Атыраудағы рейдтен кейін не болды: Транзит нөмірлі көліктер дауы қайта ушықты
Бейнеден кадр
22 мамыр кешінде Атырауда түсірілген видеолар әлеуметтік желіде кең таралып, жұрт назарын аударды. Кадрларда ондаған көлік пен полиция қызметкерлері көрінеді. Сол күні кешке қалада танымал әнші Әлемнің концерті өткендіктен, кейбір желі қолданушылары жиналған адамдарды концертпен байланыстырған. Алайда жағдайдың негізгі себебі — полиция жүргізген жаппай тексерістер болды, деп хабарлайды Orda.kz.
Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде ІІМ ұйымдастырған жедел алдын алу шаралары өтіп жатыр. Полицейлер әр өңірге арнайы барып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тексеруде. Мысалы, Ақтөбе облысында жүргізілген осындай рейдтің нәтижесінде бір күннің өзінде 1300-ден астам құқық бұзушылық тіркелгені хабарланған.
Атыраудағы басты мәселе транзит нөмірімен жүретін көліктерге қатысты туындады. Жүргізушілердің айтуынша, тексеріс кезінде полиция қызметкерлері көліктердің құжаттарын, сақтандыру полистерін, дәрі қобдишасын және өрт сөндіргішін тексерген. Әсіресе шетелдік нөмірмен немесе транзиттік тіркеумен жүрген көліктерге ерекше назар аударылған.
Осыдан кейін қаладағы армян, грузин және ресейлік нөмірмен жүретін көлік иелері жаппай наразылық білдіре бастаған. Жергілікті «Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, қала көшелеріне 200-ден астам көлік жиналған. Көпшілік қосымша полиция экипаждарының басқа өңірлерден келуінен кейін тексеріс күшейіп кеткенін айтып, рейдтердің ауқымына қарсы шыққан.
Наразылардың бір бөлігі қаладағы «Атырау» жазуы бар баннер орналасқан негізгі көшелердің біріне жиналып, өз талаптарын айтқысы келген. Кейін полиция департаментінің өкілдері жүргізушілермен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін жиналғандар тараған. Әлеуметтік желіде тараған куәгерлер видеосына қарағанда, рейдке қатысқан полиция қызметкерлері іс-шара аяқталған соң өңірден кеткен.
Даудың негізгі түйіні — транзит нөмірлі көліктерге қатысты талаптарда. Қазақстандағы көлік құралдарын тіркеу ережесінің 24-тармағына сәйкес, транзит нөмірінің жарамдылық мерзімі небәрі 10 күнтізбелік күнмен шектеледі. Мұндай нөмірлер көлікті зауыттан, техникалық қызмет көрсету орталығынан немесе кедендік рәсімдеу орнынан жеткізу үшін ғана беріледі. Яғни транзит нөмірін бірнеше ай бойы пайдалану заңға қайшы саналады. Бұл үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар жүргізушілердің наразылығын тудырған тағы бір мәселе — сақтандыру полисі. Көпшілік транзит нөмірі қысқа мерзімге ғана берілетіндіктен, мұндай көліктерге толық сақтандыру рәсімделмейтінін айтады. Ал рейд кезінде дәл осы құжаттың сұралуы тексеріске қарсылықты күшейткен.
ІІМ мұндай көліктердің жиі жол ережесін бұзатынын да атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, транзит немесе шетелдік нөмірмен жүретін кей көліктер жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау секілді құқық бұзушылықтарға жиі қатысады және көбінде жарамды сақтандыру полисі болмайды. Министрлік мұны жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін қатер деп бағалайды.
Сонымен бірге ІІМ «Жол жүрісі туралы» заңның 65-бабына сілтеме жасап, халықаралық қозғалыстағы көлік деп танылу үшін бірнеше талап сақталуы керек екенін еске салды. Атап айтқанда, көлік Қазақстанда тіркелмеуі, уақытша әкелінуі және оны Қазақстанда ықтиярхаты жоқ шетел азаматы пайдалануы тиіс. Егер көлікті Қазақстан азаматы немесе елде тұруға рұқсаты бар адам жүргізсе, онда ол халықаралық қозғалыстағы көлік болып саналмайды және міндетті түрде Қазақстанда тіркелуі керек.
Заң бойынша мұндай көліктер Қазақстан аумағында бір жылдан артық жүре алмайды. Осы мерзім өткеннен кейін көлік кемінде 30 күнге ел аумағынан шығарылуы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, жүргізуші Әкімшілік кодекстің 590-бабы бойынша тіркелмеген көлікті басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубына жеңіс сыйлады
- Алматыда 26 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалып кетті
- Қонаевтағы сот: Алмасбек Садырбайға қандай айып тағылып отыр?
- Атыраудағы рейдтен кейін не болды: Транзит нөмірлі көліктер дауы қайта ушықты
- ҰБТ сертификатымен Малайзия жоғары оқу орындарына түсуге болады
- Моджтаба Хаменеи бұйрық шығарды: Иран уранын шетелге бермейтін болды
- Қайрат плей-офф басталар алдында бапкерін ауыстырды
- Шетел азаматтығына уәде беріп, жұрттан 900 миллион теңге жинап алған туристік фирманың иесі сотталды
- Әуетаксидің ұшу құны белгілі болды
- Алматы әуежайында мас шетелдік жанжал шығарып, әйнектерді сындырды
- Тоқаев Павлодар облысының әкіміне Екібастұзда жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды
- Алматыдағы Hilton қонақүйіндегі дау: Ішінде 200 турист пен америкалық әскери қызметкерлер болған
- Алматы мектептерінде соңғы қоңырау бірыңғай форматта өтеді
- Президент «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындап, Мақпал Жүнісоваға «Барыс» орденін, Татьяна Бурмистроваға «Отан» орденін берді
- «5 минутта қарсылық жаз»: Заңгер Шекеев пен судья сотта дауласты
- Кісі өлтіріп, зорлық жасағандарға көбіне қандай жаза беріледі?
- Мәжіліс сайлау өткізу ережелерін қатаңдатуға арналған түзетулерді мақұлдады
- Алматыдан Алатауға метромен емес, LRT-мен қатынаймыз
- Базарбек шенеуніктердің бос уәдесін сынады: ҚҚС жойылды, ұшақ билеті арзандады ма?
- «Бізге ешкім ескерткен жоқ»: Hilton дауына байланысты қонақүй өкілдері сот орындаушысымен сөзге келді