Брифингте Көлгінов не айтты?

cover

Бүгін, 9 желтоқсан - халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні. Қазақстан халқы үшін жемқорлықты еске салатын LRT жобасы орналасқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов брифинг өткізді. Брифинг екі сағатқа созылғанымен, 25 минут бойы баяндама жасаған әкім жеме- жемге келгенде, ең маңызды мәселелерге қатысты сұрақтардың нақты жауабын берген жоқ.

Атап айтсақ, ол Astana-LRT жобасына қатысты сұраққа, қалаға қашан газ келеді деген сұраққа және 2016 жылдан бері ақылы автотұрақтың паркоматтарын орнатып жүрген (әкімнің айтуынша, олар заңсыз орнатқан) компания осы уақыт ішінде халықтан қанша теңге жинап алды деген сұрақтарға жауап бере алмады. Сонымен қатар, мұз қалашығына, Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекесін тойлау үшін қанша қаражат бөлінді деген сұрақтар да жауапсыз қалды. Алтай Көлгінов тіпті не «ия», не «жоқ» деп қана жауап беруге болатын ештеме дей алмады. Есесіне, тікелей қала әкімдігіне бағынатын екі ақпарат құралының сұрағына әкім шамамен 7-8 минут бойы жауап беріп, уақыт ұтты.

Сонымен, астана әкімі Алтай Көлгіновтің брифингінен белгілі болған маңызды мәселелерге тоқталсақ.

 «LRT жобасы халыққа керек пе?»

Биыл күзде Нұр-Сұлтанда Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру» фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтап, сот басталған болатын. Сот әлі жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 7 адамды соттау керек дейді. Ал, жоба басталған кезде әкімнің орынбасары болған Қанат Сұлтанбек пен «Астана LRT» ЖШС-ның басшысы болған Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстан үкіметі жобаны жол ортада тастап кеткен осы екі тұлғаны әзірге ұстай алмай отыр.

Бүгін әкім «Астана LRT» жобасының құрылысы әзірге тоқтап тұрғанын, бірақ, басталған істі аяқтау керегін айтты.

«LRT-ға қатысты сұрақтар көп. Бұл бірнеше жыл бұрын басталған қиын жоба. Көп инженерлік желі салынып қойды. Ақша жұмсалғаны рас, «Астана банкі» лицензиясынан айырылған соң проблема басталды, сондықтан, банктермен келіссөздер тоқтап тұр», - дейді Алтай Көлгінов.

Ал, қала әкімдігі мүддесін алға жылжытып жүрген жобаның түпкі  пайда табушысы кім, неге құнды қағаздардың бәрі доллармен жасалып жатқаны, жобаға керек деп алынған қарызды қандай көзден қайтару көзделіп отырды, жоба неше жылда өзін өзі ақтайды деген сұрақтарға Алтай Көлгінов жауап берген жоқ.

«...бұл елорда тұрғындары мен қонақтар үшін жасалып жатқан жоба ғой. Сіз соңғы пайда табушы деп нені меңзеп тұрғаныңызды түсінбедім, бұл жеке азамат үшін емес, қалалық инфрақұрылымдық жоба болып саналады», - дейді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, компанияны иеленген жағдайда, соңғы  пайда табушы (бенефициар) дегеніміз сол компанияны игеруден ақшалай немесе басқа да пайда көретін компанияның нағыз иесі деген сөз.

Бірақ, қазір құр бетондары ғана қаңырап тұрған жобаны елорда тұрғындары үшін салып жатырмыз деген әкім « жобаға қатысты халықтың пікірін білу үшін сауалнама жүргізесіздер ме?» деген сұраққа жауап берген жоқ. «Елорда тұрғындары арасында LRT жобасы керек пе, жоқ па деген сауалнама жүргізесіздер ме? Бір сөзбен, не ия, не жоқ деп жауап беруіңізді сұраймын» деген журналистке әкім кері сауал жолдады:

«Сіздіңше, жоба керек пе?»

Жоқ, деген журналист Бағдат Асылбек әкімнің жауабын күтті.

«Сауалнама жүргіземіз ба?», - деген сұраққа бір сөзбен жауап бере алмаймын, - деді әкім.

Газдандыруға қатысты да сұрақтардың жауабы осы тектес болды. Яғни, газдандыру жобасы қағаз жүзінде бар, бірақ, іс жүзінде қаладағы жер үйлері көп ешбір ауданға газ тартылмаған. Яғни, әкім айтқандай, «газ тартылған соң, қала түтіннен құтылады».

Әкімдік шыршаны қашан жағады және мұз қалашыққа бөлінген қаражат неге ашық айтылмады?

Көлгіновтің бір нақты айтқан жауабы – қаланың бас шыршасы Тәуелсіздік күнінен кейін жанады. Әкімдік биыл жаңа шырша алмай-ақ, былтырғы шыршаны орната саламыз дейді. Ал, мұз қалашық салу үшін қала бюджетінен неше теңге бөлінгені белгісіз. Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының әкімдігі мұз қалашық пен сырғанақ салуға 80 миллион теңге бөлгенін жазған. Бүгін журналистер аудандарды қоса алғанда, әкімдік мұз қалашық үшін неше теңге жұмсайтынын сұрады. Тағы да жауап болмады.

«...Шыршаны тәуелсіздік күнінен кейін безендіреміз. Жаңа шырша сатып алмаймыз. Бұрынғы шыршаны қолданамыз. Мұз қалашыққа әр ауданның өз бюджеті бар, қазір айта алмаймын, жазбаша жауап берейік», - деді Алтай Көлгінов.

Өзі басқарып отырған қаладағы әкім білмейтін проблема бұл ғана емес болып шықты. Естеріңізге сала кетейік, бір ай бұрын қаланың бүкіл ауданында орнатылған ақылы автотұрақ паркоматтары заңсыз деп танылып, әкімдік «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-ін сотқа берген болатын. Әкім оларды «әкімдікпен кейбір мәселелерді келіспеді, паркоматтар қоюға рұқсат алған жоқ» деп айыптап отыр. Бірақ, ең қызығы, соңғы бір жарым жыл ішінде жекеменшік компания қаланың барлық аумағына паркомат орнатып жатқанда, әкімдік оған көз жұма қараған. Ал, қарапайым халық заңсыз орнатылған паркоматқа ақша төлеп жүрген. Алтай Көлгінов заңсыз қызмет еткен компания халықтан неше теңге ақы жинап алғанын, заңсыз алынған ақша болған соң, ол көлік иелеріне қайтып беріле ме деген сұрақтарды да жауапсыз қалдырды.

Тіпті, қала тұрғындары заңсыз орнатылған атвотұрақтың ақысын төлемегені үшін айыппұл арқалаған. Бізге сұхбат берген қала тұрғыны автотұрақ ақысын бес күн өтемегені үшін 32 мың теңгеге жуық айыппұл төледім дейді. Оның айтуынша, паркоматтың жазулары өте ұсақ әрі ақылы автотұрақ қай жерден басталып, қай жерден аяқталатыны да жазылмайды.

«Іліп қойған ескертулері көзге көрінбейді, ұсақ әріптермен жазылған. Ақылы атвотұрақ қанша метр жерді қамтитыны нақты жазылмаған. Көлігіңді қоясың, артынан айыппұл келіп тұрады. Ақылы атвотұрақ екенін білмей, көлігімді бір орынға 5 күн қойып, 32 мың теңге айыппұл төледім», - дейді.

Ол айыппұлды да, бес күннің ақысын да төлеген. Сымбат сияқты заңсыз автотұрақтың ақысын төлеген қала тұрғындары көп.

«Біз сотқа бердік, жағдай сот шешімінен кейін белгілі болады» деген әкім заңсыз алынған ақының сомасын, ол кері қайта ма деген сұрақ бірнеше рет қойылса да жауап берген жоқ.

«Мен пиарға мұқтаж емеспін...»

Елде карантин күшейіп тұрғанда шахматшы Дәурен Сәдуақасовтың компаниясына әкімдіктің жағымды имиджін қалыптастырып, әлеуметтік желідегі жазбаларға позитивті пікір қалдыру үшін 125 миллион теңге бөлініп кеткен соң, әкім осындай шешім қабылдаған. Оның үстіне, Алтай Көлгінов әкімдіктің қызметкерлері бұндай лот жариялап жатқанын білмеген-мыс. Сондықтан, басқарма басшысын «тауып», осындай лот жариялаған адамды жазаладым дейді.

«Біз имиджге мұқтаж емеспіз. Мына лот жойылды, конкурс өткен жоқ. Биыл да имидж үшін қаражат бөлген жоқпыз, келесі жылы да бір тиын бөлмейміз», - дейді.

Бірақ, Алтай Көлгінов мемлекеттік бағдарламаларды, әкімдіктің әлеуметтік-экономикалық саясатын насихаттау үшін БАҚ пен компаниялар арасында конкурс өтіп тұратынын бірден ескертті. Яғни, БАҚ-қа тапсырыспен материал жаздыру пиарға жатпайды дейді әкім.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке 31 журналист сұрақ қойғысы келді. 20 журналист сұрақ қойып үлгергенмен, арасында біразы, айтып өткеніміздей, сұрағының жауабын ала алмағандары көп. Әкім жыл соңына дейін тағы бір брифинг өткізуге тырысамын деген уәдесімен брифингті аяқтады.

Ал, ORDA алдағы уақытта қаладағы әрбір аудан Тәуелсіздік күні мен мұз қалашық салуға қанша теңге көлемінде тендер өткізгенін анықтап жазады.

Кенже Жомарт

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар