жасанды интеллектті реттеудің ортақ тәсілдерін қалыптастыру мәселесін талқылауда.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, қазіргі ұрпақ – адамзат пен машиналардың қатар өмір сүру қағидаларын қалыптастыруға мүмкіндігі бар соңғы буын. Ол сондай-ақ жасанды интеллектке байланысты тәуекелдердің артып келе жатқанын ескертіп, оны реттеу бойынша шұғыл жаһандық шаралар қабылдауға шақырды.
Цифрлық күн тәртібін және жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегияларын белсенді түрде дамытып жатқан Қазақстан үшін мұндай халықаралық диалогқа қатысу ерекше маңызды.
БҰҰ саммитінде сөз сөйлеген Жасұлан Мәдиев Қазақстанның БҰҰ-ны алмастыруға болмайтын халықаралық ұйым ретінде бағалайтынын және Бас хатшы Антониу Гутерриш бастамашылық еткен реформаларды қолдайтынын атап өтті.
«Осы тұрғыда біз БҰҰ жүйесімен, оның ішінде Женевада орналасқан мекемелермен өңірлік цифрлық бастамаларды ілгерілету бағытындағы әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Биыл сәуір айында БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) Алматыда Тұрақты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру туралы қарарды консенсус арқылы қабылдады.
Осыған байланысты Қазақстан мүдделі мемлекеттерге Орталықпен үйлестіре отырып, ұлттық сарапшыларын Цифрлық шешімдер орталығына жіберу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Біздің ойымызша, бұл орталық өңір бойынша жаңа цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу мен кеңінен енгізуге арналған тиімді алаңға айналады.
Алматыда орналасатын БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығымен бірлесіп, бұл платформалар өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыруға қолдау көрсетеді», – деді Мәдиев.
Сонымен қатар, министр бұл тақырыптың Қазақстан үшін тікелей практикалық маңызға ие екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ұлт қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойды. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Қазақстан әлемдік деңгейдегі мемлекеттік цифрлық технологиялар инфрақұрылымын қалыптастырды. Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан – 2029» ұлттық стратегиясын бекітті.
Бұл стратегия Қазақстанның дамыған электрондық үкіметтен жасанды интеллект технологияларын кеңінен пайдаланатын мемлекетке көшуін білдіреді. Мұнда технологиялар азаматтардың игілігіне қызмет етіп, мемлекеттік институттарды нығайтып, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан үшін жасанды интеллектті инклюзивті басқару ең алдымен практикалық үйлесімділікті білдіреді. Біздің еліміз ынтымақтастыққа ашық. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге, бірлескен пилоттық жобаларды іске қосуға және жасанды интеллектті басқарудың өзара үйлесімді тәсілдерін әзірлеуге дайынбыз», – деді Жасұлан Мәдиев.
Еске сала кетейік, Женевада 6–7 шілде күндері өтіп жатқан бұл іс-шара Ақпараттық қоғам жөніндегі дүниежүзілік форуммен (WSIS) қатар ұйымдастырылып, 7–10 шілдеде өтетін «Жасанды интеллект – игілік үшін» жаһандық саммитінің (AI for Good Global Summit) алдында өткізілуде. Осылайша, осы аптада Швейцарияның Женева қаласы жасанды интеллект мәселелері бойынша халықаралық пікірталастардың басты орталығына айналды.
Жексенбі күні Жасұлан Мәдиев Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен кездесу өткізді.
Бұған дейін президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.
Жуырда ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия отырысында Үкімет жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуіне күш салатыны айтылды.
Жиында The Walt Disney Company, Pixar және Sony Pictures студияларының қазақ тіліне дубляждалған балалар фильмдерін еліміздің барлық өңірінде кең прокатқа шығару мәселесі көтерілді. Қазақ тіліндегі фильмдер бүкіл елге қолжетімді болуы тиіс.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық