Астанада мәслихат шешімі күшіне еніп, көліктерді ақылы эвкуациялау басталды

cover Фото: ЖҚҰО

Астанада көлік құралдарын дұрыс қоймаған және тұраққа қою ережелерін бұзғандардың көліктері жаппай тиеліп, айыппұл тұрағына жөнеліп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.     

2026 жылғы 25 сәуірден бастап Астанада ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау және сақтау ақылы болады. Бұндай шешімді бас қаланың мәслихаты қабылдаған болатын. Осыған орай Алматының әл-Фараби даңғылындағы жарысатын көліктерді «аулау»  рейдтері аяқталып, кезек Астанаға келген сияқты.    

Сонымен, енді Астанада көлік құралдарын дұрыс қоймағандар ақылы эвакуациялау мен тұрақ шығынын өз қалтасынан төлейді. Осыған орай бас қалада рейдт басталып та кетті.

Сәуір айының соңынан бастап Астана қаласында жүргізушілер үшін  жаңа төлемдер енгізіліп, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар қалтасынан қосымша қаражат шығаратыны туралы жазған болатынбыз.    

 

2026 жылғы 25 сәуірден бастап Астанада ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау және сақтау ақылы болады. Дәл осындай шешімді 2026 жылғы 19 наурызда қабылданған қалалық мәслихат қабылдады. 

Астана қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 28 сәуірдегі мәліметінше, бұл жаңашылдық көлік жүктемесін азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы (ЖҚҰО) дерегіне сәйкес, бүгіннен бастап қалада эвакуаторлар жаппай жұмыс істеп, ереже бұзған көліктерді арнайы коммуналдық тұрақтарға жеткізеді. Орталықтың бөлім басшысы Қанат Мәмбетовтің айтуынша, эвакуация адамдар көп жиналатын, тыйым салатын белгілер орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін жерлерде жүргізіледі.

«Біз тұрақ орындары мен жолдың тар бөліктерінде, сондай-ақ тоқтауға және тұраққа тыйым салынған белгілер бар учаскелерде жұмыс істейміз. Мысалы, бүгін бір автокөлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы 3-бөлігі бойынша белгіленбеген жерде тұрғаны үшін эвакуацияланды», – деді Қанат Мәмбетов. 

Оның айтуынша, эвакуация процесі толық цифрландырылған. Арнайы автоматтандырылған жүйелер құқық бұзушылықтарды тіркеп, ақпаратты полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile қосымшасы арқылы хабарлама келеді, содан соң мәліметтер Жедел басқару орталығына беріледі. Эвакуациялау туралы шешім полиция департаменті қызметкері тарапынан цифрлық сервистер арқылы рәсімделеді.

Егер жүргізуші құқық бұзушылықты сол жерде жойса, оған тек әкімшілік шара қолданылады және көлігі орнында қайтарылады.

«Егер жүргізуші көлігін таппай, SMS алмаса, 102 немесе 112 нөміріне хабарласа алады. Оған эвакуация себебі мен әрі қарайғы әрекеттер түсіндіріледі. Көлікті қайтару үшін полиция департаментінің әкімшілік практика бөліміне жүгініп, рұқсат алып, кейін арнайы тұрақтан алып кетуі қажет», – деп нақтылады Қанат Мәмбетов. 

Эвакуация құны – 3 АЕК, ал арнайы тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.

ЖҚҰО директоры Марат Сәдуовтің айтуынша, дұрыс қойылмаған және тұрақ ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50%-ға дейін төмендетіп, бұл кептелістерге және қозғалыстың шектелуіне әкеледі.

Қалада (сырттан келетін көліктерді қоса есептегенде) 600 мыңнан астам автокөлік бар, ал автоматтандырылған жүйелер күн сайын екі мыңнан астам осындай құқық бұзушылықты тіркейді.

Мәслихат шешіміне сәйкес, ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда заңсыз қойылған көліктер ақылы эвакуация арқылы тасымалданады. Мұндай бұзушылықтар қаладағы қозғалыс қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді.

Қазіргі уақытта қалада көлік құралдарын уақытша сақтайтын үш алаң жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Алаш» (701 орын), «Көктал» (803 орын) және «Арғымақ» (1000 орын). Олардың жалпы сыйымдылығы — 2504 көлікке жетеді. Барлық нысандар Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының басқаруына берілген.

Оқи отырыңыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар