Берденовке жасалған қастандық: «Күдіктінің әйеліне тиісті» деген сөз қайдан шықты?

21 сәуір күні кешке Ернар Жиенбай Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті әкімдік ғимаратының жанында күтіп тұрған. «Сайга» қаруынан бес рет оқ атылды да, шенеунікті ота жасайтын бөлімге бір-ақ аттандырды. Оқ атқан адам — бұрындары Берденовтің қол астында болған Ернар Жиенбай. Тергеу болжамына қарасақ, ол жеке кикілжің керісінен осы қылмысқа барған. Алайда, бейресми болжамдар жұрттың ойын сан-саққа жүгіртіп қойды. Жыныстық емеурін, құрылыстағы мафия, қаржы алуды көздегендер... Не себепті әкімнің орынбасары кенеттен «көзге шыққан сүйелге» айналды? Ал әріптестері неліктен ауыздарына құм құйылғандай отыр?
Берденовке жасалған қастандықтың артында не жатқанын Orda.kz саралап көрді.
Алдымен оқиғаның нақты қалай болғанын айтып өтейік.
«Ерлік» үшін ащы суға сылқия тойып келді
Сол күні кешке Ернар Жиенбай әкімдік ғимаратына келіп тоқтады. Оған дейін «ерлік» істеу үшін бір-екі ішімдіктен тартып алғаны бейнебақылау камераларында көрініп тұр. Камера оның көліктің ішінде әкім орынбасарын күтіп отырған сәтін жазып алған.
Руслан Берденов жұмыстан шыққан кезде, Жиенбай көліктен атып шығып, оқ жаудырады. «Сайга-12» маркалы аңшылық мылтығынан бес рет атқан. Бірінен соң бірі атылған оқтан әкім орынбасары сол жерде-ақ жан тапсырар еді. Алайда, Берденовтің жүргізушісі бірден әрекет етіп, көлікті шабуылдаушыға қарай бұрып, қағып түсірген. Осылайша ол басшысын ажалдан аман алып қалды.
Оқиға орнына тез жеткен жедел жәрдем мен полиция келіп жетті. Ұсталған кезде Жиенбай айқайлап:
«Ол менің әйеліме тиісті!», — деген.
Басында біздің редакция бұл мәлімдемені полиция деректеріне сүйене отырып келтірген болатын. Алайда, зардап шеккен шенеуніктің әріптестері бұл сөздерді бірден жоққа шығарды. Мәселен, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмақұлова:
«Ешқандай жыныстық емеурін көрсету туралы айтуға да негіз жоқ», – деп мәлімдеді.
Ал қоғам белсендісі әрі заңгер Айгүл Орынбек Orda.kz редакциясын жалған ақпарат таратты деп айыптады. Бұл мәселеге жайлы тағы айта жатармыз.
Ең бастысы Руслан Берденов аман қалды. Ауруханаға жеткізілген соң, ота төрт сағатқа созылды. Оның өкпесі, бауыры, бүйрегі, диафрагмасы және күре тамырлары зақымданған. Ол тек келесі күні ғана есін жинады.
Прокурордың ерке ұлы
Сонымен соңғы кезде есімі елге танымал болған Ернар Жиенбай деген кім? Жасы 30-да үйленген, екі баланың әкесі. Әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттерден жұптың бақытты екені көрінеді.


Фото әлеуметтік желіде
Ернар Жиенбай Шымкенттегі №50 гимназияда білім алған. Біздің Шымкенттегі тілшіміз оның сыныптастарына хабарласты. Олардың айтуынша, Ернар жасынан агрессияға бейім болған екен.
«Ол отбасындағы ең кенжесі болғандықтан еркелікке тойып өскен. Көп уақытын сабақтан тыс өткізіп, жиі сабақтан қалатын», — деді сыныптастары.
Олардың айтуынша, ұстаздар оның прокурордың ұлы екенін жақсы білген. Бірақ, мектеп басшылығы Ернардың сыныптастарының айтқанынан бөлек, мүлде басқа пікір білдірді.
«Ол 38-ші мектептен бізге ауысып келді. Оның жеке ісін қарадық, оқу үлгерімі жақсы болған», — деді мектеп директоры.
Мектепті бітірген соң, Жиенбай ішкі істер министрлігінің академиясына түседі, бірақ ұзаққа бармай, төбелес пен пышақтасуға қатысқаны үшін оқудан шығарылған.
Шымкенттегі тілшіміз Ернар Жиенбайдың жақын туыстарына, жұбайы мен ата-анасына хабарласуға тырысты. Алайда, жауап болмады. Олар әңгімелесуден бас тартып, пікір білдіруден қашты. Ал олардың үйінің маңында құқық қорғау органдары қызметкерлері кезекшілік атқарып тұр. Шамасы қолында билігі бар біреу отбасының тергеу жүріп жатқанда артық нәрсе айтқанын қаламайтын сияқты.
«Барлық сұрақтарды біздің басшылыққа қойыңыз, біз ештеңе айта алмаймыз. Жаңа ғана осында келдік», — деді полиция қызметкері.
Біз шабуылдаушының шынымен де бұрынғы прокурордың ұлы екенін растайтын ақпарат таптық. Оның әкесі 63 жастағы — Жиенбай Пірәлиев. Ол туралы 2008 жылы «Время» газеті жазған. Пірәлиев Шымкенттегі осы басылымның редакциясына жеке келіп, прокуратураға дереу келу туралы шақыру жібергені белгілі болды. Ол сол кезде «Нұр Отанға» қатысты мақалаға байланысты осылай істеген екен.
Тағы бір қызықты мәліметті интернеттен таптық, онда Пірәлиев бір кездері қаладағы жол құрылысына наразылық білдірген. Ол жөндеу жұмыстарының кесірінен тұрғындар үйлеріне бара алмай қалғанын айтқан.


Фото: әлеуметтік желіден
Ашық деректерге қарағанда, Пірәлиев қазір прокуратурада жұмыс істемейді. Қазіргі уақытта ол — жеке кәсіпкер. Оның атына «MEGA-БЕН СТРОЙ» ЖШС тіркелген. Компания тұрғын емес ғимараттар құрылысымен айналысады. Сондай-ақ, бұрынғы құқық қорғаушы ұлы және басқа туыстарымен бірге «САУАП» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің иесі. Өткен жылы бұл ұйым 16 миллион 300 мың теңге көлемінде салық төлеген.
Айтпақшы, оқ атқан адамның жұбайы да — кәсіпкер. Оның атына жеке кәсіп тіркелген. Кәсіптің қызмет түрі деп білім беру саласы көрсетілген.
Кек алу мақсатында оқ атты ма? Прокуратура не дейді?
Жуырда ғана Ернар Жиенбай «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ін басқарған. Бұл компания қалалық әкімдікке қарайды. Бұрынғы директор Instagram парақшасында белсенді түрде жазба қалдырып, өзін қалалық ортаға өзгеріс енгізуші ретінде көрсетті.
«1 шілдеден бастап мені «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметіне тағайындады. Біздің ұйым қаладағы тозығы жеткен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізумен айналысады. Баршаны қаламызды бірге дамытуға шақырамын!» деп жазған болатын Ернар Жиенбай 2024 жылдың жазында Instagram-да.
Прокуратурадағы дереккөздердің айтуынша, Ернар Жиенбай Руслан Берденовпен болған жанжалдан кейін қызметінен босатылған. Оған дейін әкімнің орынбасары Ернардың жұмысын ашық сынап, жұрт алдында «сыбағасын» берген, кейін жұмыстан босатып, серіктестіктің қызметін тексеретінін ескерткен көрінеді. Тергеу нұсқасына сәйкес, дәл осы жағдай шабуылға себеп болуы мүмкін. Жиенбайдың шенеунікті өлтіруді көздегені болжанып отыр. Күдікті ұсталған кезде жанында 10 оқ болған.
Берденовтің бұл компанияға қызығушылығы да жайдан-жай емес. Серіктестік көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, лифттерді ауыстыру, ғимараттарға техникалық сараптама жасау және инженерлік инфрақұрылым салумен айналысады. Сарапшылардың пікірінше, бұл салада заң бұзушылықтар болуы мүмкін, өйткені дәл осы бағытқа қомақты бюджет қаражаты бөлінді.
Ашық деректерге қарасақ, 2023 жылы құрылыс пен нысандарды қайта жаңғыртуға бюджеттен 1 миллиард 19 миллион теңге бөлінген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш үш еседен аса өсіп, 3 миллиард 469 миллион теңгеге жеткен.
Сондықтан бұл компанияның директоры болуды «жылы орын» деуге болады. Себебі директор қосалқы мердігерлер және мемлекеттік бағдарламалармен кей жағдайда бейресми келісімдермен де тікелей жұмыс істейді.
Осы лауазымды жуырда ғана Ернар Жиенбай атқарған болатын. Біз оның бұрынғы әріптестерімен сөйлестік. Олардың бәрінің экс-басшы туралы пікірі жақсы.
«Ол жаман адам емес еді. Оның тарапынан қандай да бір бұзақылық көрмедік», — деді әкімдікке қарасты компанияның қызметкерлері.
Фото: әлеуметтік желі
Берденовке жасалған қастандықтың құрылыс саласындағы тәртіп орнату әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін екенін оның партияластары да жоққа шығармайды. Кәсіпкер әрі блогер Бейбіт Әлібековтің айтуынша, әкім орынбасарына бұрыннан бері қоққан-лоқы жазылған хабарламалар келген екен.
Ал қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың сөзінше, зардап шеккен шенеунік жұмыс барысындағы кедергілер туралы шағымданған.
«Руслан Берденовпен 2010 жылдан бері таныспын. Оның отбасын да жақсы білемін. Жақында әңгімелескенде Руслан маған мафияның қарап жатпағанын, ал жұмысты дұрыс жолға қою әрекеттері қатты қарсылыққа тап болып жатқанын айтты. Ел арасындағы алып-қашпа сөздерге сенбеулеріңізді сұраймын» деп жазды қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Табысты кәсіпкерден — мемлекеттік қызметке ауысу
39 жастағы Руслан Берденов — бұрынғы мәжіліс депутаты, Respublika партиясының өкілі. Ол қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болған. Мәжілісте жүргенде букмекерлік кеңселерге шектеу қою бастамаларын көтерген.
Саясатқа келгенге дейін кәсіпкерлікпен айналысып, дәріханалар желісі мен азық-түлік компанияларында басшылық қызметтер атқарған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылы 24 ақпанда тағайындалды. Бұл шабуылға дейін бар болғаны екі ай бұрын болған.
Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі саналатын Шымкентте соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелері жиі айтылады. Соңғы уақытта қалада заңсыз салынған құрылыстарды қирату басталған. Алайда, кейбір қоғам белсенділері бұл шараларға қарсы шықты. Осыған мемлекет басшысы да арнайы пікір білдірген болатын.
«Заң алдында бәрі тең. Сондықтан былтырдан бастап заңсыз салынған нысандарды сүру жұмыстары басталды. Мемлекеттік органдардың бұл әрекеттері сынға ұшырап жатыр. Алайда бұдан қорқудың қажеті жоқ, себебі әкімдік заң аясында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, халықпен пікір алмасуды жалғастыру қажет», — деп мәлімдеген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Берденовке жасалған қастандықтан кейін Шымкент билігі екі күн бойы ешқандай мәлімет берген жоқ. Брифинг тек 23 сәуірде өтті. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, олар жағдайды бақылауда ұстаған, бірақ тергеу әлі де жалғасып жатқандықтан, ешқандай пікір білдірмеген.
«Оқиға болған кезде қала әкімі мен біз, оның орынбасарлары, жұмыс орнында болдық. Оқиға туралы естігенімізде, барлығымыз көшеге жүгіріп шықтық, дереу полиция мен жедел жәрдем шақырдық. Қазір шабуылдың себебіне қатысты түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бірақ бізге белгілісі, олардың ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Неліктен бұлай болғанын ешкім білмейді. Мүмкін, адамның психоэмоционалдық жағдайы дұрыс болмаған шығар. Немесе ол психотроптық заттардың әсерінде болған болуы мүмкін. Біз мұның нақты себебін білмейміз. Қазір нақты бір нәрсе айтуға әлі ерте», — деді әкімдік өкілі Сәрсен Кұранбек.
Ал Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков, түсініксіз себептермен, бүгінге дейін болған оқиға туралы жұмған аузын ашып, ләм-мим деген жоқ.
Берденов күдіктінің әйеліне жыныстық емеурін көрсетті деген әңгімеге тоқталайық
Шымкенттің барлық шенеуніктері үнсіз қалды деуге болмас. Мысалы, ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмақұлова Берденовті қорғап сөз сөйлеген еді. Қастандық күні ол жеке өзі оқиға болған адамның жұбайымен сөйлескенін және ол барлық мәліметті жоққа шығарғанын айтқан. Бұл сөзсіз Берденовтің беделін қорғау үшін жасалған әрекет болатын. Бірақ оның сөздерінен кейін қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімсіздік туындады.
Құқық қорғаушы, заңгер және Ұлттық құрылтай мұшесі Айгүл Орынбек бастапқыда Берденовтің күдіктінің әйеліне тиісіпті деген ақпаратты эмоциямен қолдады. Бірақ, ақпарат теріске шығарылған соң, ол журналистерді сынады, соның ішінде Orda.kz-ті айыптады. Оның Facebook парақшасын қысқаша талдап, қарап шықтық. Айгүл Орынбек Берденовті қатты айыптап, оны Қуандық Бишімбаевпен салыстырады, содан соң, кінәні бұқаралық ақпарат құралдарына аудара салды.



Дегенмен, қарулы шабуыл жасауға шешім қабылдаған адам, сын сәтінде, негізі жоқ нәрселерді де айтып жіберуі мүмкін. Оның үстіне, ол мас болды. Сондай-ақ, оның айыптаулары эмоцияға беріліп айтылған болуы мүмкін, өз әрекеттерін ақтау үшін. Әрі оның бұрыннан агрессияға бейім адам екенін жоғарыда жазылды. Оның үстіне оны академиядан төбелестен соң шығарып жіберген.
Полиция адам өлтіруге оқталу, қастандық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Өзінің жағдайын әлі де ауыр деп бағалаған Берденов жан сақтау бөлімінде жатыр, бірақ оны әріптестері мен депутаттар бірнеше рет көріп, оның жағдайы жақсарып келе жатқанын хабарлады. Олар оның есін жиып, сөйлей алатынын және қандай жағдай болса да дәті жетіп тұрғанын баяндап берген еді.
Жаңалықтар
- Жезқазғандағы Медет Исламның ісі бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты
- Ердоғанның қарсыласы Экрем Имамоглу сотталды
- Сот залында айыпталушының анасы өзін-өзі өртемек болды: Адам ағзасын саудалаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды
- Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілдікке алған Машрапбек Баратов 11 жылға сотталды
- Алматыда газ құбыры жарылысынан бір көлік аударылып түсті
- Ақтөбеде парашютпен секірген курсант мерт болды
- Белгілі журналист Әлия Әшім оқырмандардан кешірім сұрады
- Қостанай облысында ер адам әйелі мен енесін өлтіріп кетті
- Амантай қажы бір әйелді баспалдақтан итеріп жіберді
- НЗМ-нің ата-аналары Перизат Қайрат ісінде жәбірленуші ретінде танылды
- Түрікменстанда Сердар Бердімұхамедовке «сұлтан» атағын беру ұсынылды
- Абай облысында қоластындағыларға айырсадақ атқан полиция басшысы орнын босатты
- Жамбыл облысында келінін қорлаған ер адам 10 күнге қамалды
- «Жоғары жалақы, жалған сыйақы»: Өскемен әуежайының бұрынғы басшылығын тергеу аяқталды
- Украинаның премьер-министрі отставкаға кетті
- «Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шезофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
- Жезқазғанда «Шерзат ісіне» ұқсас қылмыстық іс қайта қаралып жатыр
- «Әкімдіктегі жемқорлық»: Ақтөбеде мердігерді қорқытып пара алған шенді әкімді сотқа шақырды
- Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
- «Жетімін жылатпаған қазақ»: Қонаевтағы балалар үйінің жағдайы қалай?