«Байден құсап құлап қалмасын»: Невададағы Трамптың әзілі мемге айналды

cover Фото: foxnews.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Невада штатында өткен іс-шара барысында күтпеген әрі көңілді сәттерімен жұрт назарын өзіне аударды. Ресми сипаттағы жиын болғанына қарамастан, сахнада болған шағын оқиға залда отырғандарды күлкіге қарық қылды, деп хабарлайды Orda.kz.       

Іс-шара барысында Лас-Вегас қаласындағы ірі ойын-сауық кешендерінің бірінде өткен оқиғаны шетел БАҚ-тары жарыса жазып жатыр. Президент бұл жолы өз бастамаларын таныстырып, халықпен жүздесу мақсатында келген. Солардың қатарында шайпұлға салынатын салықты алып тастау және балаларға арналған арнайы жинақ шоттарын енгізу бастамалары бар.

Жиын барысында Трамп сахнаға жергілікті отбасы ретінде Сандра мен Брэд есімді ерлі-зайыптыларды шақырды. Балалардың анасы казинода қызмет ететін қарапайым даяшы, әкесі  полиция қызметкері екен. Ерлі-зайыптылар президент бастамаларына алғыс білдіріп, оның саясаты өздеріне нақты қолдау болғанын атап өтті. Олармен бірге сахнаға екі кішкентай баласы да шықты.

Дәл осы сәтте күтпеген жағдай болып, Сандра сөз сөйлеп тұрған кезде, олардың кішкентай баласы сахнадан түсіп кетпек болып, жан-жағына алаңдай бастайды. Мұны байқаған Трамп бірден әрекет етіп, баланың соңынан жүгіріп барып, оны тоқтатады.

«Оның Байден сияқты, сахнадан құлап қалғанын қаламаймын», – деді ол әзілдеп. 

Бұл сөз залдағы жұртты ду күлкіге қарық қылды.

Бұл әзіл бір жағынан саяси ишара болса да, көпшілік оны жеңіл қалжың ретінде қабылдады. Трамптың балалармен еркін қарым-қатынасы мен тосын реакциясы жиынның ресми атмосферасын сәл де болса жібітіп жіберді.

Кейін Сандра президентке баласының да бірдеңе айтқысы келетінін жеткізді. Трамп жылы жымиып, «Иә, тыңдап тұрмын, рахмет» деп жауап берді. Бүлдіршін қысқа ғана бірдеңе деп күбірледі, ал анасы оған жай ғана «Шотым үшін рахмет айт» деп сыбырлап көмектесті. Бұл сәт те көрермендердің көңілін көтеріп, жылы әсер қалдырды.

Жалпы алғанда, бұл кездесу тек саяси мазмұнымен емес, адами, қарапайым сәттерімен де есте қалды. Мұндай оқиғалар саясаткерлердің тек ресми тұлға ғана емес, қарапайым адамдармен байланыс орната алатын жан екенін көрсетеді.

Невададағы осы шағын эпизод әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударды. Бірі мұны сәтті әзіл десе, енді бірі саясаттағы әдеттегі риторика деп бағалады. Қалай болғанда да, сахнадағы бұл көрініс сол күнгі жиынның ең есте қалар сәттерінің біріне айналды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар