«Баламның балалық шағын жоқ қылды»: Ақтаудағы стоматологиялық емнен кейін 4 жасар бала жағынан айырылды

cover Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Маңғыстау облысында стоматологиялық ем алғаннан кейін денсаулығы күрт нашарлаған 4 жасар балаға Астанада екі рет күрделі ота жасалды. Егіздердің анасы Ақмарал Қалжанова дәрігерлердің салғырттығынан баласының жақ сүйегі зақымданғанын айтып, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. 

Orda.kz редакциясына егіздердің анасы Ақмарал Қалжанова сұхбат берді. Оның айтуынша, оқиға 2026 жылдың 26 ақпанында басталған.

Сол күні ол егіз ұлдары Жанәділ мен Нұрәділді ертіп, Маңғыстау облыстық стоматологиялық емханасына барған. Жанәділдің тісі ауырғандықтан дәрігерге қаралған. Ал екінші баласы Нұрәділ профилактикалық тексеруден өткен.

Тексеру нәтижесінде Жанәділдің  тісін жұлу қажет екені айтылған. Ал Нұрәділдің тұрақты тісін құрт жегені анықталып, ем тағайындалған.  Алдымен оған 309-кабинетте жансыздандыратын екпе салдыру қажеттігі айтылған. Екпені хирург жасаған. Одан кейін олар қайтадан Қасыраев Ернарға барған. Дәрігер емді жалғастырған. Қабылдау соңында екі аптадан кейін осы кабинетке қайта келу керектігін айтып, уақыт көрсетілген талон берген.

«Дәрігер осы тісті әрі қарай өзі емдейтінін айтты. Алайда екі аптадан кейін сол кабинетте оларды басқа дәрігер – Мырзағұлова Махаббат қабылдаған. Электронды базада да, тіркеу журналында да біздің келгеніміз туралы мәлімет болмады. Соған қарамастан ол емді жалғастырды», – дейді Ақмарал Қалжанова.

Сол күні дәрігер баланың тісіне күшәла (мышьяк) салған. Үш күннен кейін қарау кабинетіне келіп, күшәланы алдыруды тапсырған. Тағы екі күннен кейін қайта қабылдауға келу керегін айтқан. Ақмарал Қалжанова дәрігердің барлық нұсқауын орындағанын айтады. Екінші рет қабылдауға олар 19 наурызда барған.

«Ол тағы да сол тісті емдей бастады. Сол кезде балам қатты айқайлап жіберді. Мен дәрігерден: «Күшәла салынған еді ғой, жүйке толық жансыздануы керек емес пе? Неге бала әлі ауырып жатыр?» деп сұрадым», – дейді ол. 

Анасының айтуынша, дәрігер оған ауырсыну әлі бар екенін айтып, кабинеттен шығуды сұраған. Одан кейін қайтадан күшәла салынған. Дәрігер баланы кабинеттен шығарып, 22 наурызда қарау кабинетіне келіп, күшәланы алдыруды, ал 25 наурызда қайта қабылдауға келуді тапсырған. 22 наурыз күні анасы баласының қызыл иегінің ішкі жағы қызарып кеткенін байқаған. Сыртынан да ісік байқалған.

«Мен бұл туралы қарау кабинетінде отырған дәрігерге айттым. Ол әзірге тек тұзды сумен шаюды ұсынды. «Емдеуші дәрігеріңіз келген кезде әрі қарайғы емді тағайындайды» деді. 25 наурызда қайтадан Мырзағұлова Махаббаттың қабылдауына бардық», – дейді Ақмарал

Анасының айтуынша, дәрігер баланың беті мен қызыл иегіндегі ісік басылмайынша емді жалғастырмайтынын айтқан. Сондай-ақ тұзды сумен шаюды және жараны хлоргексидинмен өңдеуді тапсырған.

«Ісік толық кеткеннен кейін қайта келу керегін айтты. Мен үйге қайттым. Баламның аузын үнемі шайып, жарасын өңдеп отырдым. Мышьяк алынғаннан кейін тісте ашық қуыс қалды. Балам тамақ ішкен кезде сол тесікті стерильді мақтамен жауып қоятынмын. Тамақтанып болған соң мақтаны алып, жараны қайта өңдейтінмін», – дейді ол.

Кейін баланың дене қызуы көтеріле бастаған. Бір күні анасы жарасын өңдеп жатқанда, баласының тісі өздігінен түсіп қалған.

«Тіс түбірімен бірге түсті. Қолыма алған кезде өте жағымсыз, адам төзгісіз иіс шықты. Қатты қорқып кеттім. Жара өздігінен жабылып қалар деп үміттендім. Бірақ  бір нәрсенің дұрыс емес екенін ішім сезді. Баламның қызуы да көтеріліп жүрді», – дейді Ақмарал. 

Ол қаладағы жеке стоматологиялық клиникаларға барған. Бірнеше клиникада баласына рентген түсірілген. Кейін дәрігерлердің бірі жағдайды нақты анықтау үшін 3D-сурет жасауды ұсынған. Суретті қарап шыққан хирург анасына:

«Уақыт жоғалтпай басқа қалаға кетуіңіз керек. Баланың жағдайын қатты асқындырып жіберген. Мұнда емдеу мүмкіндігі өте аз. Міндетті түрде операция қажет. Алматыға немесе Астанаға бару керек», – деген. 

Ақмарал Қалжанова 3D-суретті Алматыдағы ауруханаға жіберген.

Ондағы профессорлар суретті қарап:

«Уақыт жоғалтпай, Астанадағы онкология орталығына барыңыз. Әр минутыңыз қымбат», – деп жауап берген.

Осы аралықта анасы Маңғыстау облыстық стоматологиялық емханасының бас дәрігеріне барған. Ол болған жағдайдың бәрін айтып берген.

«Олар баламды қарап шықты. Сол кезде бұл жағдайға өздерінің, нақтырақ айтқанда ем жүргізген дәрігердің кінәсі бар екенін мойындады. Мырзағұлова Махаббат та өз кінәсін мойындады», – дейді анасы. 

Осыдан кейін оған Астанадағы онкология орталығы мен жақ-бет хирургиясы бөліміне жолдама берілген.

19 мамыр күні Ақмарал Қалжанова Астанаға ұшып, онкология орталығына барған. Дәрігерлер тексеруден кейін:

«Бұл онкология емес. Бұл – тістің дұрыс емделмеуінен пайда болған одонтогенді түзіліс. Балалар ауруханасына бару қажет. Егер қабылдаса, шұғыл ота жасау керек», – деген. 

Анасы бірден балалар ауруханасына барған. Оларды жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Жүсіп Ахметұлы Құсайынов қабылдаған. Ол баланы толық тексеріп, компьютерлік томография жасатқан. Кейін бірден ауруханаға жатқызған. Сол күні барлық қажетті талдаулар алынып, отаға дайындық басталған. 20 мамырда балаға күрделі ота жасалған. Операция барысында төменгі жақ сүйегінің зақымданған бөліктері мен сүйек тінінің бір бөлігі алынған. Алайда екі-үш аптадан кейін секвестр қайта пайда болған. 5 маусым күні балаға екінші рет ота жасауға тура келген. Қазіргі уақытта отбасы әлі де Астанада.

Ақмарал Қалжанова Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіріп, тәуелсіз медициналық сараптама тағайындауды және кінәлілерді жауапқа тартуды сұраған. Алайда оның айтуынша, министрліктен дәрігерлерге тек қатаң сөгіс жарияланғаны туралы жауап келген.

Кейін сот-медициналық сараптама жүргізілген.

Сарапшылар Нұрәділдің анасы Ақмарал Қалжанованың өтінішін, стоматологиялық емханадағы медициналық картаны, емдеген дәрігерлер Қасыраев пен Мырзағұлованың жазбаларын, құжаттарын, эпикриздерді және Астана қаласындағы №2 көпсалалы балалар ауруханасының материалдарын зерттеген.

Сараптама қорытындысында ананың шағымы толық негізді деген қорытынды жасалған. Құжатта емдеудің бастапқы кезеңінде қате диагноз қойылғаны көрсетілген. Соның салдарынан дұрыс ем жүргізілмей, тіс аймағындағы одонтогенді патология созылмалы деструктивті одонтогенді остеомиелитке ұласқан. Ауру секвестрлердің пайда болуына, төменгі жақ сүйегінің сол жақ бөлігінің некрозына әкеліп, баланың өмір сапасын күрт төмендеткені жазылған.

Бүгінде анасының айтуынша, баласы бұрынғыдай өмір сүре алмайды.

«Балам балалық шағынан айырылды. Ол бұрынғыдай спортпен айналыса алмайды, жүгіре алмайды, секіре алмайды. Оның өмірі түбегейлі өзгерді», – дейді Ақмарал Қалжанова.

Оның айтуынша, бала әлі күнге дейін тек езілген тағам ғана жейді. Себебі алғашқы ота кезінде төменгі жақ сүйегі қатты зақымданғандықтан, босап тұрған бірнеше тісті де алып тастауға тура келген.

«Мен осы жағдайға кінәлі адамдардың заң алдында жауап бергенін қалаймын. Олардың салғырттығының кесірінен менің балам зардап шегіп отыр. Алда әлі ұзақ ем күтіп тұр», – дейді анасы.

Дәрігерлердің айтуынша, кейін балаға төменгі жақ сүйегіне реконструктивтік операция жасалады. Одан соң импланттар қойылады. Бірақ оларды бала 17–18 жасқа толғанда ғана орнатуға болады.

«Неліктен менің ұлым осынша азап шегуі керек? Мен кінәлілердің Қылмыстық кодекс аясында толық жауапқа тартылғанын қалаймын. Ұлым бастан өткеріп жатқан барлық қасірет осы адамдардың салғырттығының салдары. Сондықтан олардың әрекеті заң алдында жазасыз қалмауы тиіс», – дейді Ақмарал Қалжанова.

Емхана: дәрігерлерге тәртіптік жаза қолданылды, қызмет көрсету сапасы бойынша заң бұзушылық анықталды

Маңғыстау облыстық стоматологиялық емханасы Orda.kz редакциясының сауалына жауап беріп, Нұрәділ Амантайға көрсетілген медициналық көмекке қатысты түсініктеме берді. Медициналық ұйымның мәліметінше, пациент 2026 жылдың 26 ақпанында профилактикалық тексеруден өту үшін келген.

«Дәрігер тексеру барысында 3.6 тістен кариозды қуысты анықтап, тіс пломбаланды. Қайта қабылдауға келу ұсынылды» деап жазылған емхана жауабында.

Алайда келесі қабылдау кезінде пациент басқа дәрігерге түскен. Емхана мәліметінше, 2026 жылдың 12 наурызында 3.6 тіске девитализациялаушы паста салынып, «3.6 тіс пульпиті» диагнозы қойылған. Пациентке уақытша пломбаны 15 наурызда алдыру ұсынылған және 19 наурызға қайта қабылдауға жазылған.

Емхана мәліметінше, 15 наурызда уақытша пломбаны кезекші дәрігер алған. Ал 19 наурыздағы қабылдау кезінде қайтадан девитализациялаушы паста салынған. Кейін оны да кезекші дәрігер алып тастаған.

«Әрі қарай емдеу үшін пациент емдеуші дәрігерге жіберілді. Алайда пациент қайта қабылдауға келмеген»,  деп түсіндірді медициналық ұйым.

Емхана мәліметінше, 2026 жылдың 14 мамырында пациент қайта келген. Сол кезде анасы баланың сәуір айының басында 3.6 тісінің өздігінен түсіп қалғанын айтқан.

«Пациент қосымша қаралды. Төменгі жақ сүйегінің асқынған остеомиелиті анықталып, шұғыл түрде Астана қаласындағы «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығына» жолдама берілді. Алайда пациент өз бетінше №2 қалалық балалар ауруханасына барған», – делінген жауапта.

Медициналық ұйымның мәліметінше, соңғы диагноз анықталғаннан кейін ішкі қызметтік тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша тәуелсіз сараптамалық комиссия (ТСК) ұйымдастырылған.

«Комиссия қорытындысы бойынша дәрігерлер тарабынан медициналық қызметті тиісті деңгейде көрсетпеу фактілері анықталды. Директор бұйрығымен кінәлі дәрігерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға сөгіс жарияланды», деп хабарлады емхана.

Сондай-ақ ТСК қорытындысы жазбаша түрде пациентке танысу үшін берілгені айтылды.

Ақмарал Қалжанова дәрігерлердің жазасын толық алғандығын қалайды. Ақмаралдың айтуынша күні кеше ғана қылмыстық іс қозғалыпты.

Orda.kz редакциясы бұл оқиғаны өз бақылауында ұстайды. 

Оқи отырыңыз:


 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар