«Аттестат алмайсың»: 17 жастағы қыздың өліміне қатысты отбасы мұғалімді айыптады

cover Фото: Әлеуметтік желіден

Алматы облысында 17 жастағы Ясмина 23 сәуірде өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Марқұмның туыстары қыздың өліміне мектептегі мұғалімнің қысымы себеп болуы мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, мұғалім қызды өз ұлымен араласқаны үшін бірнеше ай бойы қорқытып, сыныптастарының көзінше қорлаған, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

Марқұмның анасының әпкесі Рашиданың айтуынша, Ясмина мектепте оқитын бір жігітпен жай ғана телефон арқылы сөйлескен. Алайда жігіттің анасы, сол мектепте география пәнінен сабақ беретін мұғалім, олардың араласуына қарсы болған.

Туыстарының сөзінше, мұғалім ұлына Ясминамен сөйлесуді тоқтатуды талап еткен. Ал ұлы анасын тыңдамай, қызбен қарым-қатынасын жалғастырған.

Осыдан кейін мұғалім қызға қысым жасай бастаған.

«Егер менің ұлыммен араласуды жалғастыратын болсаң, директорға кіремін, саған аттестат бермейтінін айтамын», – деген мұғалім. 

Туыстарының айтуынша, мұғалім қызды сабақ кезінде сыныптастарының көзінше бірнеше рет кемсітіп, қорлаған. Ясмина болса жанжал шығармай, мұғаліммен сөйлесіп, тіпті кешірім сұрауға тырысқан.

«Қолхат жазуға мәжбүрлеген»

Отбасының айтуынша, сәуірде жағдай одан әрі ушыққан.

Мұғалім әлеуметтік желіден Ясмина мен оның сыныптастарының бір реттік электронды темекі қолданып көрген сәтін көріп, видеодан скриншот жасаған. Осы материалды қызға қарсы пайдаланған.

Туыстарының айтуынша, мұғалім ата-анасын мектепке шақырып, оларды сотқа беретінін және арыз жазатынын айтып қорқытқан. Кейін қыздан бүкіл сыныптың алдында оның ұлымен енді араласпайтыны туралы қолхат жазуды талап еткен.

Ясмина алғашқы қолхатты өз бетінше жазған. Алайда мұғалім оның мәтініне қанағаттанбай, таза парақ беріп, қолхатты өзі айтып отырып жаздырған.

«Мен, Ясмина, бұдан былай сіздің ұлыңызбен араласпаймын» деген мазмұнда қолхат жаздырылған. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, қыз осы жағдайдан кейін де мұғалімнен кешірім сұраған. Бірақ мұғалім онымен сөйлесуден бас тартқан.

«Мама, папа, мен сіздерді жақсы көремін»

23 сәуірде Ясмина мектептен шамамен сағат 13:30-да шығып, үйіне сағат 15:00-ге жақын келген. Ол кезде ата-анасы жұмыста, ал сіңлісі волейбол жарысында болған. Туыстарының айтуынша, қыз үйге келген соң ата-анасына қысқа хат қалдырған.

Хатта: «Мама, папа, мен сіздерді жақсы көремін. Менің басқа таңдауым болмады. Мені кешіріңіздер» деп жазылған.

Кейін қыз үйдегі залда өзіне қол жұмсаған. Рашиданың айтуынша, бұған дейінгі соңғы 20-30 минутта Ясмина өзі араласқан жігітпен дауыс хабарламалары арқылы сөйлескен.

Қыз сол хабарламаларда жігіттен неге анасының өзін үнемі қорлайтынын сұраған.

«Сенің анаң неге мені мектепте үнемі буллингке ұшыратады? Мен оған не істедім? Ол менен сенімен араласпауымды сұрады, мен оны тыңдадым ғой. Неге ол мені сыныптың, құрбыларымның алдында үнемі қорлайды?» – деген Ясмина. 

Туысының айтуынша, қыз соңғы хабарламаларында жігіттен анасына қарсы шықпауын сұраған. Сондай-ақ оның көңілін қалдырмай, жақсы оқып, анасын тыңдауын өтінген.

Ясмина өзі де жігіттің анасынан кешірім сұраған.

«Егер мен эмоцияға беріліп, бірдеңе айтып қойсам, сөзіммен ренжітіп алсам, анаңнан кешірім сұраймын», – деген қыз. 

Бұл оның жігітке жіберген соңғы хабарламаларының бірі болған.

«Төрт ай өтті, іс алға жылжымай тұр»

Қайғылы оқиғадан кейін отбасы прокуратураға арыз берген. Туыстарының айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Алайда төрт айға жуық уақыт өтсе де, тергеудің нәтижесі жоқ екенін айтады.

«Сараптама дайын. Дәлелдердің бәрі бар. Бірақ неге екені белгісіз, мұғалімді қамауға алған жоқ, бап бойынша жұмыстан да шығарған жоқ», – дейді Рашида. 

Туыстары мұғалімнің күйеуі бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін естігенін айтып, осының тергеуге ықпалы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Отбасы мұғалімнің қызметін тергеу аяқталғанға дейін уақытша тоқтатуды сұрап, аудандық білім бөліміне екі рет өтініш берген. Олардың айтуынша, екі өтінішке де бас тарту келген.


Білім бөлімі тергеу жүріп жатқанын, құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатқанын және тергеуге қажетті материалдарды беруге дайын екенін айтқан. Бірақ тергеу аяқталмайынша мұғалімді жұмыстан шығару немесе тәртіптік жаза қолдану мүмкін емес екенін түсіндірген.

«Баламызды ешкім қайтармайды»

Рашиданың айтуынша, марқұмның ата-анасы әлі күнге дейін болған жағдайдан айыға алмай отыр. Отбасының кішкентай қызы әпкесінің өлімін көрген. Қазір ол әпкесін іздеп, жылап, оны қайтаруды сұрайды.

«Ол сөйлей алмайды. Бірақ бәрін ыммен көрсетеді. Қалай асылып тұрғанын, қалай жатқанын, оны қалай алып кеткенін көрсетеді. Күн сайын әпкесінің суреті мен видеосын көреді. Әлі де оны іздейді. «Менің әпкем қайда?» деп сұрайды», – дейді Рашида. 

Оның сөзінше, отбасы қазір бұрын тұрған үйіне де кіре алмай кеткен. Туыстарының айтуынша, олар төрт ай бойы тергеу нәтижесін күтумен болған. Енді істің ашық әрі әділ тергелуін талап етіп, БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болған.

Orda.kz редакциясы аталған мектептің, білім бөлімінің және мұғалімнің көзқарасын білуге тырысады. Олардың жауабы жарияланған жағдайда материал толықтырылады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар