Бірі қабірде, бірі мүгедек: Екі адамды қаққан 21 жастағы жүргізушіге апелляция сот шешімі қандай?
Фото: Orda.kz
Алматы облысында жаяу жүргіншілер өткелінде екі адамды қағып, бірінің қаза табуына, екіншісінің мүгедек болып қалуына себеп болған 21 жастағы жүргізушіге қатысты апелляциялық сот шешімі шықты. Сот бірінші инстанция тағайындаған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды. Алайда жәбірленушілерге төленетін моральдық өтемақы көлемі ұлғайтылды, деп хабарлайды Orda.kz.
Естеріңізге салар болсақ, редакциямызға жол апатынан мүгедек болған азаматтың туыстары хабарласып көмек сұрап, сұхбат берген. Бұл оқиға қоғамда резонанс болып, халық әділ жаза сұраған болатын.
Оқиғаға қысқаша тоқтала кетсек:
Былтыр 29 қазанда Есік қаласының маңындағы Құлжа трассасында болған жол апатынан Қанат Маратұлы қаза тауып, 1997 жылы туған Закир ауыр жарақат алған. Жәбірленушілердің туыстарының айтуынша, оларды жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде 21 жастағы Бейсен Ұлан Айдосұлы басқарған көлік қағып кеткен. Көлік өте жоғары жылдамдықпен келген.
Бұған дейінгі сот отырысында жүргізушіге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Оның қамауда өткізген уақыты есептеліп, жазаның бір бөлігі өтелген.
Жәбірленушілер бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Апелляциялық сот жүргізушіге қатысты негізгі жазаны өзгертпеді. Ал моральдық зиян үшін төленетін өтемақы көлемін қайта қарады. Бұған дейін мүгедек болып қалған Закирдің пайдасына 6 миллион теңге өндірілсе, апелляциядан кейін ол 8 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Қаза тапқан Қанаттың анасына берілетін моральдық өтемақы да көбейді. Бірінші сот белгілеген 8 миллион теңге 10 миллион теңгеге дейін арттырылды.
Алайда марқұмның анасы мен Закирдің туыстары жүргізушіге тағайындалған 2,5 жылдық жазамен әлі де келіспейді.
Бұған дейін Orda.kz тілшісі Есік қаласына барып, жол апатынан кейінгі екі отбасының жағдайын көріп, жәбірленушілердің туыстарымен сөйлескен еді.
Закирдің ағасы Тайырдың айтуынша, оқиға кезінде жүргізуші өте жоғары жылдамдықпен келген. Жолда 40 шақырым/сағат жылдамдықты шектейтін белгі болғанын, ал жолдың жарық әрі жаяу жүргіншілер өткелінің анық көрінетінін айтқан.
«Жүргізуші шамамен 150-200 шақырым/сағат жылдамдықпен келіп, қағып кеткен. Ол жерде 40 шақырым/сағат шектеу белгісі бар, шамамен 200 метр жерде жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан. Барлығы анық көрініп тұр, жол жарық, камералар бар, жаяу жүргіншілер де анық байқалады», — деген еді Тайыр.
Апаттан кейін Закирдің жағдайы өте ауыр болған. Ол ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Туыстарының сөзінше, оның миы қатты зақымданып, қазір өздігінен қалыпты өмір сүре алмайды.
«Балам 1997 жылы туған. Жұмыс істеп жүрген, спортпен айналысқан, футбол ойнайтын, белсенді жігіт еді. Қазір ештеңе есінде жоқ. Біз қолдан келгенше күресіп жатырмыз, бірақ жағдайы нашар. Алдымен реанимацияда жатты, шамамен 27 күн. Кейін екі апта травматология бөлімінде болды. Реанимацияда жатқанда мүлде сөйлей алмады. Жарақаттары өте көп: жауырыны сынған, иығы шыққан, омыртқасына зақым келген. Денесінің бірнеше жері қатты жараланған», — деген еді Закирдің анасы
Ал жол апатынан қаза тапқан Қанаттың анасы Нұржамал Ахметова жалғыз ұлынан айырылған.
«Мен жалғыз ұлымнан айырылдым. Ол 29 қазан күні кезекті кезекшілігіне кеткен болатын. 30 қазан таңғы үште маған суық хабар келді. Оны жол жолағында қағып, 200 метр сүйреп кеткен екен. Ол оқиға орнында қаза тапты. Мен жалғыз қалдым. Ұлымның артында екі қызы қалды. Оларға кім көмектеседі? Кім қамқор болады? Кім әке болады? Мен не істеймін енді? Қалай өмір сүрем? Осы үйде жалғыз өзім қалдым. Өзімнің де денсаулығым жоқ, емделуім керек. Соттың бұл шешімімен қалай күн көрем?», — деген еді марқұмның анасы.
Нұржамал апаның өзі де екінші топтағы мүгедек. Туыстарының айтуынша, оған алда күрделі ота жасалуы керек.
Екі отбасы да соттан жүргізушіге қатаңырақ жаза тағайындауды сұраған. Олардың пікірінше, бір адамның өмірі қиылып, екіншісі өмір бойына мүгедек болып қалған жағдайда 2,5 жыл бас бостандығынан айыру тым жеңіл жаза.
Апелляциялық соттың жаңа шешімімен моральдық өтемақы мөлшері көбейгенімен, жүргізушінің 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылуы өзгеріссіз қалды.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық