«Бұл біздің тема»: Шерзат сотында алты куәгерден жауап алынды

cover Фото: Orda.kz

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтті. Алты куәгерден жауап алынды, олардың арасында Эльмира Нұрбекова да болды. Оның берген жауабы қайшылықтарға толы болып шықты. Сотта не болғаны — Orda.kz репортажында.

Нұрбекованың берген жауаптары бір-біріне қайшы шықты. Бұған дейін тергеу кезінде куәгер мылтықты сақалды ер адамның қолында көргенін айтқан еді ал бүгін ол адамның  Шерзаттың қайтыс болған ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қолынан көргенін растап берді. Сонымен қатар, сотта Нұрбековаға неге жедел жәрдем шақырмадың деген сұраққа телефонның байланысы ол жерде нашар болды деген еді. Алайда бұгін сот залында «қолымда телефон болмаған» деп жауап берді.

Прокурор сұрақтарының бірі Нұрбекованың оқиға болған түні қарулы бір топ еркектермен бірге болуға қорықпай бірақ 102-ге хабарласудан қорқып, жәбірленушінің анасына көмек көрсетпегені жайлы сұрақты төтесінен қойды.  Нұрбекова жауап ретінде тек «қорықтым, бұл мен үшін бірінші рет болды» деп қысқа қайырды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев куәгер Нұрбекованың жауаптарындағы қайшылықтарға назар аударып, оның жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.

Шекеевтің айтуынша, Нұрбекованың берген жауаптарында айтарлықтай қайшылықтар бар, сондықтан жауап беру аяқталған соң тиісті өтініш хат түсіріп, сот оған қатысты шешім қабылдауы мүмкін. Журналистер «Нұрбекованың статусы күдіктіге ауысуы мүмкін бе?» деп сұрады.

«Мүмкін, бірақ нақты айта алмаймын, бірақ солай болуы да ықтимал», — деп пікір білдірді Шекеев.

Адвокат куәгердің бастапқыда мылтықты жас бала ұстап тұрғанын айтқанын, бірақ кейін бірнеше рет басқаша жауап бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Шекеев Нұрбековаға қатысты 6 тергеу әрекеті жүргізілгенін және ол сұрақтарға қазақ тілінде жауап бергенін де назарға алуды айтты.

Адвокат, сондай-ақ, қару кімде екенін сұрауға қатысты пікір білдірді. Ол сот тергеуі жаңа басталғанын, қазіргі уақытта алдын ала қорытынды жасау мүмкін емес екенін атап өтті. Әр тарап өзіне қажетті сұрақ  қойып жатқанын жеткізді.

Осы істің екінші негізгі куәгері, 1999 жылы туған Дана Жақсыгелді сотталушылардың басым көпшілігін танитынын айтты.

«Бізді Равиль мейрамханаға шақырды. Алдымен дастархан басында отырдық, кейін Эльмирамен бірге биге шықтық. Біраздан соң бізге Нұрбол қосылды. Мейрамхана жабылған соң, біз де сыртқа шықтық. Жігіттер бізді үйге жеткізіп салуды ұсынды. Жолда дүкенге соғамыз деді. Бір дүкеннің алдына тоқтадық, темекі алу үшін көліктен түстік. Дүкенге кіргенімізде сатушылар ештеңе сатпаймыз, сыртқа шығыңдар деді. Сыртқа шыққанда жанжал басталып кетті. Сол кезде сақалды жігіт мылтық шығарып, оқ атты. Кейін көлікке қайта отырғанымызда, Абзалдың мылтықты көліктің алдыңғы орынына қойғанын  көрдім», — деді Дана.

Сонымен қатар, куәгер Шынасылдың қолындағы пышақты энергетикалық сусын құйып, жууға көмектескенін де атап өтті.

Сот отырысында адвокаттар «Дана Жақсыгелдінің пышақтағы саусақ іздерін жасыруға қатысы болуы мүмкін бе?» деген мәселені анықтауға тырысты. Тергеу барысында олар одан: «Абзал Шынасылмен бетпе-бет кездесу кезінде бұл туралы айтқанын есінде ме?» деп сұрады. Куәгер бұл әңгімені растады.

Оқиға болған соң, Дана Жақсыгелді мен топ Рысқұлов ауылына қарай бет алған. Оның айтуынша, біреу Нұрқиясқа хабарласып, оларды сол жерге шақырған болуы мүмкін. Жолда тағы да тоқтаған. Сол кезде айыпталушы Шыңғыс Белғожаев көліктен пышақ пен қаруды алып шыққан. Бірақ, куәгердің айтуынша, біраз уақыттан соң ол көлікке қайтып келгенде, қолында не пышағы, не қаруы болмаған.

Төрт куәгердің жауабы

Елдаш Розыбақиев

Елдаш Розыбақиев сотталушылар Абзал Шынасыл мен Нұрқияс Ілиясовты ғана танитынын, қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді.

Шынасыл мен Ілиясов куәгер Елдаш Розыбақиевті оқиға орнына шақырған. Ол төбелес болғанын естіп, сол маңға төбелес аяқталғанда барған. Оқиға орнында жерде жатқан екі адамды көріп, оларды көлікке көтеріп салғанын айтты. Көлік жүріп кеткен соң, ол да артынан ерген. Көлікте Нұрқияс Ілиясов пен Абзал Шынасылдың әңгіме барысында «Бұл біздің тема» деп айтып жатқанын естіген. 

Артынша, куәгердің досы Арлан сотталушы Нұрқиясқа хабарласуды ұсынған.

«Арланның көлігіне отырып, ауылға қарай кетіп, Нұрқиясты алып кету керегін айтты. Келіп едік 6-7 адам жүрді. Ол жерде Гольф және қара түсті Мерседес көлігі болды. Келіп амандаса бастадық. Қараңғы болды, Нұрқияс көлікте күтіңдер деді. Бес минуттан кейін бізге келіп “кеттік” деді. Біздің көлікке Абзал Шынасылов пен бейтаныс қыз отырды. Төмен қарай кеттік. Мерседес көлігі біздің артымыздан келе жатып, бір кезде жоқ болып кетті. Сосын Нұрқияс “бұрылып, Мерседестің ізіне түс” деді. Абзал, Нұрқияс пен бейтаныс қыз көліктен шығып кетіп, Равиль мен тағы бір бейтаныс біздің көлігімізге отырды. Біз төмен қарай түстік, Мерседестің артынан келдік, сол жерде полицейлер жүрді», — деді куәгер.

Куәгер көлікте сотталушылар отырған кезде олардың әңгімесін тыңдамағанын айтты.

«Сотталушылардың іске қатысы барын білмедім. Көлікте отырған кезімізде Шынасыл Абзал “ештеңе айтпаңдар” деді», — деп түйіндеді Розыбақиев.

Арлан Қазыкенов

 

Куәгер Арлан Қазыкенов те Шынасыл мен Ілиясовты таныған. Ол да төбелес болғанын естіп, оқиға орнына келгенде Ілиясовқа Шерзат пен Нұрқанаттың көшеде қансырап жатқанын айтқан. 

Куәгер сотталушылардың арасында тек Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты.

«Достарымызбен әкімдік алдында тұрғанда сол маңда тұрған бір жігіттің анасы хабарласып, төбелес болып жатқанын айтып, ол жаққа бармаңдар деді. Соған қарамастан Біз 7-8 бала болып 'Қамажай' дүкеніне бардық. Сол жерде екі адам жерге құлап, қиналып жатты. Көліктен түскенде бір әйел жердегі гильзаны алып, ал Қаржаубай (Шерзаттың әкесі) баланы көлікке салып алып кетті. Біз көршілермен сөйлесіп тұрдық, кейін Нұрқиясқа хабарластым. Ол ештеңе білмейтінін айтты да, 'Мен ауылда жүрмін, мені де алып кет» деді.

Кейін Ілиясов оған хабарласқанын айтты.

«Қайда екенімді сұрады, мен көлігімді басқа көлік жауып қойғанын айттым. Сосын Елдаш Розыбақиевпен Рысқұлов ауылына бардық. Шамамен төбелес болғанын білдік, бірақ кімнің, қалай ұрғанын білмедік. Ауылға барған соң Нұрқиясқа хабарласқанда, ол “Теңіз” дүкенінің қасында екенін айтты. Біз сол жерге келгенде, нөмірі алынған Мерседес пен Гольф көліктері тұрды. Нұрқияс бізден жолдан тастап кетуді сұрады. Көлігіме Нұрқияс, Абзал және бір қыз отырды, бірақ оның есімін есімде сақтай алмадым. Мерседес пен Гольф көліктері артта қалды. Біз біраз күттік», — деді куәгер.

Кейінірек Нұрқияс Равильді (сотталушыны) сабырға шақырып, Арланның көлігіне отырғызған.

«Кейін Мерседестің артынан жүрдік. Бір кезде Нива келіп тоқтады. Біз бәріміз бір жерге тоқтап, сол жерде полиция қызметкерлері бізді ұстады», — деді куәгер Арлан Қазыкенов.

Арлан өз сөзінде сотталушылар көлікте қандай әңгіме болғанын естімегенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы куәгердің тергеу кезіндегі жауабын оқып берді:

«Нұрқияс бір сөзінде “бұл жағдай біздің тема'” деп айтты, сол кезде олардың төбелеске қатысы барын түсіндім», — деді куәгер прокурордың сұрағына.

Арлан Қазыкеновтің айтуынша, сотталушылар Абзал мен Нұрқияс мас  болған.

Әбдіқадір Самат

Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Әбдіқадір келіп, сұрақтарға жауап берді.

Самат Әбдіқадірдің айтуынша, сотталушы Дидар Қалиахмет оның бөлесі. Ол оқиғаның қалай болғанын былай түсіндірді.

«Сол күні мен, бауырым Дидар Қалиахмет және досымыз Дәулет моншадан шықтық. Бірден дүкенге кірдік, онда бір топ бала тұрды. Жарық түсетін прожектор бізге қарай бағытталғандықтан, біз оларды көрмедік. Дидар мен Дәулет өтіп кетті, артынан біреу келіп амандасты. Бұл Нұрқанат Ғайыпбаев еді. Ол “ерегеске келдіңдер ме?” деп сұрады. Мен “жоқ, біз шалмыз ғой, көлікке келдім” деп жауап бердім. Нұрқанатты сол күні алғаш рет көрдім. Сосын біз дүкенге кіріп, сыра алғымыз келді. Сатушы болмады, бірақ Дидар сатушыны шақырып еді, Қаржаубай аға кірді. Мен ақша шығарып төлей бастадым, сол кезде сырттан дауыстар естілді. Қаржаубай аға “сатпаймын, жігіттер” деді. Біз сыртқа шығып, көлікке отырдық. Көлігіміздің артында Мерседес тұрды, ол бізді жауып тастапты. Біз көлікті алып шығып кеттік», — деді куәгер.

Самат Әбдіқадір оқиға орнында төбелес болғанын байқамағанын айтады.

«Нұрқанат та, Қаржаубай аға да байсалды сөйлеп тұрды. Сыртта 7-8 адам болды, бірақ олардың қолында қару не басқа бір нәрсе болған жоқ, олардың түрін де көрген жоқпын. Кейін көлікке отырдық та, сол кезде “тақ” еткен қатты дауысты естідік. Дидар түсіп кетті. Мен де көліктен түсіп, “Дидар” деп айғайладым. Ол қайтып келіп, біз көлікке отырып, кетіп қалдық», — деп түсіндірді куәгер Самат Әбдіқадір

Дәулет Мұратов

 

Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша сотта жаңа куәгер, сотталушы Дидар Қалиахметтің бауыры Дәулет Мұратов жауап бере бастады.

Дәулет Мұратовтың айтуынша, олар моншадан шығып, дүкенге келгенде әлдекімдер Дидар Қалиахметті капюшонынан тартып әкеткен. Мұратов оқиғаның одан әрі қалай өрбігенін былайша баяндады.

«Сол кезде біреу “бұлар дүкенге келген адамдар, олардың қатысы жоқ” деді.  Сосын мен көлікке отырдым, артымда қара Мерседес тұрды. Кейіннен көлікке екі ағам Самат пен Дидар келіп отырды. Бір кезде бір дауыс естіліп, көлікті тоқтаттым. Сол сәтте Дидар ағам түсіп кетті. Ол 2-3 минут шамасында оралып, біз кетіп қалдық», — деді Дәулет Мұратов.

Олар дүкенде болған кезде сатушының болғанын, ал артынша бір бала мен екі қыздың дүкенге кіргенін айтты. Мұратовтың айтуынша, олардың арасында ешқандай ерегес болмаған, тек сыртта айғай-шу болып, дүкеннен шығуды сұраған.

«Ерегесті байқамадық. Біз кіргенде олар бізге “шығыңдар” деп айтты. Сыртта оншақты бала болды. Айғай-шу болды. Мен сыртқа шыққанда ағам “Дидар, көлікте отыр” деді. Дидарға ешкім хабарласқан жоқ. Тек сыртта шу болып кеткендіктен көлікті тоқтат деді», — деді куәгер.

Сот отырысы 29 сәуір күні жалғасады. Orda.kz сот отырысын әрі қарай баяндайды. Сот залынан тікелей эфирді біздің YouTube-арнамыздан көре аласыздар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар